Кеше Бурабайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Президентінің жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің жалпы отырысы өтті.
Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі ел экономикасы үшін маңызды мәселелерді қараумен келеді. Кешегі жалпы отырыс аясында елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар, сондай-ақ, индустрияландырудың екінші бесжылдығы (2015-2019 жылдарға арналған ИИДБ) шеңберінде инвестициялау және технологиялар трансферті мәселелері талқыланды. Шетелдік инвестицияларды тарту – елдің жалпы экономикалық саясатының басымдықтарының бірі. Осы орайда, бүгінде Қазақстанды өңірлік инвестициялық хаб ретінде қалыптастыру мақсатында барлық мүмкіндіктер жасалып, іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, индустрияландырудың бірінші бесжылдығы кезеңінде БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) бағалауы бойынша, Қазақстан шетелдік тікелей инвестицияларды тарту көлемі бойынша ТОП-20 көшбасшы елдердің қатарына кіріп, өтпелі экономикалы елдер арасында екінші орынға тұрақтаған. ҮИИДМБ іске асыру кезеңіне 2005 жылдан бері өңдеуші секторға барлық жалпы тікелей инвестициялардың 70 пайыздан астамы немесе 14 млрд. доллар тартылған. Қазіргі уақытта шетелдік инвесторлармен бірге 100-ден астам жоба іске асырылуда. Шетел инвесторлары кеңесі Қазақстан Президентінің төрағалығымен жүзеге асырылатын кеңесші-консультативті орган болып табылады. Кеңес 1998 жылы елдегі инвестициялық қызмет пен инвестициялық ахуалды жақсартумен тікелей байланысты өзекті мәселелерді тиімді шешу үшін мемлекет пен шетелдік инвесторлар арасындағы тікелей үнқатысуды қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Елдің инвестициялық саясаты мен экономикалық дамуының басты аспектілері бойынша Қазақстан Президенті мен Үкіметінің қарауына ұсынымдар мен ұсыныстарды әзірлеу Кеңестің басты міндеті саналады. Бүгінде еліміз шетелдік инвестицияларды тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасау бойынша жұмысты келесі жылдан басталатын индустрияландырудың екінші бесжылдығы шеңберінде жалғастыруға ниеттеніп отыр. Бұл ретте әрбір басымдыққа ие сектор үшін трансұлттық компаниялар тартылады. Үкімет бұл бойынша 162 трансұлттық компанияны айқындады, оның ішінде 72 компания экономикаға тартылмақ. Ал Шетел инвесторлары кеңесінің өзі құрылған кезден бастап оның 26 пленарлық отырысы өткізілсе, оларда елдегі шетелдік инвестициялар үшін құқықтық ахуалды жақсарту, Қазақстанның сот жүйесін жетілдіру, салық салу мен шетелдік жұмыс күшін әкелу жүйесін оңтайландыру, еліміздің инвестициялық имиджін жақсарту мәселелері талқыланған. Шетел инвесторлары кеңесінің биылғы, яғни 27-ші отырысы «Шетел инвесторларының Қазақстан Республикасының екінші индустриялық-инновациялық бес жылдығын жүзеге асыруға қатысу мәселелері» тақырыбында өрбіді. Шетел инвесторлары кеңесінің жалпы отырысы басталмас бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Президент Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелеріне қарата айтқан сөзінде: «Шетел инвесторлары кеңесінің 27-ші отырысы біздің еліміздің ғажайып жері, халқымыз «Қазақстан Швейцариясы» атап кеткен Бурабайда ұйымдастырылып отыр. Біз бұл жерде туристік саланы дамытуды көздеудеміз. Кеңес отырысының жұмысын бастамас бұрын мен сіздерге тағы да Қазақстанның мамандандырылған халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болғанын жеткізгім келеді. Күні кеше ғана Қазақстанға Халықаралық көрмелер бюросының туы табыс етілді. Бұл – Қазақстанға деген сенімнің символы, халықаралық мәртебеге ие үлкен шараның Қазақстанда өтуіне байланысты елімізді бағалаудың бір айғағы», – деді Елбасы. Осылайша, Шетел инвесторлары кеңесінің отырысы шетелдік