Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков
Жалпы, Ақшатоған және Еңбекшіқазақ ауылдарында жүргізілген құрылысқа республикалық қазынадан 240 млн теңге бөлінген. Қос мекеме 2 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Жаңа бір қабатты ФАП ғимаратында 12 кабинет жабдықталған. Онда алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған.
«Ақшатоған ауылында емдеу жұмыстары ыңғайластырылған ғимаратта жүргізіліп келді. Ол өте ескі. Тозығы жеткен ғимарат заманауи санитарлық талаптарға сай келмеді. ФАП құрылысы көп жылдан бері қордаланып келген мәселені шешті. Енді жергілікті тұрғындар сапалы медициналық қызмет ала алады», дейді Көксу ауданының орталық ауруханасының директоры Жаннұр Сырымов.
Фельдшерлік-акушерлік пунктте құралдарды зарарсыздандыруға, анализдерді жинауға және пациенттерді вакциналауға арналған барлық қажетті жабдық бар.
Айта кетейік, биыл Көксу ауданында тағы 3 ФАП және 4 БМК құрылысы жүргізілетін болады.
Ал шағын ғана Шаған ауылында үлкен той. Бұған дейін бастауыш мектептің бір бөлмесін паналаған медпункт енді өз алдына бөлек отау тігіп отыр. Блокты-модульді конструкциядан жылдам тұрғызылған ғимарат медициналық көмек қызметіне лайықталып салынған. Мұнда ем-дом жасайтын және шаруашылық қажеттіліктерге арналған алты бөлме бар. Медпунктте үш адам еңбек етеді.
Ауыл фельдшері Ұлбосын Қуанышбаева жаңа нысанға орныққандарына дән риза:
«Өзі шағын мектептің бір бөлмесінде тығылысып отырдық, әрине, қолайсыз болды. Сонда да ауылдағы 100-ге жуық тұрғынға көрсетілетін медициналық көмекті үзген жоқпыз. Енді жаңа ғимаратқа көштік, мұнда барлық жағдай жасалған. Бұл медициналық қызмет көрсету сапасына да өзінің оң ықпалын тигізетін болады», деді фельдшер.
Ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімі Қанат Есболатов арнайы барып, ауыл тұрғындарымен сөйлесті. Нысанның лентасын қиып, батасын берген ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рысжан Байдәулетов:
«Шаған ауылы үшін бұл ерекше қуаныш. Бас ауырып, балтыр сыздаса, жүгінетіміз осы медпункт. Оның өз алдына бөлек ғимаратқа көшіп, жаңа жерге орнығып жатқанына ризамыз. Барлық құралдарын түгендеп, отыратын орындарын жайластырып, бар жағдайды жасап қойыпсыздар. Ауыл тұрғындарының атынан рақмет айтамын», деді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, медициналық пункттің құрылысын «Qaz Damu Construction» ЖШС өткен жылдың тамыз айының соңында бастаған. Міне, 3-4 ай көлемінде құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, ғимарат іске қосылды. Жобаның құны – 35 млн 840 мың теңгені құрайды.
Жетісу облысы