Аймақтар • 17 Қаңтар, 2023

Шымкенттің бас жоспары

571 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл Шымкент қаласы үшін өте маңызды жыл болғалы тұр. Өйткені 2035 жылға дейінгі мерзімді қамтитын мегаполистің бас жоспары бекітіледі. Яғни қаланы қазіргі және кейінгі болжамды өсімін ескере келе алдағы онжылдықта дамыту көзделіп отыр.

Шымкенттің бас жоспары

Әрине, бас жоспар дегенде ең алдымен қозғалатын мәселе LRT болатыны сөзсіз. Себебі не­гізгі құжатта жеңіл рельсті қо­ғамдық көлік жүргізіледі деп жоспарланған. Осыған байланысты сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқар­масының басшысы Е.Нұраз­ханов түсініктеме беріп, босқа ақша жұмсалады, «сақалды құ­ры­лысқа» айналады деп қауіп­те­нудің, күдіктенудің негізі жоқ дегенді айтты.

Бұл LRT аспалы емес, жерге төселген рельстің үстінде жү­реді. Рельстер оңтүстікен сол­түстікке, батыстан шығысқа болып айқышталып төселеді. Ол жеңіл рельсті қоғамдық көлік­тер­дің классикалық нұсқасы. Бұл тәжірибе әлемдегі ірі ме­га­полистердің барлығында қол­данылады. Содан соң LRT не­гізгі көшелер арқылы өтпей­ді. Қосалқы көшелермен жүр­гі­зілетін болады. Сондықтан еш­қан­дай нысан бұзылмайды, қосымша жерлер алынбайды. Осының өзі-ақ оның бағасын ар­зандатып отыр. Бүгінге дейін LRT салып береміз деп бір­не­ше инвестор келді. Олардың қатарында Босфор бұғазындағы теңіздің астынан метро салған түрік компаниясы да бар. Әзірге ешқай­сысымен келісімшарт жа­­салған жоқ. Ол үшін алды­мен бас жоспар бекітілуге тиіс. Сондай-ақ LRT еліміздің немесе инвестордың, болмаса Еу­ро­­­палық даму және қайта құ­ру банкінің қаржысы есе­бі­нен қаржы­ландырыла ма, оны әлі уақыт көрсетеді. Алдағы кезде Үкімет атынан сөйлей­тін топ-менеджерлер бұл мәселе­мен айналысады. Не болса да Өзбекстандағы LRT-дай ұзын­ды­­ғы төрт есе үлкен, бірақ ба­ғасы Астанадан бірнеше есе арзан жоба болуға тиіс және сол тұр­­ғы­дан қарастырылуы керек. Шым­кенттің бас сәулетшісі осылай дейді.

Ал қала әкімінің орынбасары М.Исаховтың сөзіне қарағанда, 2035 жылға қарай мегаполис халқы 1 млн 850 мың адамға же­теді деп болжанып отыр. Осы ретте тұрғындарға жайлы орта қа­лыптастыру үшін қала құры­лы­сы уақыт ағымынан қал­май жүргізілуі қажет. Бұл – бірін­ші кезекте баспана мәсе­ле­сі. Аталған проблеманы шешу үшін қала әкімдігі 2035 жылға дейін 30 млн шаршы метр тұрғын үй салмақ. Сонда жылына 2 млн шаршы метр тұрғын үй пай­да­ла­нуға бе­рі­ліп отыруы қажет. Осы талап үдесінен шығу үшін жергі­лікті билік құрылыс саласы­на ин­весторлар тартуды жоспарлап отыр.

Айта кетер маңызды жайт, бас жоспарды жасауда қала 1:500 фор­матта аэрофотоға түсірілді. Тұң­ғыш рет мегаполистің 117 мың гектар аумағы 275 кадастрға бөлінді. Сондай-ақ бас жоспар негізінде шаһардағы жерасты ин­фрақұрылым жүйелерінің гео­порталы әзірленіп жатыр. Со­ның нәтижесінде жер астында жатқан барлық құбырлар, олардың диаметрлері мен қанша қалың­дықта көмілгені, трубалар темір ме, пластик пе, осы секілді барлық ақпарат цифр­лық базаға енгізіледі. Бүгінгі таңда лазер арқылы жерасты инфрақұырылым жүйелері анықталу үстінде. Бұл жұмыстар не үшін қажет болды? Қала әкімі орынбасарының айтуынша, ке­зінде жекеменшік мекеме­лер газ бен суды тартқан уа­қытта техникалық шартты алып, құжатты кері өткізбеген. Соның салдарынан бүгінде жер қазу жұмыстары барысында экскаваторлар құбырларды байқамай жұлып кетіп жатыр. Сонымен бірге мегаполисте ірі жол құры­лы­сы жобаларын іске асыру кезінде жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығына алу үдерісі де қолды ұстайды. Осы орайда жер­гілікті әкімдік 1 118 жер телі­мін мемлекет мұқтаждығына қай­тару үшін қаулы шығарған. Рес­ми дерек бойынша былтыр 400-ге жуық жер учаскесі алын­ған. Оның жалпы аумағы 80 гектарды құраса, жұмсалған қаражат 8,6 млрд теңге болды.

