Қоғам • 19 Қаңтар, 2023

Қоғам жемқорлықты жоюға мүдделі

315 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің 30 жылдағы дамуына үлкен кедергісін келтірген, көші­мізді кері тартқан мәселе жемқорлық екенін көбіміз біле­міз. Біле тұра, бұл індетпен күресте әлі де айымыз оңынан тумай тұрғаны айқын екенін де мойындаймыз. Кедергісіз келешек, жарқын болашақ – жалпы әділет салтанат құрған қоғам орнатқымыз келсе, осы жемір мәселені түп-тамырымен жоюымыз керек.

Қоғам жемқорлықты жоюға мүдделі

Бұл маңызды күресте барынша тиімді тәсілдерді саралап, шамалы уақытта жемқорлық деңгейін бірнеше есе төмендеткен шет мемлекеттер тәжірибесінен озық тұстарын үлгі етіп, ашықтыққа бастайтын жарқын жол табуымыз керек. Мұндай тиімділігін көрсеткен тәсілдің бірі – заңсыз баюмен бар күшімізді салып күресу, осындай көлеңкелі іспен шатылғандар үшін арнайы заң жүзінде жауапкершілік енгізу. Өмір бойы мемлекеттік қызметте жүрген, белгілі бір деңгейде жалақы алған, бірақ өмір сүру салты, жинаған дүние­сі сол жалақысының дең­гейі­мен үйлеспейтін адам­дар­дың көбі заңсыз жолмен ба­йығандарға жатады. Өкінішке қарай, бұл санаттағы адамдарды біздің қоғамнан да көптеп кездестіруге болады. Зәулім үй, қымбат көлік, балалары шетелде оқитын кісілерді көріп, ірі бизнеспен айналысатын шы­ғар деп ойлап жатамыз. Бірақ олардың арасынан мемлекетте қызмет істейтіндерді жолықтырамыз.

Заңсыз баю үшін қылмыс­­тық жауапкершілікті енгізу БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында қарастырылған. Қазақстан бұл конвенцияны 2003 жылы ратификациялаған. Яғни бұл қадам осы тұғырлы талапты ұлттық заңнамамызға енгі­земіз дегенді білдіреді. Бірақ мұны әлі күнге дейін заң жүзінде бекітпедік. Осы талапты қолға алып, өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы арнайы заңға қол қойды. Енді елімізде заңсыз байығандар жауап­кершілік­ке тартылады. Бірақ мұның қылмыстық жауапкер­шілік емес екенін де атап өту керек. Егер қандай да бір тұлғаның жинаған дүниесі қызметінің жалақысымен сәйкеспейтін болса, оның артық дүниесі бюджетке қайтарылады, мемлекеттік қыз­меттен біржола аластаты­лады, бірақ қылмыстық жауап­­кершілікке тартылмайды. Әрине, бұл да оң өзгеріс. Деген­мен мұны жарты қадам деп айтар едім. Өйткені ел қазынасын жымқырғандардың әрекеті – қылмыс. Сондықтан оның жазасы толық болуы керек.

Жалпы, заңсыз баюды тыюды жемқорлықпен күрестің ең мықты тәсілі деуге болады. Біз осы жолдан айнымай, аталған бағыттағы жұмысты күшейте түссек, 5-7 жыл көлемінде еліміз жемқорлықтан әжептәуір тазарып қалады. Міне, осындай батыл қадамдар бізді әділетті қоғам құруға жетелейді.

 

Дидар СМАҒҰЛОВ,

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры