Экономика • 18 Қаңтар, 2023

Сұраныс көп, ұсыныс аз

425 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтырғы жылдың соңғы айында Электрондық еңбек биржасында 106,1 мың бос жұмыс орны және 36,6 мың түйіндеме орналастырылған. Яғни бір ғана айда көп өңірде бос орын жұмыстарының саны артқан. Сұраныс 16 пайызға өсіп, ұсыныс 27 пайызға төмендеп отыр.

Сұраныс көп, ұсыныс аз

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Мәселен, бір айда Түркістан облысында бос жұмыс орын­дары­ның саны 15,3 мыңға дейін жетіп, 170%-ды, ал Алматы облысында 10,6 мыңға дейін өсіп, 105%-ды құраған. Бұл ретте бір ай­дағы орналастырылған бар­лық бос жұмыс орындарының 44%-ы Түр­кістан, Алматы облыс­тары мен Астана, Алматы қала­ларына тиесілі», деді «Еңбек ресурс­тарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Алек­сандра Молчановская.

Ал 2021 жылғы көрсеткіште бос жұмыс орындар саны 16 па­йызға, түйіндемелер саны 73 па­йызға артқан. Кадрларға деген қажеттілік ауыл шаруашы­лы­ғында 13,3 мың және басқа да қызмет түрлерінде 10,3 мың, орта білім беру саласында 9,8 мың бос жұмыс орындары тіркелген. Яғни былтыр желтоқсан айында елордадан басқа барлық өңірде ізденушілердің белсенділігі төмен­деген. Түйіндемелер саны Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыс­тарында азайса, Түркістан облысы 3,3 мың, Алматы қаласы 3,4 мың және Астана қаласы 5,7 мың жарияланған түйіндемелер санымен көш бастаған.

Александра Молчановская­ның айтуынша, былтыр желтоқсан айында білікті қызметкерлерге жоғары сұраныс байқалған, яғни бос жұмыс орнын ұсынушылар жұмыс іздеушілерден кәсіби бі­лік­­тіліктің болуын талап еткен. Сондай-ақ көрсеткіштің ал­дың­ғы аймен салыстырғанда тө­мен­дегені және біліктілігі жоқ ең­бекке сұраныстың өсуі байқалған.

Алдыңғы айда білікті қыз­меткерлер арасында жылжымайтын мүлік агенттері, әлеуметтік қызметкерлер, күзетшілер, санитарлар, аспаздар, сондай-ақ тәр­бие­шілер мен олардың көмек­шілері – тиісінше 1,1 мың және 851 бос жұмыс орны жоғары сұ­ранысқа ие болды. Іздеушілер арасында негізінен автокөлік жүр­гізушілері, сатушылар, бухгал­терлер және заңгерлер болды. «Сұраныстың ұсыныстан жалпы басымдылығына қарамастан, желтоқсан айында вахтерлер, HR бизнес серіктестері және дене шынықтыру мұғалім­дері айтар­лықтай асып түсті», деп бөлісті Александра Мол­чановская.

Өтініш берушілердің бел­сен­ділігі өңірлер бойынша ген­дер­лік жағынан да әртүрлі. Мәселен, Батыс Қазақстан, Аты­рау, Ұлытау және Ақтөбе об­лыс­тарында ер адамның түйін­демелері көп болса, қызмет көр­сету саласы басым Шымкент, Астана қалалары, сондай-ақ Абай және Алматы облыстарын­да әйелдердің басымдылығы тіркелген. Түйіндемелердің үш­тен біріне жуығы 16 жастан 28 жас­қа дейінгі жастарға 10,8 мың түйіндеме, 15,5 мың түйіндеме – орта жастағы ізденушілерге тиесілі болды. Барлық түйін­деменің тек 9%-ы зейнет жасына дейінгі адамдар болған. Электронды еңбек биржасының мәліметтеріне сәйкес, желтоқсан айында ең көп жалақыны бас директорларға – 2,8 млн теңге, тауар жинақтаушылары – 2,4 млн теңге, терезе монтаж жасаушылар 1,8 млн теңге күткен, ал жұмыс берушілер тарапынан жоғары жалақы өнеркәсіп саласындағы цех бастықтарына – 832 мың теңге, бас технологтерге – 700 мың теңге, техникалық сала басшыларына 650 мың теңге және өнеркәсіптік альпинистерге 650 мың теңге ұсынылды.

Осылайша, желтоқсан айы айтарлықтай төмен ұсыныспен кадрларға деген қажеттіліктің артуымен ерекшеленген. Бұл ретте, жыл соңы әдетте келесі жылдың басында біртіндеп қалпына келетін іскерлік белсенділіктің төмендеуімен сипатталатынын да ескерген жөн.