Шымкенттің бас жоспарын әзірлеген компания тиісті мем­­лекеттік органдармен бір­лесіп, қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде ешқандай ірі өндіріс ошақтары болмауы керек, өйткені ол экологияға зиянды де­ген ұйғарым жасады. Осыған бай­ланысты жергілікті әкімдік арнайы жоспар қабылдап, ен­дігі жерде жиһаз, киім, та­мақ өнімдерін шығаратын кәсіп­орын­дардан басқа бірде-бір зиянды өндіріс орындары бұл аумақта орналаспайтын болып шешілді. Сондықтан жаңа бас жоспарда ауыр өнеркәсіп сала­сындағы кәсіпорындар ша­һар­дың батыс аумағынан қо­ныс тебетін болады және сол үшін арнайы 5 мың гектар жер қарастырылып жатыр.

Жалпы, бас жоспардың нобайы өткен жылы халыққа жан-жақты таныстырылды. Бірнеше қоғамдық талқылау өткізілді. Шаһардың болашақ келбетін көру үшін 2 мыңнан аса қала тұрғыны бас жоспардың картасын тамашалады. Қоғамдық ұстанымын білдіргісі келген 149 азамат құжатқа қатысты өз ұсы­ныстарын жеткізді. Со­лар­дың ішінде еліміздің Сәу­лет­шілер одағының вице-пре­зиденті А.Мамырбаев та Шым­кент қаласы сәулетшілер қауымдастығының төрағасы ретінде әрі осы ұйым атынан өз ұсынысын білдірген.

Кезінде Шымкенттің бас сәу­летшісі болған ол саланың кәсі­би маманы болғандықтан бас жоспарға қатысты бірнеше ескертпе жасапты. Алайда олар есепке алынды ма, жоқ па, ол жағын әлі нақты білмейді.

«Бұрынғы бас жоспарда те­мір­жол вокзалы Бозарық елді мекенінде болатын. Манкеттен шыққан пойыз Бозарықтағы теміржол вокзалына тоқтап, кейінгі станса – Бадамда аялдауға тиіс-тұғын. Жаңа бас жоспарда теміржол вокзалы әуежай жаққа ауыстырылыпты. Неге деген сауалға логистика мәселесінен туындады деген жауап алдық. Жарайды, жүк көлігі пойызы аэропорт аумағындағы вокзалға бара қойсын. Жолаушыларға арналған вокзал бәрібір бөлек болуы керек қой. Ипподром айналасы рекреациялық аймаққа жатады. Сондықтан ол жерден әу баста көпқабатты үйлер салуға қарсы болғанбыз. Енді қазір тұрғызылып жатқан үйлер зоопарктің рекреациялық қорғау аумағына кіріп кеткен. Ертең ол үйлерге зообақтағы иіс барады, аңдардың у-шуы естіледі. Сонда тұрғындар оны да көшіру керек деп айқайлап шықпасына кім кепіл. Ал зоопаркті қайта жаңғыртуға осының алдында ғана қыруар қаржы жұмсалғанын ұмытпайық. Осы мәселенің де шешімін қабырғасынан қой­ғанбыз. Шымкентті агломерация жүйесі бойынша дамыту қажет-ақ. Өйткені келешекте мегаполиске жақын ірі қалалар мен елді мекендер түбі Шымкентке қосылуы бек мүмкін. Сондықтан Ленгір, Темірлан секілді қала, елді мекендердің де бас жоспары әзірленсе деген ұсыныс тас­тадық. Сосын мегаполис ауызсуды Ленгір мен Ақсу­кент­тен келетін жерасты суларынан алады. Бұл ретте атал­ған елді мекендердегі жерасты су көздерін таза ұстау өте ма­ңызды. Өкінішке қарай, тұр­ғын үйлердің әр ауласынан қазылған септиктердің лас суы жерге сіңіп, Шымкенттің жерасты ауызсу көзіне үлкен зия­нын тигізгелі жатыр. Мұндай экологиялық зардаптың алдын алу үшін шұғыл Ленгір мен Ақсукентте кәріз жүйесін қолға алу қажет екенін ескерттік», деді А.Мамырбаев.

Қаланың бас сәулетшісі Е.Нұраз­ха­новтың мәлімдеуінше, бас жос­пар биылғы көктемнің ба­сында сараптамадан өтсе, мамыр айының соңында Үкіметтің бекітілуі­не тапсырылатын бола­ды. Сонымен бірге бас жоспарға сәйкес үшінші мегаполис сол­түс­тік бағытқа қарай дамиды. Бұдан бөлек шаһардағы әр аудан әкімдігі өз алдына бөлек көр­кейеді. Яғни бұрынғы жүйе секілді қаланы бір орталық қағи­да­тымен өркендету ендігі үрдіс алмайды.

 

ШЫМКЕНТ