Тарих • 18 Қаңтар, 2023

Картада жоқ арал

377 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

Бұрын болған, қазір тек төрт әріптен тұратын аббревиатураға ие жер туралы сөз

Картада жоқ арал

– Сіз іздеп, көремін деп келе жатқан Барсакел­мес әне, ағай! Ол анау алқаптан басталады.

Осылай деген жолбасшым Зәуреш жүйітки қозғалған мәшине терезесінен алдымыздағы қалың тоғайды нұсқады. Оның бұл хабарына алдымен қуандым. Содан соң дегбірсіздене мазасыздандым. Қуанғаным: «45 жылға жуық аңсап, армандаған табиғаттың осы бір жұмбақ нүктесіне табаным тиді-ау!» деген шаттық сезімі еді. Ал мазасызданғаным: «Баяғыдан бері біз кітаптан оқып, суреттерден көрген бұл жердің төңірегіндегі теңіз қайда?» деп күмәнданған елегізу болатын. Сөйткен жарықтық дария суы осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын, атап айтқанда ХХ-ХХІ ғасырлардың тоғысында бұл жерден шегініп кеткен екен. Көліктегі екінші бір серігім Арман осыны айтқанда, алабұртқан көңілім су сепкендей басылып, ойым жүдеп сала бергендей күй кештім де қалдым. Себебі осы сәтте көз алдыма талай жылдардан бері ертегідей елестетіп, қиялыммен тербеткен романтикалық иллюзияның күлпарша болған әйнектей сынып, энтузиазмге толы пафостың да күрт бәсеңси бастағандығы еді. Осыған байланысты бұзылған астаң-кестең көңіл-күйімді сезді-ау деймін, рульде келе жатқан Дастан: «Барсакелместі баяғыда, теңіз суы бар кезде келіп көргеніңізде ғой, шіркін!.. Онда ғажап бір әсерге бөленер едіңіз», деді. Осылай деп үн қатқан ол: «Кешелі бергі ынтызарлықпен айтқан әңгімеңізге қарағанда, бұрын сондай ой болып па еді сізде», деп маған қарсы сауал тастады.

«Иә, болған», – дедім мен сонау артта қалған 1977 жылдың жазын есіме түсіріп. Сөйттім де көлік ішіндегі серіктеріме сондағы жағдайды айта бастадым. «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүрген кезім еді. Өзінің құпиясы мол жұмбақ әлемімен одақтағы «Вокруг света», «Знание и сила» журналдары мен Орталық телевизиядағы «Киносаяхаттар клубын» жаулап алған Барсакелмеске сырттай қызығып, тәнті болып жүрген күндер-тін ол уақыт. Мәскеу басылымдары мен телеарналары тілшілерінің танымдық тақырыбына айналған ол жерге өз республикамызда тұрып, неге бармаймыз, көрмейміз деп намысқа қамшы басқанымыз бар бірде біздің. Сөйтіп, сол өңірдің тумасы, кәсіби фотограф Алашыбай Есмағамбетов екеуміз жолға шыққанбыз. Аға әріптесіммен портты қала Аралға келіп ат басын тірегенімізде, ойға алған ісімізді орындаудың оңай емес екендігіне көз жеткізе бастадық. Біріншіден, Барсекелмеске бұл жерден апаратын, қайтарда ол жақтан алып қайтатын жүк болмағандықтан, оған кеме жүрмейді екен. Екіншіден, айналасына ау салуға рұқсат жоқтығынан біз діттеген аймаққа балықшылар баржасы да бармайтын болып шықты. Ал портқа тең-тең мақта алып келіп, қап-қап күріш тиеп әкетіп жатқан үлкенді-кішілі кемелерге келсек, олар теңіз акваториясының ортасымен ешқайда бұрылмай, Қарақалпақстандағы Мойнақ айлағына тіке тартады екен. Білетіндердің айтуынша, Барсакелмеске барар жалғыз мүмкіндік ол осы Аралдан әр жарты ай сайы­н ұшатын АН-2 самолеті сияқты. Мұны естігенде қала маңындағы аэродромға асыға-аптыға жетпейміз бе?! Бірақ... Тағы да сәтсіздік. Аэропорт бастығының жауабы өте қысқа болды. Айтқаны: «АН-2-нің кезекті рейсіне дейін әлі 8 күн бар. Оны тосуға іссапардағы сендердің жағдайларың келе ме? Барсакелмеске барған соң самолет онда 40-45 минут қана аялдайды. Бұл мерзім аралығында аталмыш жерден не көріп, не біліп үлгересіңдер? Бәрінен де қиыны – АН-2-дегі орынның жоқтығы. Мұндағы әр шаршы метрді сөз етіп отырған қорықтағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан Алматы, Ленинград ғалымдарына қажет медикамент, бандероль және азық-түлік жәшіктері қойылатын орындарға бөлініп қойылған. Самолет бортына мына тұрған екеуіңді алу үшін одан ол жаққа апаратын екі қап картопты түсіріп тастауымыз керек. Ал бұл ондағы экспедиция мүшелерін 15 күндік нәпақасынан айыру деген сөз. Сондықтан...»

Мына әңгімеден соң бәрі де түсінікті еді. Осы­ған көзіміз жеткен біз аэропорт басшысына ешқандай уәж айта алма­ғанбыз. Газетке дайындалатын Барса­келмес туралы қиял­ымыздағы қызық материалдың орнына, «Аралсоль» комбинатынан «Тұз» деген фоторепортаж бен Қазалыдағы Ғани Мұратбаев музейі іргесіне жапсарласа өскен алып ағаш туралы «Үй төбесіндегі үйеңкі» атты хабар жазып қайтқанбыз.

Жанымдағы серіктерім: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының бұрынғы бас­шысы, қазіргі Аралды құтқару ұйымы дирек­торының орынбасары Зәуреш Әлімбетова мен өзіміз сөз еткелі отырған қорық мекемесінің бөлім меңгерушісі Арман Жылқайдаров және жүргізуші Дастан Жасараловқа жоғарыдағы жәйтті айтып бола бергенімде, көлік үлкен төбеге келіп тоқтады. Бұл ұзындығы 28, ені 12 шақырым жерді алып жатқан бұрынғы Барсакелместің оңтүстік жағы екен. Биіктігі 100 метрге жуық жота үстінен айнала алақан­да­ғыдай анық көрініп тұр. Бұлар: құмды өзек, сек­сеуілді дала мен қақ суы бу боп ұшып жат­қан ақ тақырлы алқап және... алыстағы Қара­қалпақстанның Мойнақ жағынан буалдыр­лана байқалған ұзынды-қысқалы көгілдір жолақ белдеулер. «Бұл не?» – дедік ішімізден оған асықпай, анықтап қарауға күш салған біз. Сөйтсек, 15 шақырымдай жерден әрең бай­қалған ол қашқан теңіздің Қазақ елі жерін­дегі жұқана жағалауы екен. Аралдың Барса­келмес жағынан көзге шалынған бүгінгі бір белгі, міне, осы. Бұдан басқа бұл жерде ке­ше­гі айдынды да айбынды дария­дан ештеңе қалмаған.

– Сіз теңіздің кетіп қалуымен мұнда бәрі біткен, сондықтан ел-жұртқа айтып жеткізетін ештеңе қалған жоқ деп ой­ламаңыз, – деді құлазып тұрған көңілімді көтермек болған жолбасшыларым жамырай тіл қатып. – Бұл жер туралы талай туын­ды жазылып, түрлі деректі фильмдер түсірілсе де ол дүниелерден тыс қалған тың да соны деректер жеткілікті. Мәселе бұрын қозғалмаған сирек фактілердің көзін таба білуде. Сіз, міне, сондай нәрсе­лерді сұраңыз. Ал біз өз кезегінде оларды қадери-халімізше айтып көрейік.

– Олай болса, – дедім мен уақыт өт­кіз­беуге тырысып. – Айтыңыздаршы, осы Бар­сакелмеске адам аяғы ең алғаш қашан, қалай тиді екен? Егер ондай жәйт белгілі болса, ол интернетте өріп жүрген аңыз, эфсаналармен емес, қағаз бетіне түскен, сөйтіп нақты құжаттар арқылы дәлелденген бе?

– Бұл тақырып жөнінде Аралдағы Балықшылар музейінде бір жәдігер бар, – деп іле жауап қатты Зәуреш. – Ол әскери теңізші А.И.Бутаковтың «Дневные записи плавания по Аральскому морю в 1848-1849 г.г.» атты еңбегі. Онда патша ар­миясының офицері ол кісі сол өзі айтқан жылдардың алғашқысының жазында «Константин» және «Николай» деген екі шхунамен Барсакелмеске келіп түседі. Сондағы, яғни капитан-лейтенант ол басқарған кемелердің мұнда ең алғаш зәкір тастап, тұңғыш тұрақтаған тұсы анау Жаманмұрын мүйісі екен. А.И.Бутаков мұнда өзінің 26 адамдық қосынымен бір айға жуық уақыт болғанында екі нәрсеге көз жеткізеді. Оның алғашқысы бұларды осы бір жұмбақ жердің өсімдіктер әлемі мен жан-жануарлар дүниесінің бай­лығы керемет таңғалдырғандығы-тын. Сөзіміз құрғақ болмас үшін нақты дерек келтірейік. 250-ге жуық шөп пен гүл және 100-ден астам құс түрлері!.. Теңізшілердің 35 күн ішінде тауы­п, жинаған ботаникалық гербарийлері мен орнитология ғылымына қажет олжалары, міне, осындай болған. Шағын арал массиві үшін бұл аз ба, көп пе? Әрине, көп!

А.И.Бутаковтың Барсакелместегі осын­дай флора мен фаунаны ашқаннан кейінгі екінші пайымы ол өздеріне дейін де мұнда жергілікті халық – қазақтардың бұл жерді мекен еткендігін байқататын зерттеушілік интуициясы еді. Иә, ұлы дала­ның перзенттері олар бұл аралға ылғи болмаса да ара-тұра келіп-кетіп тұрған. Оған дәлел капитан-лейтенанттың қасын­дағы мамандар тапқан төрт құдық. Екеуі Барсе­келместің солтүстік-батыс және солтүс­тік жағында, ал қалғандары аралдың дәл ортасы мен батысында орналасқан олар экспедиция басшысының жазбаларында былай сипатталады: «Құдықтардың қабырға топырақтары ішке опырылып түспес үшін жақтаулар ылғалға төзімді сексеуіл бұтақтарымен шегенделіп, аузы шілік пен шеңгел шыбықтары араластырыла өріліп жасалған ағаш қақпақпен жабылған. 2,5 аршын тереңдіктен шығып, мөлдірей көрінген су тұщы. Оны ішіп, шөл басуға, шай қайнатып, тамаққа пайдалануға болады. Бірақ көп сақтауға келмейтіні байқалды».

Осылай деген А.И.Бутаков кейбір қазақ ауылдарының мұнда келіп кетуін Қоқан билеушілерінің зорлық-зомбы­лығымен байланыстырады. Атап айтқанда, жатжұрттық көршілердің қайта-қайта алым-салық талап етуінен зәразап болған жағалаудағы ел теңіз мұзы қатқан қыс кезінде бүкіл мал-жанымен аралға өтіп келіп, естерін жиып отырған. Сөзінің соңын ол өздерінің алдында орын алған бір оқиғаны айтумен аяқтайды. «Екінші шхунаның басшысы, – дейді экспедиция жетекшісі, – кемедегі қара жұмысқа жалданған қазақтардан мынадай әңгіме естіген. Олардың айтуынша аралдағы жұрт­қа ұзынқұлақтан Сырдария жаға­сында бекініс салып жатқан орыс әскерлері көп кешікпей Барсакелмеске де келеді екен деген хабар жетеді. Бұл сөзден секемденген мұндағылар: «Егер шынымен солай болса, жатжұрттықтар малымызды алып, өзімізді құлдыққа салады», – дейді де осы жылғы қаңтардың ортасында теңіздегі қатқан мұз үстімен құрлыққа өтіп кетеді». Біз мұнда келгендегі аралдың иесіз жатуы міне, содан екен».

– Демек... Иә, жоғарыдағы деректерден байқағанымыз... Барсакелместе бұрындары да адамдар болғандығы. Олардың жергілікті қазақ­тар екендігі. Міне, содан кейін барып оған аяқ басқан капитан-лейтенант А.Н.Бу­таков бастаған орыс теңізшілері ғой шамасы.

– Иә.

– Ал сөз етіп отырған экспедицияға сондай аралдың бар екенін айтып, жолбасшы болған кімдер деп ойлайсыздар? Содан соң... Ол кез ХІХ ғасырдың ортасындағы уақыт қой. Бұл Ресейде фотография өнерінің өмірге келіп, оның мүм­кіндігін қаладағы адамдар ғана емес, даладағы саяхатшылар да асқан қызы­ғушылықпен пайдалана бастаған кез. Білейік дегеніміз, өзіміз сөз етіп отырған экспедиция мүшелері арасында фотоаппаратурасын арқалаған бір сирек мамандық иесі болып, соның еңбегі арқасында 174 жыл бұрынғы Барсакелместі бейнелеген белгі қалмады ма екен деген үміт қой біздікі.

– Бұл сауалыңызға мен жауап берейін, – деді осы арада кенеттен тіл қатқан Арман. – Алдымен жолбасшы жөнінде бірер сөз. Иә, ондай адам болған. Ол А.И.Бутаковтың жоғарыда аталған екі кемесін Сырдария сағасынан Арал теңізі айдынына алып шығып, одан Барсакелмеске дейін әкелуге атсалысқан Рахматулла Әбизаров атты қандасымыз. Бұл аталған экспедиция қосынына кездейсоқ тартылған кісі емес-ті. Оның капитан-лейтенантпен байланысы 1847 жылғы Орал тауының етегіндегі Ор қамалынан Арал теңізі айлағындағы Райым бекінісіне дейінгі 800 шақырымдық сапардан басталған болатын. Ол керуеннің маңыздылығы сол, онда Сырдария сағасына жеткен соң құрастырылып, ұлы дарияға шығуға тиіс үш кеменің үлкенді-кішілі бөлшектері бар еді. Соларды 800 түйе мен 500 өгізге артқан әскери жасақты Рах­матулла, Әлмағамбет және Сиранбек атты қандастарымыз айтылған жерге аман-есен алып келген-ді. Міне, содан арада бір жыл өткеннен кейін Райым пристанында жасалып, дайын болған кемелерді жоғарыдағы жолбасшы қазақтардың бірі Рахматулла теңізге алып шыққан ғой. Кел­тіріліп отырған деректер жергілікті өл­кетанушы Л.Сапожникованың «Три поездка в Барсакельмес» кітабында бар.

Ал енді сіздің жоғарыдағы: «Осы А.И.Бу­таков экспедициясының Барса­келмес сапа­рында аралдың сол уақыттағы көрінісі бейнеленген фотолар бар ма екен?» деген екінші сауалыңызға ке­лейік. Иә, бар. Бірақ фотографиялық туын­дылар емес, қолмен салынған суреттер дер едік. «Оның иесі кім?» – дейсіз ғой. Атақты ақын Т.Г.Шевченко! Көп жұрт бұл тағдырлы тұлғаның қазақ жерінде айдауда болғанын Маңғыстаудағы кезі арқылы ғана біледі. Ұлы кобзарь ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы түнекте Каспийдегі Форт-Александровск гарнизонынан басқа, Арал теңізі жағалауындағы әскери экспедиция құрамында да болған. Оны ақынның 1848-1849 жылдарғы А.И.Бутаков жасағы қатарында жүріп салған көптеген суреттері айғақтайды. Солардың ішіндегі біздің заманымызға дейін жетіп қуантқаны Т.Г.Шевченконың «Барсакелмес аралы жағалауындағы экспедиция шатыры» деген туындысы. Қайтарда Арал қаласына соққанда көрерсіз, ол сондағы Балықшылар му­зейінде тұр. Айтпақшы... Тоқтаңыз. Егер ...Ұялы телефоныңыз істеп тұрса, сөз етілген жәдігерді интернеттен де көруге болады. Мына жота үсті биік қой. Осы жерден ай­фо­ныңыз кеңістікке қосылып та қалуы мүмкін.

