Әдебиет • 17 Қаңтар, 2023

Қызыл алма – ақ махаббат

919 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бәрімізге сүйікті жазушы Шыңғыс Айтматовтың бір кейіпкері – Исабеков секілді біз де бұл жазуды неден, қалай бастарымызды білмей ұзақ толғандық. Дүниенің азабы екен, қағаз бетін қызыл сөзге айналдыру бір сәрі, жазда жауған ақ жауындай жып-жылы сезімді, жо-жоқ, ынтыққан ыстық сезімді жеткізу қандай қиын. Бәлки, «Қызыл алманы» бірінші рет оқып, алғашқы әсермен тамсанып отырсақ, жөн екен дерсіз. Қырық бес рет парақтап, әр оқыған са­йын ішің жылып, көңілің толқыса да қағазға бір тәуір сөз түсіре алмау – неткен сұмдық. Бар жан-тәніңді еліткен шығармадан бір үзік сыр айта алмай, осыншалық тұралайтын бұл қаламға да кейде күмәнданасың.

Қызыл алма – ақ махаббат

Азияның алақандай айылында туып, кішкентай ұлттан шық­қан таудай жазушы туралы осы уақыт­қа дейін мың-мил­лион сөз айтылды. Егер әр қаламгерді бір пла­­нета деп алсақ, Айтматовтың аспан әлемі қызыл алма типтес болар ма еді. Ол алма­ның іші арпалысқан, сағы­ныс­қан, бұлқынған, ұялған сезімдерге толы. Иә, автор шы­ғармашылығында сонау жыл­дардың ыстық-суығы аралас естеліктерін жинаған сол қызыл алма. Ғашық – қызыл алма. Куәгер – қызыл алма. Кінәлі – қызыл алма. Ақырында кеудедегі бар жалынды құшып, жоғалған қызыл алма.

«Қызыл алма» – жазушының 1964 жылы жазылған лирикалық әңгімесі. Шағын шығарманың өн бойында аса бір тра­гедия жоқ сияқты көрінеді. Отба­сылық кикіл­жің, екі адамның арасындағы түсініс­пеушілік, содан туған суықтық қоңыр мұң­ның ырғағымен баяу ғана іштей өріледі. Отбасылық кикілжің бол­ғанда да, әйелі­нің көзіне Исабеков өз махаббатынан ұяла­тындай көрінеді. Мәселен, иіліп Сәбираның бауын байла­ғысы кел­мейді. Ал әйелі сөйтіп жүрген жұрттың күйеуіне қызығады. Оның өзіне деген назары самарқау екені­не шамданады. Әйелін әрқашан еркелетіп отыратын – Исабеков емес. Ол да өз принципіне берік: Сәбираға артық-ауыс жақсы сөз айтуды, әрекет етуді олқы санайды. Әйт­песе жақсы көрмейді деймісіз?..

«Исабеков жұрт көзіне өзі емес, әйелі көбірек түскенін ұнатады. Сонда оған өзге­мен бірге өзі де сүй­сініп, тала­­са көз тас­тайды: оның әйелге тән орынды ұяң­ды­ғын, ибалылығын, сыпайы­лы­ғын түй­сінеді. Әсіресе оның қи­мыл-қозға­лысы, жүріс-тұрысы әде­мі, өзге әйел­дерден ерекше, бөлек. Түзу аяғына біз өкше туфли жарасады, соны кисе, кәдім­гідей жасара түседі. Кейде ол ғылым канди­даты ма, докторы ма, ылғи бір зиялы­лар ортасында ұршықтай үйіріле би билейді; жұрт құмарта, қызыға қарайды; сонда оның өзі де әдеттен тыс құбылып, қыз күнін­дегідей түрленіп, бал-бұл жанып кетеді. О, Исабеков үшін бұдан рақат минут жоқ».

