Кино • 17 Қаңтар, 2023

Қаржылық қолдау артып келеді

263 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кино сәнді трендке айнала бастағалы аталған саладағы баяу қозғалатын тетіктерге жан бітіп, бар қуатымен қызметіне кірісуді мұрат тұтқан белсенділігі байқалады. Кинематографтың өркендеп, әрі қарай дамуы үшін тетіктердің серпінді жұмыс істеуі қажет те.

Қаржылық қолдау артып келеді

фы

Өз тарихы мен мәдениетін, құнды­лығын көрсетуге жанталасып жатқан жаһандық бәсекеде әрбір жаңашыл шығар­машылық идеяны қолдау, кино ісіне инновациялық жобаларды ен­гізу, нәтижесінде жұрт қызығып көре­тін фильмді жарыққа шығару мұра­ты маңызды екені сөзсіз. Отан­дық киноның осалдығы, оның басын­дағы күрмеулі мәселелер өмір бойы тал­қыланып келе жатыр. Жыл сайын режис­серлердің қалың шоғыры әзірленеді, фильмдер жарыса жарыққа шығады. Дегенмен көптің арасында көңілге үміт ұялатар жылтыраған сәулесінің де бар екенін Ұлттық киноны қолдау орталығының жетек­шілері жариялады.

Өткен жылы көптеген отандық кинокомпаниялар мемлекеттік қаржылық қолдауға ие болып қана қоймай, жаңа, жас кинематографистер есімінің танылуына өз тарапынан қозғау жасады. Әрине, кез келген жұмыстың нәтижесі статистикамен айқындалатын бүгінгі кезеңде кино ісінің төңірегінде тынымсыз атқарылып жатқан шаруаны шотқа салып, есеп-қисабын шығаратын болсақ, көңіл тоғайтатын көрініске тап боламыз.

2022 жылы конкурстық іріктеуге сәйкес 62 киножоба мемлекеттің қаржы­лық қолдауына ие болған. Жыл қоры­тындысы бойынша Қазақстаннан ұсы­нылған фильмдер халықаралық кино­фестивальдердің 30-дан аса жүлдесін же­ңіп алды. 13 шет мемлекетте Қазақ­станның кино күндері сәтті өтті – отан­дық картиналарға Прага мен Париж, Сеул мен Мадрид, Берлин мен Бур­са, Ташкент пен Баку көрермендері қоше­мет көрсетті. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген 12 картина прокатқа шықты.

ҰКҚМО Басқарма төрағасының орын­басары Бауыржан Шөкеновтің айтуынша, 2022 жылы Қазақстанның прокат нарығы 20 млрд теңгенің дең­гейіне жетті, бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштерге жақын. Салыстырмалы мысалға жүгінетін болсақ, 2010 жылдары шамамен 9 млн билет сатылатын болса, өткен жылы 15 млн билет сатылған, орташа билет бағасы – 1300 тең­генің төңірегінде, бұл, негізінен, онша қымбат емес.

«Ең қызығы, осы 20 млрд-тың ­40 па­йызын, яғни 8 млрд-қа жуығын отан­дық фильмдер жинаған. Биыл про­кат­қа шыққан 450 фильмнің 64-і отандық. Бұл фильмдердің жалпы санының 14%-ы және олар бізге пайданың 40%-ын берді. Бұл орасан зор көрсеткіш», – ­деп атап өтті ол.

ҰКҚМО қолдауымен түсірілген фильм­­дердің ішінде абсолютті рекорд­тық көрсеткіш «Дос-Мұқасан» фильмі­не тиесілі. Аты аңызға айналған музыка­лық топтың тарихын баяндайтын фильм ­прокаттан 503 млн теңге қаражат жинады. Бұл – талантты жас режиссер Айдын Сахаманның дебюттік жұмысы.

Бүгінде отандық киноиндустрияда жас кинематографистердің белсенді жұмысы байқалады. 2020-2021 жылдары жас кинематографистер мемлекет­тің қолдауымен 33 киножобаны, оның ішінде 14 көркем, 7 дебюттік, 10 қысқа­метражды және 2 деректі фильмді жа­рыққа шығарды. Ал 2022 жылы мем­лекеттік қаржыландыру конкурсына қатысушылар арасында жастардың үлесі айқын болды – «Дебют» секциясында (шамамен 90%), «Анимация­да» (шамамен 85%), «Әлеуметтік маңызы бар көркем фильмдер» секциясында (шамамен 70%), «Деректі фильмдер» секциясында (шамамен 65%) және «Кең аудиторияға арналған көркем фильмдер» секциясында (80%).

Жақында өткен «Еуразия» кино­фестивалінде Қазақстан кинематогра­фиясы үшін жеке ұлттық конкурс бөлін­ге­нін және кинофестиваль күндерінің бірі «Жастарға жол!» ұранымен өтке­нін сарапшылар атап өтті. Конкурс­тық бағдарламалар аясында дарынды отандық режиссерлердің фильмдері көрсетілді. Көрсетілімдер сәтті өтіп, кө­рер­мендер ризалығын білдірді, ал сыншылар бұл жастарды қазірдің өзінде «Қазақстан киносының жаңа толқыны» деп атай бастады.

Әрине, бұл жетістіктердің сыртында «цифрландыру» өлшеміне сыймайтын жетістіктер де бар. Бұған Францияның Ұлттық кинематография және анимация орталығымен ынтымақтастық туралы келісім, жетекші стриминг платформаларына қазақстандық картиналардың шығуы және тағы басқа жаңалықтарды жатқызуға болады. Бастысы, мұның бәрі болашақ жетістіктердің тамаша негізі әрі бастамасы іспетті. Ал бұдан да маңыздысы, көңіл желпіндіретін ауқымды сан-цифр «бәсеке», «сапа» деген биік өлшемнің кепілі бола ма? Мәселе – осында.

Соңғы жаңалықтар