инвесторлардың Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының екінші бесжылдығын жүзеге асыруға қатысу мәселелеріне арналып, ЭКСПО-2017 тіркеу досьесін қорғауға байланысты берілген Халықаралық көрмелер бюросының туын қабылдау салтанатымен басталды. Ал Қазақстан Президенті өзінің сөзінде инвесторлармен тұрақты кездесу жақсы дәстүрге айналғанын, ал Кеңес өзін шетелдік бизнес үшін де, біздің еліміз үшін де ең маңызды тақырыптарда ашық диалог құрудың тиімді алаңы ретінде көрсеткенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан үшін қазіргі өткізу нарықтарын кеңейтуге және ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін Еуразиялық экономикалық одақтың маңыздылығына тоқталды. Біздің елдеріміздің арасында тиімді экономикалық байланыстар орнату өңірде достық және тату көршілік қарым-қатынастарды жолға қоюға ықпал етеді. Кейбір елдерде ахуал тұрақсызданып, инвестициялық климат нашарлап отырған кезде Қазақстанда экономикалық одақтың арқасында шетелдік инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы Қазақстан экономикасына инвестиция салу Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығында жұмыс істеу үшін оңтайлы алаң болатынын атап өтті. Бірегей инвестициялық шарттар, ең төменгі салықтар және инвесторлар мен мемлекеттің өзара қарым-қатынастарының тұрақтылығы біздің елді Еуразиялық экономикалық одақтың алып нарығына кіретін «үздік» қақпа ретінде көрсетеді, деді Қазақстан Президенті. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығына тоқталған Мемлекет басшысы жаһандық экономикалық дағдарыспен байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, Қазақстан жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканың өңдеуші салаларына инвесторлар тарта алғанын атап өтті. Индустрияландыру картасы аясында 4 жылда жалпы сомасы 2,4 триллион теңгенің 651 жобасы іске қосылды, 70 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Осы жобалардың әрбір жетіншісі тікелей шетелдік инвестициялардың көмегімен жүзеге асырылды, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті мұндай жобалардың қатарында «Альстом» компаниясы ұйымдастырған Астанадағы электровоздар өндірісін, «Рено», «Ниссан» және «Автоваз» компанияларымен бірлескен автоқұрамдауыштар өндірісінің толық циклды зауытының құрылысын атады. Мемлекет басшысы әлемдегі тұрақсыз экономикалық ахуалдың салдарынан шетелдік тікелей инвестициялар ағыны қысқарып жатқан жағдайда Қазақстан инвесторлар үшін тұрақты әрі сенімді серіктес болып отырғандығын айтты. Әлемдік дағдарыстарға қарамастан, біздің экономикамыз орнықты даму қарқынын жоғалтпады. Біз инвесторларды барлық жағынан қолдаймыз және қолдау шараларын үнемі жетілдіріп отырамыз, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Индустриялық-инновациялық дамудың екінші бағдарламасының басымдықтарына тоқталған Мемлекет басшысы шетел инвесторларымен серіктестіктің бірқатар негізгі тәсілдерін атады. Қазақстан Президенті бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі жағымды макроэкономикалық климат қамтамасыз ету екенін айтты. Қазақстан он жылдан астам уақыт бойы кезең-кезеңімен орнықты макроэкономикалық орта құрды. Осы көрсеткіш бойынша біз 2013 жылы 23-орынды иелену арқылы қазірдің өзінде бәсекелестіктің жаһандық индексінде алғашқы отыздық елдері қатарына кіріп отырмыз, деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі инвесторлар үшін қосымша қолайлы шарттар тудыратынын айтты. Өйткені, елімізде сауда, инвестиция, зияткерлік меншікті қорғау салаларында халықаралық ережелер қолданылатын болады. Инвесторларға жәрдемдесудің тағы бір маңызды шарасы ретінде қаржылық қолдау мәселесі аталды. Индустрияландырудың жаңа бағдарламасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен бес жыл бойына