Кім қанша төлейді?
Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін – жалақының 3% мөлшерінде төлейді. Алайда салық салынатын табыс 10 АЕК-тен (700 мың теңгеден) аспауы керек, яғни жұмыс берушінің ақша аударымының ең жоғары сомасы 21 мың теңгені құрайды.
Қызметкерлер және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер табысының 2%-ын төлейді. Бұл жерде салық салу объектісі 10 ЕТЖ-дан аспайды, ақша аударымының ең жоғары сомасы 14 мың теңгені құрайды.
Жеке кәсіпкерлер – ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы немесе 4 900 теңге төлейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (БЖТ төлеушілер):
– республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін БЖТ көлемі 1 АЕК құрайды, яғни 3 450 теңге;
– қалған елді мекендердің тұрғындары үшін БЖТ көлемі 0,5 АЕК құрайды, яғни 1 725 теңге.
Дербес төлеушілер – 1 ЕТЖ-ның 5%-ын немесе 3 500 теңге аударады.
Сондай-ақ 2023 жылдан бастап арнайы салық режімдерін қолданатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бірыңғай төлем енгізілді. Осы әдіс бойынша барлық міндетті төлемдердің мөлшері жұмыс берушілер үшін 15%-ын, ал қызметкерлер үшін бірыңғай төлем мөлшерлемесінің 10%-ын құрайды. Бұл ретте төлем есептелетін ең жоғары айлық табыс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Бұдан бөлек, мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін төлем жасауды жалғастырады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеңілдік санатындағы әр адамға жарна мөлшері 4 505,6 теңгені құрайды.
Еске сала кетелік, сақтандырылмаған азаматтар МӘМС жүйесінің қатысушысы болу үшін ыңғайлы әрі тиімді тәсіл – дербес төлеуші ретінде алдын ала 12 айға жарна төлеуіне болады. Мысалы, 2023 жылдың қаңтарынан бастап сақтандыру мәртебесін алу үшін 2023 жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейінгі әр айға жеке-жеке 3 500 теңгеден төлем жасау керек.
Есептеу тәртібі
Көбіне мынадай сұрақ туындайды: егер қызметкер екі жерде жұмыс істесе, оның жарналары мен аударымдары қалай есептеледі – шекті жоғары мөлшерді қолдана отырып, жалпы кірістен немесе олардың әрқайсысынан түсетін табысты жеке-жеке есептеу керек пе?
Мысалмен түсіндірейік. Қызметкердің бір ұйымдағы жалақысы 500 мың теңге, ал екіншісінде 300 мың теңге делік. МӘМС туралы заңға сәйкес, жарналар мен аударымдарды есептеу үшін ай сайынғы табыс 10 АЕК-тен аспауға тиіс. (10 x 70 мың = 700 мың теңге).
Бұл ретте аударымдарды есептеу үшін осы шек әрбір жұмыс беруші бойынша жеке қолданылады (яғни бір жұмыс орнындағы шекті табыс). Қарастырылып отырған мысалда бірінші және екінші ұйымдағы қызметкердің жалақысын жеке-жеке есептегенде 10 АЕК-тен аспайды: 500 мың теңге < 700 мың теңге; 300 мың теңге < 700 мың теңге. Демек аударымдар жалақының толық мөлшеріне сәйкес есептеледі: 500 мың теңге x 3% = 15 мың теңге (бірінші жұмыс орнынан МӘМС-ке аударымдар); 300 мың теңге x 3% = 9 мың теңге (екінші жұмыс орнынан МӘМС-ке аударымдар).
Ал жарналарды есептеу үшін қызметкердің бір айдағы барлық кірістерін қосу керек (яғни жалпы барлық жұмыс берушілер бойынша). Қарастырылып отырған мысалда қызметкердің екі жұмыс орнынан түскен жалпы табысы 10 АЕК-тен асып кетеді (500 мың + 300 мың = 800 мың теңге). Демек жарналардың мөлшері, жалпы алғанда, 14 мың теңгеден аспауға тиіс. Сонымен 500 мың x 2% = 10 мың теңге (бірінші жұмыс орнынан МӘМС жарнасы). Ал екінші жұмыс орнынан МӘМС жарнасы: ең жоғары рұқсат етілген жарна 14 мың теңгені құрайды – 10 мың (бірінші жұмыс орнынан ұсталған жарна) = 4 мың теңге. Екінші жұмыс беруші жарна мөлшерін дұрыс есептеуі үшін қызметкер оған аударылған жарналар туралы бірінші жұмыс орнынан анықтама апаруы керек. Бұл анықтама берілмеген жағдайда, екінші жұмыс беруші жарнаны толық көлемде төлейді, яғни 300 мың x 2% = 6 мың теңге. Нәтижесінде, екі жұмыс орнынан төленген жарналар 16 мың теңгені құрайды. Алайда артық төленген қаражат (рұқсат етілген ең жоғары жарна мөлшерінен артығы) қайтарылады: 16 мың – 14 мың = 2 мың теңге.