Үкімет • 19 Қаңтар, 2023

Парсы шығанағындағы сенімді серіктес

223 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы ресми сапарын Біріккен Араб Әмі­р­ліктерінен бастады. Дип­ло­матиялық қарым-қаты­нас­тың орнағанына 30 жыл толу қар­саңында өткен сапар екі ел ара­сын­дағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге оң серпін береді.

Парсы шығанағындағы сенімді серіктес

Суретті түсірген Аманқұл Дүйсенбаев

Қазіргі таңда Біріккен Араб Әмір­ліктері Қазақстанның Парсы шығана­ғындағы басты әріптестерінің бірі саналады. Бүгінге дейін аталған елден тоғызыншы территорияға 3 миллиард доллардан астам инвестиция құйылған. БАӘ-ден келген инвестиция көлемі 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында екі есе артқан. Ал Қазақстан БАӘ-ге миллиард доллардан астам инвестиция салды.

Қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 2022 жылы шамамен 600 миллион долларға жетті. Жоспар бойынша алдағы уақытта тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр. Жалпы, БАӘ еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері тұрақты қолдау көрсетіп, «тоғызыншы территорияға» мол қаражат құйып келеді. Соның ішінде Астана қаласын көркейтуге де әмірліктердің инвестициясы мол үлес қосты.

Президент Қ.Тоқаев осы сапар барысында «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінің ашылу салтанатына қатысты. Бұл жиын – жасыл энергия көздеріне көшуге бағытталған Азиядағы ғана емес, әлемдегі соны шаралардың бірі. Кей сарапшы мұны COP жиындарынан кейінгі орындағы жаһандық саммитке балайды.

Климаттың өзгеруі жер-жаһанға залалын тигізіп тұр. Орташа ауа температурасының артуы құнарлы азықтың 66 пайызын қамтамасыз ететін негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарын едәуір азайтуы мүмкін. Сондай-ақ тұщы су тапшылығы да қауіп төндіріп тұр. БҰҰ баяндамасына сәйкес, 2050 жылға қарай климаттың өзгеруі салдарынан 5 миллиардтан астам адам ауызсусыз қалмақ. Бұл дүниежүзілік азық-түлік, энергетика, қала және экология жүйелеріне қатер төндіретіні анық.

Елімізге климаттың өзгеруі оңайға соқпасы белгілі. Қазақстаннан өтетін ірі өзендердің негізгі бөлігі бас­тауын шетелден алады. Ал биік таулар­дағы мұздықтардың тез еруі өзен­дер­ді құрғатып жіберуі ықтимал. Бұл өз ке­зегінде сол суға тәуелді халық үшін оңайға соқпайды. Оның үстіне, елі­мізде өндірілетін энергияның 70 па­йызға жуығы көмірден алынады. Сондықтан Біріккен Араб Әмірліктері секілді Қазақстан да жаһандық жылынумен күреске, баламалы энергетика көздеріне көшуге мүдделі. Еліміз 2015 жылғы Париж келісімін орындау үшін мүмкіндігінше баламалы энергияға жедел ауысуы қажет.

«Күн мен жел факторлары, сондай-ақ ұлан-ғайыр жеріміз Қазақстанның климатты сақтау жолындағы жаһандық іс-әрекеттерге атсалысып, жаңартылатын энергия секторында көш бастауына мүмкіндік береді. Осыған байланысты біз инвесторларға анағұрлым ұтымды шарттар ұсыну үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіріп жатырмыз. Жалпы, біздің жоспарымыз бо­йынша 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энергия  ресурсы пайда болады. Бұл орайда «жасыл сутегі» – келешегі зор бағыттың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, елі­міз сутегін экспорттаушылардың ал­ғаш­қы ондығына кіре алады», деді Мем­л­екет басшысы Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінде сөйлеген сөзінде.

Қазақстан 2035 жылға қарай 11 гигаватт таза энергия көздерін енгізуді және энергетика секторын толығымен жаңғыртуды жоспарлап отыр. Ресми сапар кезінде «Masdar» компаниясы Қазақстанда ірі жел электр паркін салуға ниет білдірді. Сарапшылардың па­йымдауынша, бұл еліміздегі баламалы энергия көздерін әртараптандыруға мол мүмкіндік береді.

«1997 жылы Киотода әлем елдері бас қосып, экология бойынша хаттаманы мақұлдады. Алайда хаттамада қойылған міндеттемелер орындала қоймады. Сондықтан 2015 жылы Францияда бақандай 195 елдің басшы-қосшысы бас қосып, мерсилесіп, бонжурласып экологияны жақсарту үшін келісімге қол қойды. 195 елдің 179-ы келісті, қалғандары қасарысып отырып алды. «Париж келісімі» осылайша бекітілді. Келісімнің міндетті тұсының бірі ауаға бөлінетін парниктік газдарды азайту еді. Ол үшін жасыл экономиканы дамыту керектігі айтылып, әр елге даму деңгейі бойынша міндеттемелері бөлініп берілді.

«Жасыл экономиканы» дамытудың бір саласы ретінде күн, жел стансаларын дамыту міндеті тұр. Осы міндетті іске асыруға БАӘ-нің әйгілі «Masdar» ком­па­нияcы қатыспақ. Жамбыл және Түркі­стан облыстарында жел электр стан­са­ларын салады. Жамбыл облысында Қордай асуында, Жаңатас маңында қытай­­лық компания салған жел электр стан­­сасы бар. Енді олардың саны арта­ды. Бұл стан­салардың қуаттылығы 1 ГВт болады», дейді сарапшы Асхат Қасенғали.

Мемлекет басшысының БАӘ-ге сапары тауар айналымына да соны серпін беруге тиіс. Жоғарыда айтып өткеніміздей, былтыр сауда-экономикалық байланыс 600 миллион долларды құрады. Енді, мұны 1 миллиард долларға жеткізу керек.

2022 жылғы алғашқы тоғыз айда Қазақстан кәсіпорындарына БАӘ инвес­торлары жалпы сомасы 146,6 млн доллар қаржы құйды. Бірақ Парсы шығанағы еліне экспорт 555,5 млн долларды құрап, 8 пайызға төмендеген. Осыған орай, экспорт көлемін арттыру мақсатында бірқатар іс-шараны жүзеге асыру қолға алынып отыр. Мәселен, Премьер-министр Әлихан Смайыловтың былтыр БАӘ-ге сапары аясында Қазақстан өнімдері экспортын ұлғайтуға мүмкіндік беретін келісім жасалды. Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті ҚазСтандарт Gulf TEC Certification – өнімнің Парсы шы­ғанағы елдерінің талаптарына сәй­кес­тігін бағалау саласындағы кәсіп­орын­мен келісімге қол қойды.

Бұл келісім БАӘ, Сауд Арабиясы, Қатар, Кувейт, Оман жеткізушілерінің тізіліміне қосу рәсімін айтарлықтай жеделдетуге, саудадағы техникалық кедергілерді алып тастауға, отандық өнім экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде, 30-дан астам қазақстандық өндіруші БАӘ-ге тауарларын экспорттауға мүмкіндік алды. Осылайша, қазақстандық тауар өндірушілер елден шықпай-ақ «Халал» сертификатын алып, Парсы шығанағында сауда жасай бермек.

Қазақстаннан БАӘ-ге экспорттың негізгі тауарлары қатарында шикі мұнай (249,6 млн доллар), мыс және мыс катодтары (235,3 млн доллар), қой немесе ешкі еті (12,2 млн доллар), легирленбеген болаттан жасалған ыстықтай илектелген жазық илек (10,5 млн доллар) және өзге де қара металдардан жасалған бұйымдар (8,2 млн доллар) бар. Жалпы, Қазақстан БАӘ-ге шамамен 100 тауар түрін жеткізеді. Кейінгі кезде импорттың көлемі артқан. Мысалы, 2022 жылдың 9 айында 54,8 млрд долларды құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға өскен.

Кейінгі кездегі әлемдегі геосаяси жағдай мен санкциялар салқыны Қазақстанға да теріс әсер етті. Соның салдарынан еліміздің басты байлығы – мұнайды шетелге сату қиындады. Осыған байланысты баламалы логистикалық жолдар қарастыру керек.

«Қазақстан – сапалы жолдарға мұқ­таж үлкен мемлекет. Көршілеріміз­бен және Еуропалық одақпен бірлесе отырып, «Цифрлық көлік дәлізін» құру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – кедергілердің бәрін жою және Шығыс пен Батыс, Сол­түстік пен Оңтүстік бағыттарын қауіп­сіз түрде байланыстыру. Өзара қарым-қатынастардың дамып, нығаюы Әмірліктер компанияларына пайдалы болатыны сөзсіз. Сондықтан елімізде теңіз және порт инфрақұрылымын құру жөніндегі Abu Dhabi Ports компаниясымен ынтымақтастығымызды толық қолдаймын», деді Қ.Тоқаев Қазақстан – БАӘ инвестициялық дөңгелек үстелінде сөйлеген сөзінде.

Сапар барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Abu Dhabi Ports Group ком­паниясының бас директоры Мұхаммед әл-Шамисимен кездесті. Онда көлік және логистика саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды. Abu Dhabi Ports Group компаниясы Каспий теңізіндегі теңіз және порт инфрақұрылымын дамытып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен стратегиялық серіктестік орнату жөнінде келісімге қол қойды.

Осылайша, Abu Dhabi Ports компаниясы Транскаспий бағыты бойынша транс­порттық-логистикалық байланыс­ты дамытуға атсалыспақ. Мұндай қадам Каспий маңындағы порттарды оң­­тай­­ландырып, жүк тасымалдау қарқы­­нын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, Abu Dhabi Ports жүк қабылдау және жүк жөнелту бойынша әлемдегі үздік ком­паниялардың бірі. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, оның жылдық табысы шамамен 4 миллиард доллардан асады. Сондықтан осындай алпауыт корпорацияның Қазақстанға келуі экспорт саласына қарқын беруге тиіс.

Бұдан бөлек, сапар кезінде атом энергетикасы, азық-түлік өндіру, ғарыш, технология салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Кездесу барысында 9 құжатқа қол қойылды. Қазақ­стан мен БАӘ арасында сауда-эко­но­микалық және инвестициялық ынты­­мақ­тастықты дамытудың басым бағыт­­тары талқыланды. Атап айтқан­да, тараптар жаңартылатын энерге­тика, азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруа­шылығы, тау-кен, көлік-логис­ти­ка, құрылыс-девелопмент және халық­аралық қаржы орталықтары ара­сын­дағы ынтымақтастық сынды перспективалы салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаласты.