Қысқы спорт • 17 Қаңтар, 2023

Қоржынымызда – тағы бір алтын

309 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан ХХХ қысқы Универсиаданың кезекті күнінде Қазақстанның студент спортшылары тағы бір алтын медаль жеңіп алды. Бұл жолы шаңғымен тұғырдан секіру бәсекесінде Данил Васильев үздік нәтиже көрсетіп, алтын тұғырдан қол бұлғады.

Қоржынымызда – тағы бір алтын

19 жастағы Қазақстан спорт­шысы кіші трамплиннен се­кірудің (К-90) алғашқы жат­тығуында 257.3 ұпай жинап, бірін­ші бағдарламаны екінші орын­мен аяқтады. Бұл сында жер­лесімізден небәрі 2,3 ұпай көп олжалаған аустриялық Мак­си­милиан Линер бірінші болды. Фи­налдағы екінші жаттығуын айна-қатесіз орындап, төрешілер тарапынан ең жоғары ұпайға ие болған Данил Васильев 130.1 ұпаймен 2023 жылғы қысқы Универсиаданың жеңімпазы атанды. Күміс жүлде екінші жаттығуда 119.0 ұпай жинаған аус­триялық атлет Максимилиан Линердің еншісінде кетсе, қола жүлде тағы бір аустриялық спорт­шы Паскаль Кахоферге бұйыр­ды. Ол бірінші жаттығуда – 126.2, екінші жаттығуда 122.6 ұпай жинады.

Шаңғымен тұғырдан секі­ру жарысының финалында Да­нил Васильевтен бөлек, Қазақ­станның тағы үш спортшысы бас жүлде үшін сынға түсті. Қыс­қы Олимпия ойындарының қа­тысу­шысы, ел біріншілігінің же­ңімпазы Сергей Ткаченко жарыс­ты 7-орынмен аяқтаса, Ники­та Девяткин 9-шы, Свя­тослав Назаренко 21-ші, Мағ­жан Аман­гелдіұлы 22-сатыдан көрінді.

Сондай-ақ кеше мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров қола жүлдеге қол созым қалған жер­де сүрінді. Былтыр Эстония аста­насы Таллинде өткен жас­өспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміспен күптелген жерлесіміз қысқа бағдарламада 6-шы, ал еркін бағдарламада 3-ші нәтиже көрсетіп, қоссайыста жалпы 231,08 ұпай жинады. Бірақ отандасымыздың қола жүлдені мойнына тағуына небәрі 0,25 ұпай жетпей қалды. Мәнерлеп сырғанаудың алтыны мен күмісін жапониялық спортшылар иеленді. Бас жүл­дені екі бағдарламада 274.86 ұпай жинаған 2016 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Сота Ямамото жеңіп алса, күміс медальді былтырғы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Тацуя Цубои (243.82 ұпай) олжалады. Ал қола жүлде италиялық мәнерлеп сырғанаушы Николай Мемолаға (231.33) бұйырды. Ми­хаил Шайдоров 231.08 ұпаймен үздік төрттіктің қатарынан кө­рінді. Тағы бір жерлесіміз Диас Жи­ренбаев 196.41 ұпаймен 11-орынға табан тіреді. Жалпы, мә­­нер­­леп сырғанаудан ерлер ара­­сын­дағы жарысқа 19 елдің 31 спорт­шысы қатысты.

Сонымен қатар шайбалы хоккейден Қазақстанның студенттер құрамасы қатарынан төр­тінші матчта жеңіске же­тіп, мерзімінен бұрын плей-офф кезеңіне жолдама алды. Жерлестеріміз бұл турда тур­нир кестесінде екінші орында тұр­ған Словакия хоккейшілерін 4:0 есебімен сан соқтырды. Қа­зақ­­стан құрамасы сапынан Мак­сим Мухаметов (8-минут), Ста­­ни­слав Александров (10), Батырлан Мұ­ратов (20) және Олег Бойко (29) мер­гендігімен көзге түсті. Словакия құ­рамасы бұған дейін Мажарстанды – 4:0, Ұлыбританияны – 14:0, АҚШ-ты 5:2 есебімен жеңген еді. Енді Қазақстан студенттер құра­масы бүгін турнир кесте­сінде үшін­ші орында тұрған АҚШ хок­кей­шіле­рімен кездеседі.

Шайбалы хоккейден Қазақ­стан студенттер құра­масы әр жыл­­дардағы қысқы Универ­сиа­да­ларда сәтті өнер көрсетіп келе­ді. Мәселен, жерлестеріміз 1995 жылы Испанияның Хака қала­сындағы дүбірлі додада чемпион атанса, 1993, 2013, 2015, 2017 жылдары финалда сүрініп, күміс жүлде еншіледі. Ал 2007 жы­лы қола жүлдені қанағат тұт­қан болатын.

Универсиаданың бесінші жарыс күнінен кейін жалпы­командалық есепте әдеттегідей Жапония спортшылары көш бас­тап тұр. Күншығыс елінің өкілдері бүгінге дейін 9 алтын, 6 күміс, 2 қола медаль олжалап үлгерді. Екінші орындағы Фран­ция құрамасының еншісінде 2 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль бар. Үшінші орынды 2 алтын, 1 күміс және 1 қоламен Чехия спортшылары түйіндеп тұр. Ал Қазақстан 2 алтын медальмен жалпы есепте 6-орынға көтерілді.

Қысқы Универсиада бәсе­ке­лері 22 қаңтарға дейін жалға­сады.