Бұл бейнежазбаны журналист Самал Қабышева өзінің Facebook парақшасында жариялап, кәмелет жасына толмаған қыздардың тәрбиесін сынға алды. Артынша ол бейнежазбадағы жасөспірімдердің парақшаларына шолу жасайды. Онда бойжеткендердің алкогольдік ішімдік ішіп, былапыт сөздер айтқан кадрларын байқайды. Мұны көріп, жағасын ұстаған журналист облыстық білім басқармасы мен ішкі істер органдарына бұзақы қыздарды қатаң жазалау керек деген пікірін білдіреді.
Бұл жазбаның ізін жалғап журналист мектеп оқушылары айнаның алдында ашық-шашық киіммен билеп тұрған видеосын жүктейді. Бейнежазбаны көрген жұртшылық дүр сілкінді. Facebook қолданушысы Ришат Асқарбекұлы қыздардың ағалары, әкелері қайда деп сұрақты төтесінен қойып: «Қызға қырық үйден тыйым» деген қазақ салт-дәстүріндегі тәрбиелік ұғым, ұстаным қайда кеткеніне түсінбей қынжылады. Талдықорғандағы қазақтың өрімдей қыздарының әрекеттері мен ауыздарынан шыққан былапыт сөздері жаға ұстатты. Он бес-он алты жастағы қаракөздердің бір-бірін тепкілегендегі қатыгездігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жетісу жұртшылығы, мына жағдай бүтіндей бір ұлтқа сын. Басқаларға күлкі болдық», дей келе бейнежазбаны жалаулатып жариялай бермей, тез шара қолданып, мәселені жабу керектігін айтады.
Бүкіл әлеуметтік желілерге тарап кеткен бейнежазбаларға қатысты жақында Жетісу облысының білім басқармасы да түсініктеме берді. Бас маман Меруерт Әбдіқалиеваның сөзінше, облыс әкімдігі білім басқармасы, құқық қорғау органдары, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылған.
– Бүгінде білім басқармасы тарапынан жасөспірім қыздардың оқитын білім беру ұйымдарының тәрбие саласындағы жұмыстарын зерделеу, әдістемелік көмек көрсету жұмыстары жүргізілді. Кешкі мектеп, колледж әкімшіліктеріне тәртіптік шаралар қолданылды. 10 қаңтарда бұл жас қыздардың мәселесі аудандық, қалалық әкімдіктер жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау, комиссия отырыстарында қаралып, шешім шығарылады. Бұл жерлерде мұндай мінез-құлықтағы балаларға көп жағдайда өз білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстарды күшейте отырып, қалдыру немесе девианттық мінез-құлықты балаларға арналған арнайы мекемелерге жіберу ұсынысы беріледі, – деді М. Әбдіқалиева.
Ал Жетісу облысының Полиция департаменті өкілдерінің сөзінше, бейнежазба 9 қаңтарда Талдықорғандағы «Самал» шағын ауданындағы пәтерлердің бірінде түсірілген. Оқиғаға қатысты барлық адамның жеке тұлғасы анықталған. Департаменттің мәлімдеуінше, жәбірленуші қыз әжесімен бірге арыз жазудан бас тартқан. Бірақ осыған қарамастан ӘҚБтК-нің 73-1-бабында көзделген «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша іс қозғалған.
– Бұл оқиғаға қатысты кәмелетке толмаған 2007 жылғы үш қыз анықталды. Қыздардың ата-аналарына Әкімшілік кодекстің 127-бабы бойынша 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл – шамамен 69 мың теңге. Тексеріс барысында жалдамалы пәтерде осы қыздарды түсіріп, әлеуметтік желіге салған бойжеткенді де анықтадық. Ол да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұдан басқа жасы кәмелетке толмаған қыздарға пәтерін жалға берген азаматтың да құжаттарын жинап, салық органдарына жібердік. Іс Жетісу облыстық полиция департаменті басшыларының бақылауында тұр, – деді Талдықорған қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Күштібаев.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде жалғыз қызды жабылып ұрған мектеп оқушыларының полиция қызметкерлерімен бірге жүрген бейнежазбасын да жариялаған еді. Оқиғаға қатысы бар қыз әртүрлі ресурстардан полиция қызметі туралы бейнематериалдарды (гарнизондық жиын, полиция автопаркі, таныстарын патрульдік экипажбен жеткізуі мен учаскеде олардан жауап алғандарын және т.б.) «Stories» жасау мақсатында монтаждап, жүктелгенін түсіндіріп әлек болды. Бұған қоса жасөспірім жанжалға тікелей қатыспағанын, тек бейнероликті интернет парақшасына салғанын айтып ақталды. Бұл бейнежазба полиция департаментінің Instagram желісіндегі парақшасында да жарияланған.
Оқиғаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, шаралар қабылданса да, әлеуметтік желі жұртшылығы талқылауын тоқтатар емес. Басым көпшілігі мұндай мәселелердің халықтың алдында кешірім сұраумен жабылатынына қынжылды. Олардың пайымдауынша, «өзге жасөспірімдерге сабақ болу үшін қатыгез жеткіншектерді түрмеге отырғызу керек» деп отыр. Енді бірі ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі босаңсып кеткенін алға тартты.
Көпшіліктің бұл пікірімен танымал психолог Анна Құдиярова да келіседі. Оның пайымдауынша, қыздардың әкесімен де, анасымен де ішкі эмоциялық байланысы өте нашар. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, жасөспірімдердің басым бөлігі ата-анасының арасындағы кикілжіңді санасында жаттап қалады. Бұған қоса мектептегі мұғалімдері ашумен жауап қатса, бала екі ортада дел-сал күйде жүреді», дейді психолог.
– Бұл әр мектепте болып тұратын құбылыс. Керісінше осы оқиға қоғамның тағы бір жарасын ашып көрсетті. Егер әлеуметтік желіні бұлай шулатпаса, ата-аналар, мектеп директорлары, одан қалды психологтер жауапкершілікті бір-біріне артып жүре беретін бе еді, кім білсін? Қыздардың бейнежазбаны интернетке жүктеуі – бейсаналы, саналы түрде ішкі жанайқайы. Бұл – бойжеткендердің ішкі құбылыстарды, өзара дау-дамайды игере алмай жатқанының көрінісі,– деді Орталық Азия психоанализ институтының директоры А.Құдиярова.
Психолог сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы қатыгездіктің осыншалықты насырға шабуына білікті мамандардың жетіспеушілігі түрткі болғанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде Психоанализ институтында 50-ден астам маман бар екен. «Егер құзырлы министрлік қолдау білдірсе, мектеп психологтері мен сынып жетекшілеріне қолдан келгенше көмек қолын созуға дайынбыз. Тіпті оларды тегін үйретуге келісер едік. Ең бастысы, жеткіншектер мәселесінің себеп-салдарымен күресу үшін мұғалімдердің басын біріктіру керек. Осы бағытта арнайы тренингтер өткізіп, мектеп психологтерін даярлайтын болсақ, мұндай сұмдық оқиғалар азаяр еді. Дәл осы оқиғада агрессияға бой беріп, ашуға булыққан үш қыз мектеп психологіне сенсе, көмегіне жүгінсе, мүмкін істің арты осыншалықты насырға шаппас еді. Бір айта кетерлігі, мұндай тренингтер мен семинарларға тек мектеп психологтері емес, ата-аналар да қатысуы қажет. «Бала неге жабырқау?», «Бала неге ашуға бір табан жақын болып тұрады?», «Жеткіншектің жаны нені қалайды?». Алдымен осы сауалдарға жауап іздеу қажет. Қазір ата-аналардың дені жауапкершілікті өзіне алудан қашқақтайды», дейді ол.
Рас, Талдықорғандағы оқушы қыздардың төбелесі қоғамның сыздаған тағы бір жарасын, өткір проблемасын ашып берді. Мұндай жағдайда мәселені тек ата-ана, мектеп пен бала арасындағы қатынаспен шектеуге келмес. Себебі, бала тәрбиесімен айналысатын ұжымды жазалап, салдарымен ғана күресу, мәселенің түп себебін анықтап, олқылықтың орнын толтырып бере алмасы анық.
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»