Аймақтар • 13 Қаңтар, 2023

Таразға табиғаттың тартуы

365 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның қай қиырын да қатал сыншы саналатын қыс қос бүйірден қысып тұр. Екі тәуліктей тоқтаусыз жауған ақ ұлпа қар облыс орталығы Тараз қаласындағы жолдарды басып қалды. Әйткенмен, қала билігі табиғаттың тосын мінезіне сақадай сай екендіктерін көрсетті.

Таразға табиғаттың тартуы

Оңтүстік өңірдің тұрғындары үшін қалың қар дегеніңіз экзотика секілді. Африканы ақ ұлпа басқандай жергілікті халық та бұл күні балаларымен серуенге шықты. Қалың қар – тараздық балдырғандар үшін тамаша тарту. Аққала соққан балалар­дың жүзіндегі шаттық табы алыстан байқалады.

Басқалар қуанып жатқанда қалың қармен «мылтықсыз майданға» шыққан қызметкерлер маңдайдан шүмектеп тер төгіп, көлік қозғалысында мәселе туындамауы үшін аянбай еңбек етті. Қысқасы, жедел іске кіріскен қала әкімдігі жауапты қызметкерлердің ала таңнан қас қарайғанға дейін тонналап қар шығаруын қатаң бақылауда ұстады.

Қала тазалығына жауапты «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі облыс орталығындағы автокөлік және жаяу жүргіншілер жолын сәт сайын тазартып жатыр. Жалқы мақсат – көлік қозғалысында қар кедергі болмауы керек.

Қала билігі келтірген деректерге сүйенсек, көне шаһарды қар құрсауы­нан аршып алуға қабілетті 47 техника бар. Оның 20-сы қар күреуге арналған автокөлік болса, 13-і тұз аралас құм шашатын және 7 қар күреуге арналған автотехника. Сондай-ақ 2 автогрейдер, 7 жаяу жүргіншілер жолын тазалайтын МК-320, 2 МТЗ-82 техникасы, 3 құм, қар тиегіш техника және келісімшарт бо­йынша жалға алынған 1 техника, 1 Зил-130, 2 ГАЗ-53 жүк көліктері, 4 МТЗ-82 тіркемесі, 5 бірлік «КамАЗ» тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеді.

Салаға жауапты мамандардың айтуын­ша, кәсіпорын қорында 295 тонна тұз бар. Одан бөлек 7 мың текше метр құм және 1 мың тонна тұз жеткізілген. Қар тазалау жұмыс­тары­на қызу кіріскен бригадалар тәу­лік бойы ауысыммен жұмыс істеу­ге әзір. Мекемедегі диспетчерлік қыз­мет бар­лық жұмысты назардан тыс қал­дыр­майды. Жалпы, қала бойынша 450 текше метр қар шығарылған.

Өңірдегі облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қар құрсауынан тазарту, күтіп ұстау үшін жалпы 104,8 млн теңге қарастырылған. Жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу үшін 13 мерді­гер жұмылдырылған. Мердігерлер науқандық жұмысқа 141 бірлік жол техникасы мен жабдықтарын, 2 800 тонна құм, 280 тонна тұз әзірлеген.

Мамандардың айтуына қарағанда, 9-10 қаңтар күндері облыстың барлық аумағында қардың қалың түсуіне байланысты облыстық маңызы бар 1 700 шақырым жолды тазарту жұмыстары жүргізіліп, оған 130-дан астам арнайы техника жұмылдырылған және 900 тонна тайғаққа қарсы материалдар себілген.

 

Жамбыл облысы