Кейбір деректерде Тоқтамыс ханды 1342 жылы туып, 1406 жылы Түмен даласында Едігемен шайқаста қаза тапқан делінеді. «Әкесі Орыс ханның қолынан қазақ тапқан соң, 1376 жылы Тоқтамыс Мәуреннахр билеушісі Әмір Темірге қашып барып, 1378-1379 жылдары осы кісінің көмегімен Сығанақты жаулап алады да, Ақ Ордаға билік жүргізген», дейді жазушы І.Есенберлин. Келесі 1380 жылы Мамай «Күлік шайқасында» орыс князі Дмитрийден жеңілген тұста Алтын Орда тағына отырып, 1380-1398 жылдары билік жүргізеді. Осы тұста ақша реформасын жасап, өз атымен соғылған алтын-күміс теңгелерді айналымға түсірген.
Мына бір алтын теңге – Тоқтамыс ханнан қалған мұра. Ресейлік теңгетанушы Р.Сагдееваның пайымынша, бұл теңге хижраның 787 жылы (1392 жыл) Сарай әл-Жедидте (Сарай Берке қаласы) соғылған. Теңгенің бетіне: «Тоқтамыс хан. Билігі ұзақ болсын!» деген сөздер араб әрпімен жазылған. Теңгенің салмағы – 1,40 грамм. Диаметрі – 15-16 мм.