Іс-шара аясында аймақтық орталық музейде балуанның спорттық жолы мен қоғамға сіңірген еңбегін әйгілейтін көрме ұйымдастырылды. Мекеме басшысы Айшагүл Азаматқызының айтуынша, бұл реткі көрме экспозициясына балуанның әр жылдарда алған жүлделері: медаль, кубок, символдық белгілер, әлем және Олимпиада кілемдерінде белдескен фотосуреттері мен үстіне киген спорттық костюмдері және әр жылдары алған марапаттары (орден, медаль, алғысхат, диплом, т.б.) барлығы 569 заттық жәдігер қойылыпты. Оның сыртында, балуанның өткен жылдардағы спорттық шежіресін танытатын қабырға стендтерге жеткен жетістігі, сіңірген еңбегі жайлы кеңінен жазылып, бұл деректер көпшіліктің көзайымына ұсынылыпты.
Осындағы деректерге көз жүгіртсек, 1954 жылы Бай-Өлке аймағының орталығы Өлгей қалашығында дүниеге келген балуан, 1971-1972 жылдардан бастап моңғол ұлттық күресімен айналысып, жасөспірімдер арасындағы мемлекеттік чемпионатта жүлделі орынға ие болған. Бақыт Однайұлы орта мектепті бітіре салысымен ел астанасы Ұланбатырға аттанып, сонда еркін күрес үйірмесіне қатысады. Бір таңданарлық жағдай, жаттығуға кіріскеніне жыл толмай жатып, қалалық және аймақтық біріншіліктерде үздік өнер көрсетіп, 1974-1975 жылдары Моңғолия жастарының біріншілігінде 2 дүркін чемпион атанады. Осылай еркін күрестен тұсауы кесілген нар қазақ Моңғолияның ересектер арасындағы чемпионаттардан 4 дүркін алтын, 10 дүркін күміс, 4 дүркін қола медальді еншілеп, айды аспанға шығармаса да, ағайынды аузына қаратыпты. Оның сыртында халықаралық Интернационал бәсекесінің 2 дүркін жеңімпазы және 4 рет жүлдегері атанса, «Динамо» спорт қоғамы халықаралық турнирінің 3 дүркін чемпионы болып, 1986 жылы «Ізгі ниет» ойындарында 4-орынға қол жеткізген екен.
«Еркін күрес түрінен мұндай биікке жеткен қазақ аз, заманында әйгілі күш иелері С.Андиев, Касимов (КСРО) Б.Баугартнер (АҚШ), А.Сандурский (Польша), А.Шрейдер (ГДР), И.Болла (Венгрия) сияқты мықтылармен белдесіп, әртүрлі жарыстардан 80-нен астам медаль алған алғашқы қазақ», дейді аймақтық спорт басқармасының бастығы Қайнар Қайсанайұлы.
Бұл жерде балуанның айта кетерлік тағы бір жетістігі – қазақ күресіне қосқан үлесі. Қазіргі таңда балуан аймақтық «Қазақ күресі» федерациясын басқарады. 2006 жылы Бай-Өлке аймағында қазақ күресінен Азия чемпионатын өткізумен қатар, қазақ күресінен өтіп жатқан әлем және құрлықтық біріншіліктер мен Қазақстан Барысы, Әлем Барысы, Еуразия Барысы сияқты жобалардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүр. Бақыт балуанның қазақ күресіне баптаған шәкірттері әлем чемпионатынан 2 күміс, 2 қола және Азия біріншілігінен 6 алтын, 8 күміс, 8 қола медаль еншілеген екен.