Саясат • 16 Қаңтар, 2023

Әскерге шақырудың міндеті

335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс ведомствосында 2022 жылы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудың нәтижелері қаралып, осы жылдың негізгі міндеттерін айқындауға арналған кеңес өтті.

Әскерге шақырудың міндеті

Жиынға Бас әскери про­ку­р­атураның, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құра­лым­дардың, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ облыстар мен республикалық маңы­зы бар қалалардың қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің бас­тықтары қатысты.

Қарулы күштер Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Марат Құсайынов жалпы әскерге шақыру міндеттері орындалғанын және ша­қыру науқаны ұйымдасқан түрде өткенін алға тартты. 2022 жы­лы 35 мыңға жуық жас Қарулы күш­тер, Мемлекеттік күзет қызметі, Ше­ка­ра қызметі, Ұлттық ұлан, Төтен­ше жағдайлар министрлігі бөлім­ше­лерінің қатарын толықтырды. Қазір олар әскери істің қыр-сырын үй­реніп, Отан алдында борышын лайықты атқарып жүр.

– Жыл сайын Отан алдында өздерінің конституциялық мін­деттерін орындайтын мыңдаған өрен­дер әскерге шақыру комис­сиялары­нан өтеді. Ал әскери есепке алу үдерістерін цифрландыру, Қор­ғаныс министрлігінің eGov.kz плат­формасы арқылы қыз­мет­тер көр­сетуі шақыру науқаны бары­сында артық бюрократияны, қағаз­бастылықты қысқартуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік берді, – деді генерал-лейтенант Марат Құсайынов.

Өткен жылы Қарулы күштердің қоғамдық ұйымдармен, оның ішін­де жинау пункттері мен әскери бө­лім­дерге бару мүмкіндігі бар өкіл­дермен, сарбаздар аналарының коми­те­тімен өзара іс-қимыл жолға қойыл­ғаны атап өтілді. Бұл сарбаз­дардың туыстары мен жақын­дарына, олардың әскерге шақы­ры­луынан бастап, әскери ұжым­дарда ереже мен тәртіптің бар екен­дігіне жеке көз жеткізуге, сондай-ақ Қа­зақ­стан әскерінің ахуалы жайлы теріс болжамдар мен деструктивті қауе­сет­тердің алдын алуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ жиында әскерге ша­қыруды ұйымдастырудың өзекті мә­селелері талқыланды. Жетілдіруді жә­не бірлескен жүйелі жұмысты қа­­жет ететін аспектілерге ерекше на­зар аударылмақ. Атап айтқанда, бұл әс­керге шақырылушылардың ден­­сау­лығын оларды спорттық және әс­кери-патриоттық қызметке тарту ар­қылы мектеп кезінен бастап нығайту.

Бұдан бөлек кеңес барысында Қорғаныс министрлігі Прези­дент тапсырмасына сәйкес жас­тар ара­сында әскери борышын өтеу­ге ын­тасын арттыру шараларын қабыл­дағанын атап өтті. Осы­лайша, Қорғаныс министрі 40-тан астам жоғары оқу орнының ректор­ларымен келісім жасасты. Олар 2023 жылдан бастап мерзімді әскери қыз­мет өткергендерге ҰБТ нәтиже­лерін есепке алмай, оқуға түсу құ­қығын беруге, ал қызмет барысында ерекше көзге түскендерге оқу орны есебінен гранттар беруге дайын.