Ұзақ жылдарға жалғасқан бұл қарым-қатынас шиеленісе келіп, айырылысуға таяғанда Исабеков не істей алады? Көңіл суыған, керуен көшкен. Жеті түнде хатқа не жазарын білмей, дағдарып отыр. Іштегі ақталу мен мойындаудан енді пайда бар ма? Өткен уақыттың өкінішін айтып түсіндіру де бір мехнат. Исабековтің қолын­да болған мүмкіндіктері дәл сол сәтте сағымға айналып бара жатты. Оған қоса қызы Анардың алдағы тағдыры да жүрегін шымшылайды. Өткінші өмір­дің еңсеңді басар ауыр сәттерінде шара­сыздықтан басқа ұрынар қара жоқтай.

Ғайыптан тайып Исабеков­тің есіне сонау ескі жылдардың түу тереңінде қалған қызыл алмасы түседі. Қоңыр дала – қоңыр күзде қызы тауып алған қызыл алманы көргенде жан дүниесі толқындай тулады келіп. Бір жылы күзде қы­зыл-нарттанған алманы газетке орап, оған ынтық жүрегі мен ақ махаббатын қоса орап, сол қыз­дың соңынан талай күн тентіреп еді-ау. Сол сұлу үшін қаланың о шеті мен бұ шетіне жаяу сенделеді: жолай саябақта ырғалып билеген жастарға қарап, бұл да әлгі бейтаныс қызбен ойша билейді. Тіпті ойша сөйлеседі.

«– Мен кітапханаға сіз үшін ғана келем, соны білесіз бе?

– Білем. Ылғи көрем, мені күтіп жүресіз.

– Күні-түні сізді ойлаймын: лекцияда да, асханада да, жатақханада да – есіл-дертім тек сіз. Кинода отыр­сам, көз алдымда экран емес, көңілімде сіз тұрасыз. Мен үшін бұл жалғанда сізді ойлаудан артық рақат жоқ қой. Шіркін-ай, тек соны сіз сезер ме едіңіз?..

– Неге сезбейін, сезем. Кей-кейде мен де сізді ойлап отырам. Жалғыз-ақ, маған неге жақындап келіп, тілдеспейсіз?

– Мен үшін сізге жақындамай, тіл қатпай, алыстан үнсіз қа­рап отыру­дың өзі рақат. Егер кітапха­на да таң ат­қанша отырсаңыз, мен де таң атқан­ша қараудан жалықпас едім».

Исабековтің ойында бәрі жақ­сы, бәрі әдемі. Ал өмірде қызыл алмасын құшақ­тап, көлеңкеге ұқсап жүргені сол. Күнде қас қарай­ғанша кітапханада отырады, не бір парақтаған кітабы жоқ. Есіл-дерті бейтаныс қыз. Қызыл алмасын беремін дегенше, өз жанын өзі қинап жүрген мүсәпір сынды. Ғашық адам мүсәпір емей кім бірақ?..

Ол мына жарық дүниедегі бар жақсылық, игілік, әсемдік атаулыны бейтаныс махаббатына тіледі. Тіпті бір ғажайыппен көзіне түс­кен қызыл алманы алғаш қолына ұстағанда да сол қызды ойлады – өзіне де, өзгеге де қимай, тығып жүріп ақ-адал сезімін арнаған адам­ға бергісі келді. Сабақта отырып, бөлмесіндегі алманы ешкім алып қойған жоқ па деп шошып отыратын. Түнгі жұмысы да – қызыл алмасын күзету. Өзіңнің осы өмірде бар екендігіңнен, бір қалада өмір сүретіндігіңнен мүлдем бейхабар жанды қалайша осыншалықты сүю­ге болады? Бұл махаббаттың қай деңгейі?

Неше күн бойы Исабековтің жү­регі­мен бірге соққан, бірге тол­қыған қызыл алма ең соңында еш­кімге бұйырған жоқ. Бейтаныс қыз бөтен адамның қолын­дағы алма­ны көргенде шоршып түсті. Ақ сезімнің куәсі болған қызыл алма қара түнді қақ жарып, ұшып бара жатты. Қызыл алмамен бірге Иса­бековтің кіршіксіз көңілі, пәк махаббаты, бар арманы мен аңсары қоса ұшты.

Енді, міне, араға талай жыл салып, күзгі бақтан қызы тауып алған қы­зыл алма жоғалған іңкәрлігін қайта әкел­ген­дей келіп тұр.