Қоғам • 13 Қаңтар, 2023

Антқа адал шекарашылар

383 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қаңтар қасіреті бейбіт күннің баға жетпес қадірін түсіндіріп берді. Еліміздің батысында басталған бейбіт шерудің соңы заңсыздыққа жол берген кейбір топтардың қылмыстық әрекетіне ұласты. Ел билігі жиналған жұрттың талабын ескеріп, қалыптасқан жағдайды шешуге тырысқанымен бүліктің алдын алу мүмкін болмады. Өңірлерден тыныштық кетіп, Алматының орталық көшелеріндегі дүмпу қарапайым халық жүрегіне қорқыныш ұялатты. Қала көшелеріне шыққан бүлікшіл топтарға күштік құрылымдар қарсы тұрды.

Антқа адал шекарашылар

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Бүлікшілерге қарсы іс-қимыл басталған тұста ҰҚК Шекара қызметінің жеке құрамы да шетте қалған жоқ. Шекара аймақтарында блокбекеттер орнатылып, суық қарулар мен тоналған техникалар тәркіленді. Қалада берекетсіздік тудырып, әскерлер мен құқық қорғаушылардың жағасына жармасып, погондарын жұл­ғандар, маңызды нысандарды өр­теген есерлердің «жеңістері» көп­ке ұзаған жоқ. Ертеңіне-ақ, мыс­тары басылып, бой тасалауға көш­ті. Өңірлерде антитеррорлық опе­ра­ция басталып, қала шет­тері­не қойылған тосқауылдар бү­лік­шілерді біртіндеп ұстай бастады.

Шекара қызметінен аталған іс-шараға 250-ге тарта әскери қыз­мет­ші жұмылдырылып, блок­бекет­тер мен бақылау-өткізу пост­тарында қызмет атқару кезін­де бүлікке қатысқан 200-ден аса адам құрықталды. Маңызды нысан­дар күзетке алынып, қару-жарақтармен бірге қаншама заттай айғақ тәркіленді.

Ел шетіне тиген жауды бірінші болып қарсы алуға дайын тұратын шекарашылар «Дабылға» да үн қосты. ҰҚК Шекара қызметінің Алма­ты облысы бойынша департа­менті шаһар әкімдігінің ғимара­тын басбұзарлардан қорғау­ға қатысты. Айғайға сүрен қосып, адам өлтіріп, мекемелерді өртеп, дүкен тонағандармен бетпе-бет келді. Бірақ беріспеді. Бет­терін қайтарды. Сын сәтте мін­детін адал атқарған қайсар ше­кара­шылар кейін Президент Жар­лығымен марапатталды.

Бүгін біз солардың қатарында болған шекарашы әріптестеріміз туралы айтуды жөн санадық. Өйткені халық батырларын білуге тиіс.

ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің қызметкері Саян Жұмаділов өткен жылдың 5 қаңтарында қала әкімдігін басып алуға тырыс­қан басбұзарлармен қанды қақ­ты­ғыс кезінде ғимараттың екін­ші қа­батында басынан ауыр жараланған полковник А.Крестининді көріп, шекарашыны құтқаруға барын салады. Ол офицерді қауіпсіз жерге апарып, есін жиғызады. Қалған жаралыларды да сыртқа шығару үшін қақтығыс болып жатқан жерге қайта оралған офицерді белгісіз біреулер басынан темір сүйменмен ұрып, жерге құлатады. Осылайша, бүлікшіл топтың тұтқынына түскен ол есін әкімдікке қарама-қарсы «Хабар» телерадиокешенінде жинайды.

Бүлікші топты ауыр жаралыларды босатуға көндірген Саян басқалармен бірге тоғыз әскери қызметшіні дала­ға алып шығып, жақын маң­дағы көліктердің бірімен шаһарда­ғы жедел меди­циналық көмек көрсететін ауру­ханаға жөнелтеді...

Қаңтардың сол бір қаралы күнінде медицина қызметінің капитаны Келбет Қабылова ауыр жаралыларды алып шығу үшін оқиға орнына төрт мәрте кірген. Мұны көзсіз ерлік емес деп кім айта алады?! Қаралы қаңтар оқи­ға­сы кезінде бүлікшілердің заң­сыз әрекетіне қарамастан өздері­нің антына адалдық таныт­қан дәрігерлер де нағыз ерлік танытқаны баршаға мәлім.

Медицина қызметінің капитаны К.Қабылова бастаған жедел жәрдем қызметкерлері қалалық әкімдіктің аумағына кіріп, жаралыларға алғашқы медициналық көмек көрсетіп ҰҚК Әскери госпиталіне жет­кізген. Осындай жан­кешті қимылының арқасында Кел­бет Қуанышбекқызы 25 әске­ри қыз­метшінің өмірін сақтап қалды.

