Астанада сәулетті ескерткіштер қатары жыл сайын артып келеді. Осы орайда, Бөгенбай батыр, Кенесары хан, Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаев, Мәншүк пен Әлияның ескерткіштері жанында патриоттық тақырыпта іс-шаралар тұрақты өтіп тұрса, қандай ғанибет! Әл-Фараби, Керей мен Жәнібек хандар, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенов ескерткіштері ғылым мен білім, елдік тақырыпты қамтитын басқосулардың алаңы болса, артық етпес еді.
2012 жылы 5 шілдеде Құрманғазы Сағырбайұлы ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Құрметті меймандар мен қала тұрғындары көп жиналды. Өкінішке қарай, содан бері еңселі ескерткіш алдында бірде-бір іс-шара ұйымдастырылмаған екен. Былтыр алғаш рет бір іс-шара ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Тек қана Абай ескерткішінің алдында жыл сайын ақынның туған күнінде, яғни 10 тамызда мәдени-рухани басқосулар өтіп жүр. Біз, «Күй анасы» республикалық қоры, күйші Дина Нұрпейісова ескерткішінің алаңында «Күй жәрмеңкесін» өткізуді қолға алдық.
«Күй анасы» республикалық қоры 2020 жылдың шілде айында құрылып, осы уақытқа дейін өнер саласында көптеген іс-шараны жүзеге асырды. Соның ішінде домбыраны, күйлерді, сонымен қатар күйшілер мен композиторларды дәріптеп келеді. Осы күнге дейін қор арнайы шеберлерге 200-ден аса домбыра жасатып, еліміздің түрлі нысандағы өнер мектептеріне тегін таратты. 2022 жылы елордада көптеген мәдени іс-шара өтті. Соның ішінде Құрманғазы ескерткішінің жанында өткен күй жәрмеңкесінің орны бөлек.
Жастайымыздан анамыз Ақжан Нұрпейісованың әлдиін тыңдап өстік және айтқан қызықты әңгімелерін, санамызға түйіп алуға тырысып бақтық.
Есте қалған әңгімелерінің бірінде анамыз терең толғана келіп: «Біздің әулетіміз, яғни Нұрпейісовтер мен Қуанышевтер отбасы Құрманғазы аталарымызға өмір бойы қарыздар болып өтеміз. ХVIII ғасырдың соңғы жылдарында Құрманғазының назарына сол кездегі 9-10 жасар Дина Нұрпейісова ілінбесе, бойжеткен шағына дейін Динаға домбыра тарту тәсілдері мен әдістерді ешкім үйретпесе, сондай-ақ ән мен күй саласын терең зерттеуші, күйші-композитор, дирижер Ахмет Жұбановқа Бекетай құмынан шығып, кейін Астрахан облысында, шалғай ауылда күйші атанып жүрген Дина туралы хабар тимесе, ал ол кісі өзінің шәкірті Смағұл Көшекбаевты сол өңірге жіберіп, Динаны қалай да болса, сол кездегі қазақ елінің астанасы Алматыға алып келуді қатаң тапсырмаса, қандай тағдырымыз боларын кім білсін? Дина әжеміз 75 жасқа келгеніне қарамастан, баласы Мұрат пен немерелерін ертіп Алматыға бармаса, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, әкелерің Шаңғытбай Қуанышев Ақтөбе өңірінің Бөгетсай елді мекенінен білім аламын деп Алматыдағы заң институтына оқуға түсіп, екеуміз сол жерде танысып отбасын құрмасақ, сендердің бұл дүниеде өмір сүрулерің екіталай еді», деп әңгімесін аяқтаған болатын.
Елдің басына жаппай аштық төнген кезде, шамамен 1934-1935 жылдары болуы керек, себебі анам Ақжан 1929 жылы туған. Жас жағын жобалайтын болсақ, 6-7 жастағы кезі сияқты. Сонда анам: «Мен мектепке баратын шақтамын. Ол жылдары біздер Астрахан жерінде тұратынбыз. Аш-жалаңашпыз. Аштықтан халықтың тоз-тозы шығып, жан-жаққа босып жатты. Жақын туысқандарымыз, іні-сіңлілеріміз де аштықтан көз жұмған жағдайлардың куәсі болып, ерте есейдік. Осындай шақта сәл де болса тамақ ретінде құмаршық атты шөптің дәнін диірменге тартып, қара суға қайнатып, быламық қылып, сонымен қоректенген едік», деді бір күрсініп алып. Ал халықтың осындай қиналған шағында Дина әжеміз домбырасын алып, ұстазы Кұрманғазының күйлерін тартып, ел-жұртты жігерлендіріп отырады екен.
Академик Ахмет Жұбанов: «Құрманғазы кейбір күйлерді адамның тілімен сөйлеткісі келеді», деп баға берген. «Күй атасы – Құрманғазы» атануы да сондықтан шығар. Азаматтардың және ақсақалдар алқасының қолдауымен «Күй анасы» қоры күйші-композитор Құрманғазы бабамыздың ескерткіші жанында былтыр төртінші рет «Күй жәрмеңкесін» өткізді. Жас таланттар өнерін ортаға салып, жүлдегер, жеңімпаз атанды. Тұлғалар ескерткіші алдында осындай ғибратты дүниелер ұйымдастырылып тұрса, нұр үстіне нұр деп білеміз.
Төлеген Қуанышев,
республикалық «Күй анасы» қорының жетекшісі