Саясат • 12 Қаңтар, 2023

Ел дамуындағы әйелдің рөлі

431 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, оларды елдің қоғамдық-саяси өміріне тарту, гендерлік теңдікке және ауыл қыз-келіншектеріне өз қабілет-қарымын танытуға жағдай жасау. Осы және өзге де өзекті мәселелер «Amanat» партиясының қолдауымен еліміздің барлық өңірінде өткізілген «Ел дамуындағы әйелдердің рөлі» форумында талқыланды.

Ел дамуындағы әйелдің рөлі

Форумға қатысушылар осы мәселелерді шешудің ортақ тәсі­лін әзірлеу үшін заманауи қо­ғамдағы әйелдің рөлін талқылады. Диалогке мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, көп­балалы аналар, бюджет сала­сының қызметкерлері, білім беру саласының өкілдері және тағы басқалар қатысты.

Ақтөбе облысында іс-шара­ға қатысушылар әйелдердің әр­түрлі саладағы белсенділігін арт­тырудың маңыздылығын атап өтті. «Бұрын қазақ қоғамында әйел үй шаруашылығын жүргізіп, бала тәрбиесімен айналысуы керек деп есептелсе, бүгінде қыз-ке­ліншектер жан-жақты дамып, биз­неспен айналыса алады. Саяси реформаларға қатысады. Осы форум – соның жарқын дәлелі», деді Ақтөбе облыстық мәсли­хатындағы «Аmаnаt» депутаты Жұлдыз Қожабекова.

Ақтөбе облыстық Іскер әйел­дер кеңесінің төрағасы Күлпар­шын Айдарханова бүгінде еліміз­дегі кәсіпорындардың 42,3 пайызын әйелдер басқаратынын атап өтті.

«Әйелдер қауымы ел эконо­ми­касының, кәсіпкерліктің дамуына зор үлес қосып келеді. Жуырда осы өңірде «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасын іске қосу жос­парланып отыр. Мұн­дағы мақсат – ауыл кәсіпкер­лерін бір коопе­рацияға біріктіру. Олар өз бизне­сін дамыту үшін «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жылдық мөл­шерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие ала алады. Қазірдің өзінде ірімшік, киізден жасалған бұйым­дар өндірісі жол­ға қойылып жатыр», деді ол.

Қызылордада өткен форумда Мәжіліс депутаты, «Аmаnаt» фракциясының мүшесі Мақпал Тәж­мағамбетова әйелдер барлық салада табысты жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол отбасын нығайту, әл-ауқатын арттыру бойынша мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтып өтті.

Шиелі ауданының кәсіпкері Ләззат Пәрменқұлова ауылдық жерде ауыл шаруашылығын дамыту бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. «Бүгінде мемлекет тарапынан әйелдердің ауылдық жерлерде өз бизнесін дамытуына көмектесетін бірқатар бағдарлама жүзеге асырылуда. Өз ауылымыздағы жағдайға ықпал етіп, оң өзгеріс жасай алатынымызды, ең бастысы жалғыз емес екенімізді сезінеміз», деді ол.

Өскеменде ұйымдастырылған форумда Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева әйелдер қауы­мына әлеуметтік мәселелер ерекше жақын екенін атап өтті. «Елімізде 9,8 млн әйел бар. Қоғам­дағы өзекті мәселелерге қатысты олардың әрқайсысының өзіндік ой-пікірі бары анық. Баланың жағдайын қалай жақсартуға болатынын анадан артық ешкім білмейді. Отбасы мәселесіне де әйелдер көзқарасы ерекше», деді халық қалаулысы.

Кәсіпкер Диана Филлипо­ва­ның айтуынша, қала мен ауылдың қыз-келіншектері жұмыс істеуге дайын. Тек, оларға өз ісін бастауға көмектесу керек.

«Белая сова» деп аталатын бірлестігіміз қолөнермен айна­лы­сатын ондаған қыз-келіншек­тің қарым-қабілетін танытуына кө­мектесті. Олар ағаштан, был­ғарыдан және шыныдан жасал­ған бұйымдарды бояумен айналысады. Сондай-ақ табиғи тастардан зергерлік бұйымдар әзірлейді. Ойыншық тоқумен, сәндік бұйым­дар жасаумен және тағы басқа істермен шұғылданады. Қызығу­шылықтан басталған іс кейін табыс көзіне, бизнеске айналуы мүмкін. Сондықтан әйелдердің кәсіппен айналысуына барынша көмектесеміз», деді ол.

Орал қаласында өткен форумда әйелдердің әлеуметтік-демографиялық прогресті қамта­масыз етудегі рөліне, сондай-ақ әйелдер арасындағы қаржылық сауаттылық мәселелерін шешуге ерекше назар аударылды.

«Жеке балабақша мен дүкен ашу, қонақүй сервисін дамыту ісінде әйелдер қауымы өздерін табысты кәсіпкер ретінде таны­тып келеді. Сондықтан бұл істе әйел­дердің рөлі ерекше деп айтуға толық негіз бар. Бұған қоса, бала тәрбиесі де әдетте осы әйел­дер қауымына жүктеледі. «Отан отбасынан басталады». Сон­дықтан отбасылық құндылық­тарды насихаттау – аса маңызды мәселе», – деп атап өтті партияның Тасқала аудандық филиалы­ның атқарушы хатшысы Люция Жұбанышқалиева.