Осылай деген Арман менің де, өзінің де ұялы телефонын және көліктегі компью­терін қолына алып, олардан: «Т.Шев­ченко. 1848-1849 ж.ж. Арал теңізі», – деген сөздерді теруге кірісті. Ара­да біраз уақыт өткен соң ноутбук экра­нынан қарындашпен салынған түрлі эскиздердің сұлбасы көріне бастағаны!.. Одан кейін «Т.Шевченко. «Қосаралдағы маяк», «Арал теңізіндегі жарқабақ» деген картиналар жарқ ете түсті де іле-шала ол ақынның «Райым бекінісі», «Қазақтардың киіз үйлі тұрағы» атты фрагменттерге ауысты. Содан соң барып, «Т.Шевченко. Барсакелмес аралы жағалауындағы экспедиция шатыры» деген сарғыш түсті қағаз фонындағы туындының шыға келгені! Байыптап қараған адамға шығарма өте әсерлі. Өткен заманнан хабар беретін онда біз қазір мына өзіміз үстінде тұрған үлкен жота мен оның сол кездегі теңіз суына тиіп тұрған Жаманмұрын атты тұсы анық бейнеленген. Етектегі құмды жағада сирек өскен жыңғылдың бір үлкен түп бұтасы көрінеді. Оның бер жағында экспедиция мүшелері тіккен шатыр тұр. Ал сонау көз ұшындағы теңіз айдынында жалғыз кеме алысқа қарай маңып барады. Ол мына жұмбақ жерді зерттеп, картаға түсіретін топограф, геодезист, ботаниктерді аралға жаңа ғана түсіріп кеткен «Константин» немесе «Николай» шхуналарының бірі болды-ау шамасы.

...Жолбасшыларымның Барсакелмес туралы жоғарыда айтқан деректері мен үшін өте қызықты болды. Себебі бұлар мерзімді баспасөз беттерінде көп айтылып, жазыла қоймаға жәйттер еді. Сондықтан оларды олжа тұтқан мен серік­терімнен аралдың одан кейінгі тарихын қазбалай сұрауды қажет деп таппадым. Өйткені өзіміз сөз етіп отырған жерді 1850-1904 жылдар аралығында зерттеген В.Аленицын, Л.Берг секілді ғалымдардың еңбектері жұртшылыққа «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы мен «Барсакелмес қорығы» кітабынан белгілі-тін. Сондықтан мені ендігі кезекте қызықтырған басқа нәрсе болды. Ол етектегі жазық даланың әр тұ­сынан қарауыта көрінген үлкенді-кішілі үш-төрт құрылыс қирандыларының орнын, олардың бұл жерде қашан, қалай және не үшін салынғанын білу туралы ой еді.

– Ел, – деп бастады бұған байланыс­ты әңгімені Зәуреш, – Барсакелмес деген сөзді естісе болды, ландшафты мен фауна, флорасының сан алуандығына орай 1939 жылы құрылған қорықты көз алдарына елестетері анық. Сонымен қатар жұрт бұл аралдағы ұжымдық тіршілік ХХ ғасырдың ортасында жер бетінен жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған құландарды Түр­кіменстандағы Бадхыз шұратынан осында әкеліп жерсіндірген 1953 жылғы оқиғадан басталған деп те есептейді. Жоқ. Олай емес. Мұндағы артельдік өмір одан әлдеқайда бұрын, 1929 жылғы аң аулау шаруашылығы мекемесін құруға байланысты өркен жайған. Ол кезде кеңес өкіметінің орманды жерлеріндегі бұлғын, сусар, құндыз, ал далалы аймақтарындағы суыр мен сутышқан терілерін дайындау ерекше қолға алыныпты. Себебі «жұмсақ алтын» деп аталатын бұл өнім сол кездегі «Совэкспорт» үшін шетелдермен арадағы сауданың ең тиімді түрі және сырттан валюта тартудың бірден-бір көзі болып саналыпты. Міне, орталықтан осындай тапсырмамен келген өкілдер елімізді аралап жүріп Қызылордаға аяқ басқанда, жергілікті мамандардан өздері іздеп жүрген жоғарыдағыдай жер бар ма деп сұрамай ма? Сонда олар аңы мен құсы жыртылып айырылатын, соның ішінде суы­ры өте көп Барсакелместі айтады. Сөздің тоқетері, мұндағы аң аулау шаруашылығы мекемесі 1929 жылы міне, осылай құрылып, жұмыс істей бастайды.

– Адамдардың аралға көптеп келіп қо­ныс­тануы да сол уақыт, – деп сөзін одан әрі жалғады әңгіме иесі. – Осының негізінде біз көріп тұрған анау төменгі жазықта алды­мен көшіп келгендер сауда жасайтын дүкен, олардың жұмысқа қажет құрал-жаб­дық­тарын сақтайтын қойма мен ауланған суырларды сойып, терілерін өңдейтін цехтар және артельдік шаруашылықтың есеп-қисап, қаржы бөлімдері орналасуға тиіс кеңсе салынады. Шашырамай, барлығы бір ғана жерде орналасқан бұл кешен ол кездері фактория деп аталған екен. Енді Барсакелместің бізге бір қырынан тұрған шығыс жағына қараңыз. Көз ұшындағы сол жерден өзіміз сөз етіп отырған 1929 жылы өткен-кеткен кемелерге белгі беретін маяк мұнарасы бой көтерген. Содан соң фактория мен маяктың дәл ортасындағы тұщы суы бар құдық маңынан аң аулау шаруа­шылығында еңбек ететін адамдарға арналып ұзын барак пен екі-үш жеке үй салынады.

Осының бәрін бастап, іске асырған артельдің алғашқы басшысы Петька деген кісі екен. Ашаршылық басталғанда Еділ бойын­ан ауып Арал маңына келген оның тегін ешкім білмейді. Білетіндері бір үзім нан таба алмай есеңгіреп жүрген өзіндей міскіндерді жергілікті өкіметтің бөлген азын-аулақ паегімен Барсакелмеске алып келіп, жаңа жұмысты бастағандығы. Сонда дейміз-ау... Су ортасындағы құрылыс материалдары өте қат аралда жоғарыдағыдай фактория мен маяк мұнарасын және барак үйлерін салуға ол қандай мүмкін­дік көздерін тауып, соған қалай қол же­ткіз­ген десеңізші!.. Қазір құлап, орын­дары төмпешікке айналған осы үй қалдықтарына зер салып қарасаңыз, араларына қураған шөптерді салып құйған шикі кірпіштерді көру онша қиын емес. Сондай-ақ бұрыштардағы тіреулер мен белағашқа қисық-қыңыр да болса пайдаланған тал-терек кесінділері, одан қала берді үй төбесін жабуға арналған қалың қамыс бумалары да көзге анық шалынып қалады. Тас та, құм да, бәрі-бәрі іске жаратылған ғой ол кездері мұнда. Осылардың бәрін асқан ептілікпен құрастыру арқылы үзікке қиық жалғаған Петьканың шеберлігіне қалай таңғалмассыз?! Иә, оқымаған, бірақ тумысынан жоғарыдағыдай іске бейім бұл жұмбақ жанның ішкі интуициялық қабілетіне қалай тәнті болмассыз?!

Жолбасшыларым бұдан кейін де маған өте көп әсерлі әрі мазмұнды әңгімелер айтты. Солардың ішіндегі ерекше жәйт ол 1939 жылғы оқиға дер едік. Иә, жоғарыдағы аң аулау шаруашылығы құрылған 10 жылдан соң мұнда Барсакелмес мемлекеттік қорығы өмірге келіпті. Ондағы мақсат теңіз ортасындағы осы бір ғажайып аралдағы тұмса табиғаттың шырышы бұзылмаған әралуандылығын сақтап, оны одан әрі дамыту екен. Соны жүзеге асырудың алғышарты ретінде алдымен мұнда ақбөкен, қарақұйрық, қоян және қырғауыл әкелінеді. Өйткені 30-жылдардағы ашаршылықта бұл аң-құстар да азайып, қорғауды қажет ете бастаған болатын. Қуаныштысы сол, өзіміз сөз етіп отырған аралға олар бірден жерсініп, тез көбейе бастайды. Оған дәлел, қорық есепшісі А.Самойленконың 1945 жылғы жүргізген санағы бойынша ақбөкендердің 2000, қарақұйрықтардың 1000-ға дейін жеткендігі. Ал қояндар мен қырғауылдардың көптігі сонша, бұлар әрбір екі бұтаның түбінің бірінен кездесетін дейді білетіндер. Бірақ... 1948 жылы Арал жағалауында сұмдық қыс болады. Сондағы тоқтамай жауған қар мен ақырған аяз Барсакелместегі тіршілік иелеріне де оңай тимей, қорықтағы аңдардың көбі қырылып, қалғандары қатқан мұз үстімен құрлыққа өтіп кетеді. Аталған апаттан соң жүргізілген санақтағы мәлімет бойынша, онда ақбөкендердің 500-дей қарақұйрықтардың 100-ге жуығы ғана аман қалған. Ал соған дейін керемет өсіп-өнген мұндағы қырғауыл, қояндар ше? Бұларға «жау» басқа жақтан келіп тиеді. Ол бұрын аралда болмаған, тек сол сойқан қыста қатқан мұз бетінде Барсакелмеске өтіп келген «жаңа қоныс иелері» – түлкілер еді. Ұлыған боранда қорықтан құрлыққа беттеп, жол-жөне­кей шығынға ұшыраған аңдардың өлекселерін жей-жей мұнда жеткен бұлар бұта түбіндегі қоян, қырғауылды қидай сыпырады. Соның салдарынан бұлар құрып кетудің аз-ақ алдында қалып, аралға тек 1953 жылғы құландар үйірін әкелер кездегі қатаң тәртіптен соң ғана өсіп-өне бастайды. Ол қатал талап Барсакелмеске ылғи болмаса да құрлықтан ара-тұра өтіп келіп, ақбөкен, қырғауыл, суыр, қояндарға қырғын салып кететін қабан, түлкі, қасқыр­ларға қарсы ұйымдастырылған аңшылар жорығы еді. Міне, содан соң мұнда бәрі сап тыйылған.

– Қорықтағы 1953 жылға дейінгі кейбір жағдайлар осындай болған, ағай, – деді жоғарыдағы жәйттерді егжей-тег­жейлі баяндаған Зәуреш пен Арман. Ал одан кейінгі істелген істер, жүргізілген жұмыс­тардан жұрт хабардар шығар деп ойлаймыз.

– Атап айтқанда...

– Олар Түрікменстандағы Бадхыз аймағынан мұнда құландардың әкелінуі, осымен қатар республика Ғылым академиясы жанындағы Зоология институты мен Ленинградтағы А.Герцен атындағы университеттің жаратылыстану кафедрасы ғалымдарының қорық флорасы және фаунасындағы эндемиктерді ғы­лыми тұрғыдан жүйелі зерттеуі ғой. Бұ­ларға сондай-ақ Арал теңізінің тартылуы салдарынан ондағы су тұздылығының шектен тыс артуына байланысты Бар­сакелместе туындаған проблемалар мен 1981 жылдан бастап мұндағы құлан­дарды Алматы облысындағы Кер­бұлақ өңіріне апарып жерсіндіру жөніндегі мәселелерді де қосуға болады. Осылардың бәрі Қазақ кеңес энциклопедиясы мен «Қазақстан қорықтары» әмбебап еңбек­терінде, биология ғылымының докторы М.Исмагиловтың «Құландар аралы», зоолог ғалым Л.Сотниковтың «Құлан­дар» атты танымдық-талдамалы зерттеу кітаптарында жан-жақты айтылып, жазылған. Сонымен қатар бұлардан басқа 80-жылдары «Қазақ­телефильм» түсірген «Барсакелмес: жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемі» деректі кинолентасы мен 1965-2005 жылдар ара­лығындағы одақтық, республикалық газет-журналдарда жарық көрген мақалалар қаншама?!

 

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері