Партия төрағасы Ерлан Қошанов өңірдегі шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесіп, «Ауыл аманаты» жобасының жаңа кезеңін жүзеге асыруды талқылады. Сондай-ақ «Қаржылық сауатты арттыру» жаңа партиялық жобасын іске қосты.
Ақтөбе қаласында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, облыс әкімі Ералы Тоғжанов және мемлекеттік органдар өкілдері, өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиынға барлығы 200-ден аса адам қатысты.
Е.Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында ауыл мәселесін бірінші кезекке қойып отырғанын атап өтті. Жалпы, алдағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығында 350 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
«Ауыл халқының тұрмысын жақсартып, табысын арттыру, барлық әлеуметтік мәселелерді шұғыл шешу үшін Үкімет партиямен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын іске асырып келеді. Биылдың өзінде оны жүзеге асыруға 52 млрд теңге бөлінді. Партия жанынан әдіснамалық сүйемелдеуді, азаматтар мен әкімдерді оқытуды, өтінімдерді қабылдау және қаражат бөлу үдерісінің мониторингін қамтамасыз ететін жобалық кеңсе ашылды. Бұл – ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам», деді партия төрағасы.
Ол жобаның қанатқақты үлгісі Жамбыл облысында жемісті жүзеге асырылғанын, нәтижесінде, 11 ауылдық округте орташа айлық табыс 1,7 есе өскенін, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есеге азайғанын, жұмыссыздар саны 36% төмендегенін атап өтті. Партия мен Үкіметтің міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын барлық өңірге енгізу. Жобаның барлық артықшылығы туралы халықты дұрыс хабардар ету де маңызды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алудың ыңғайлы әрі жылдам болуына ерекше назар аударылады. Өтінім ЭЦҚ арқылы арнайы цифрлық платформада онлайн беріледі. Сонымен қатар егер бұрын несиені мақұлдау үш аптаға созылса, қазір ол ең көп дегенде үш сағатқа созылуы керек. Қажетті мәліметтер барлық қолжетімді дерекқорлардан автоматты түрде жиналады. Қазіргі уақытта цифрлық платформа қанатқақты режімде жұмыс істейді.
Осы күні Ерлан Қошанов Мәртөк ауданының тұрғындарымен, «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларымен кездесіп, жобаның негізгі бағыттары туралы айтып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Партия төрағасының қатысуымен алғашқы қарыз ресімделді – шаруа қожалықтарының бірінің басшысы Тәңірберген ауылының тұрғынына 4 млн теңгеге тауарлық несие берді.
Сондай-ақ Мәртөк ауданында ауыл тұрғындарының қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қаржылық сауатты арттыру» партиялық жобасы басталды.
«Бұл ауыл тұрғындарын алаяқтардың ықпалынан, қаржы пирамидаларына алданып қалудан және басқа да күмәнді қаржылық операциялардан қорғауға көмектеседі. Мұндай жағдайларға тап болған адамдарға консультациялық көмек көрсетіледі. Алдағы уақытта 166 қаржы сарапшысы 250 мың адамды қамти отырып, еліміздің шалғайындағы барлық елді мекенді аралап шығады. Оқытудың бір курсы 5 күнге созылады», деді партия төрағасы.