Ал ҰҚК Шекара қызметі медицина қызметінің аға лейтенанты Мұхит Қаңтарбаев қаңтар оқиғасы кезінде жаралыларды қаладағы аурухана, әскери госпитальдарға жеткізу үшін тыным таппаған. Әскери формада екенін көріп, өзін қоршап алған бүлікшілердің талаптарына көнбей, жаралыларды олардың ханталапайына салуға жол бермейді. Үстіндегі киімін медициналық форма­ға ауыстырған ол жаралыларды госпитальға жеткізу секілді маңызды миссия­сын жалғастырады. Офицердің алғырлығы мен батылдығының арқасында 20-дан астам әскери қызметшінің өмірі аман қалды.

Қаңтар оқиғасында «КамАЗ-43269» брондалған техникасын тізгіндеген ҰҚК Шекара қызметінің аға технигі, аға сержант Талғат Батырбеков әскери қызметшілер мен жаралыларды көшіру секілді жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде нағыз ерліктің үлгісін көрсетті.

«Көктөбе» телемұнарасын қорғау кезінде шекарашылардың қарулы топпен қақтығысқа түс­кенін барша жұрт жақсы біледі. Ару Алматының екі күнде астан-кестенін шығарып, қала халқын үрейде ұстап, бүлік жасаған топтардың басты көздегені – стратегиялық маңызы бар нысандарды басып алу еді. Сондай маңыз­ды нысанның бірі – «Көк­төбе» телемұнарасы бол­ған. Іле Алатауының бөк­терін­де орналасқан мұнара Алматыны ардақтаған әрбір адамның жүрегіне жылу, көзіне қуаныш сыйлайтын мекенге айналғалы қашан!

Алдын ала келіп түскен ақпарат бойынша, бұзақылар мұнараны басып алып, осы жерден жоғары билікке өздерінің талаптарын қоймақшы болған көрінеді. Осы қақтығыста да шекарашылар табандылық пен батылдық таныта білді. Ал Талғат басқарған әскери машина шекарашыларға қарата оқ атқан бес көлікті соғып өтіп, шайқастың соңғы нүктесін қойды. Алайда жауынгерлік тапсырма орындау кезінде батыл шекарашы иығынан жараланады. Бірақ жарақаты мен жан-жақтан төнген қауіп-қатерге қарамастан ол өзіне жүктелген міндетті жалғастырды.

Аға сержант Шухрат Тоқ­тар­баев болса қаңтар қырғыны кезінде ҰҚК Шекара қызметінің жасақталған жеке құрамын Шонжы мен шаһарға дейінгі аралықты кесіп өтіп, Алматы қаласының әкімдігіне жеткізеді. Қанды оқиға кезінде өршіп кеткен жаппай тәртіпсіздік барысында қарулы топ әкімдік ғимаратын басып алған еді. Маңызды нысанды басбұзарлардан қорғау кезінде аға сержант та өз басына төнген қауіп-қатерге қарамастан, оқиға орнынан зардап шеккен және жараланған 75 әскери қызметшіні алып шыққан.

ҰҚК Шекара қызметінің сержанты Ерлан Тілеубергенов шекарашылар сапында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді. Тәуел­сіздігіміз бен ел тағдыры таразыға түскен қауіпті сәтте стра­тегиялық маңызы бар аумақтан табылған ол «Сол күнгі оқиға нағыз оқ пен оттан еш кем емес еді», деп еске алады. Сержант өзі тізгіндеген «УАЗ» көлігімен Республика алаңы мен ҰҚК Әскери госпиталінің арасына жол салып, соның арқасында 40-қа тарта ауыр жарақат алған адамды өлім аузынан аман алып қалды.

Қаңтар трагедиясы кезінде қауіппен бетпе-бет келе жүріп, нағыз ерлік пен батылдық көр­сет­кендердің алдыңғы қата­рын­да шекарашылармен бірге ІІМ-нің Ұлттық ұланы, Қорға­ныс министрлігінің әскери қыз­мет­шілері де болды. Арам ниет­ті адамдар айдап салған бүлік­ші­лермен қақтығыс кезінде жарақат алған 120-ға тарта әскери қызметшінің 80-нен астамы шекарашы. Олардың денін ҰҚК Шекара академиясының курсанттары құрайды. Осының өзінен-ақ «Қасі­ретті қаңтар» кезінде күштік құры­лым қызметкерлерінің қандай сынға тап болғанын, қандай қатерге бас тігіп, антына адалдық танытқанын анық аңғаруға болады.

Саян Жұмаділов, Келбет Қабылова, Мұхит Қаңтарбаев, Талғат Батырбеков, Шухрат Тоқ­тар­баев пен Ерлан Тілеубер­генов – қаңтар қырғыны кезінде қайсарлық көрсеткен алты шекарашы жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде танытқан көзсіз ерліктері үшін Президент Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Алайда алты азамат та өткен жылдың басында ел басына қатер төндірген «Қасіретті қаңтар» туралы айтқанда «Сын сағатта ерлік жасап, көзге түсуді көздеген жоқпыз. Бар болғаны, Отан алдындағы міндетімізді орындадық», дейді.

 

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

журналист