шамамен 600 миллиард теңге бөлінеді. Сондай-ақ, Ұлттық қордан тағы 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылдадық. Оған қосымша, Дүниежүзілік банкпен, Еуропа Қайта құру және даму банкімен, Азия даму банкімен және Ислам банкімен негіздемелік келісімге де қол қойдық, деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы бизнес байланыстар мен кәсіпкерлердің халықаралық кооперациясын кеңейту үшін визалық кедергілерді жою қажеттігіне тоқталды. Бүгін біз Қазақстанда барынша жоғары инвестициялық белсенділік танытқан он мемлекеттің азаматтары үшін біржақты визасыз режім орнату туралы хабарлаймыз. Бұл тізімге АҚШ, Нидерланд, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Корея Республикасы және Жапония кірді, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті инвесторларды инновациялық экономиканың негізін қалыптастыру және тиісті кадрлар даярлау үдерістеріне белсенді қатысуға шақырды. Сіздерді корпоративтік ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық орталықтар құруға және оларды Назарбаев Университетінің құрылып жатқан Астана Бизнес Кампус ғылыми паркі аумағында орналастыруға шақырамын, деді Мемлекет басшысы. Кадр даярлау жүйесін жаңғыртуды индустрияландырудың маңызды шарттарының бірі ретінде атаған Қазақстан Президенті Үкіметке инвесторларды колледждер мен жоғары оқу орындарын басқаруға тартуды тапсырды. Мемлекет басшысы мемлекет-жекеменшік серіктестігінің маңыздылығына назар аударды. Осы орайда ол шетелдік инвесторларды жоспарланып отырған 700-ге жуық компанияны жекешелендіруге белсенді қатысуға шақырды. Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы «Еурокодтар» жүйесіне көшудің және құрылыс саласындағы сараптама бойынша қызметтердің басым көпшілігін бәсекелік ортаға берудің қажеттілігін де атап өтті. Мемлекет басшысы капитал салудың мейлінше перспективалы бағыттары ретінде шикізат, өңдеуші өнеркәсіпті, инновациялық салаларды, шағын және орта бизнес, туризм және қызмет көрсету секторын атады. Отырыс барысында Қазақстан Президенті басымдығы бар бағыттардың тартымдылығын көтеру үшін Үкімет әзірлеген ауқымды ынталандыру пакеті туралы да айтты. Атап айтқанда, индустрияландырудың осы салаларындағы инвесторлар корпоративтік табыс салығын төлеуден және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Сонымен қатар, мемлекет нысанды пайдалануға бергеннен кейін шетелдік инвесторларға күрделі шығыстарының 30 пайызына дейін өтеп беретін болады. Бұл орайдағы тағы бір шешім – инвестициялық жобаны жүзеге асырудың бүкіл кезеңінде және нысанды іске қосқаннан кейін бір жыл ешқандай квотасыз және рұқсатсыз жұмыс күшін тарту болып отыр. Сондай-ақ, инвесторларға қосымша құн салығы мен акцизден басқа, барлық салықтар мен төлемдердің мөлшерлемелеріне қатысты заңнаманың тұрақтылығына кепілдік беріледі. Қазақстан Президенті инвесторлар үшін мемлекеттік мекемелермен жұмыс кезінде «бір терезе» қағидаты енгізілетінін айтты. Бұдан бөлек, инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін «инвестициялық омбудсмен» институты заңнамалық деңгейде енгізілетін болады. Мемлекет басшысы басымдығы бар салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындардың кепілдендірілген тапсырыстар алуына жәрдем жасалатынына назар аударды. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялық климатты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Мемлекет басшысынан кейін сөз Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартиге берілді. Ол өз сөзінде Қазақстанның индустриялық-инновациялық саясатты қолға алуы өз кезегінде ел экономикасын ілгерілетіп, алға жылжытатын жаңа жобалардың дүниеге келуіне жол ашатынын атап өтті. Бұл – мықты институттармен дамыған нарықтың қалыптасуына да мүмкіндік беріледі деген сөз. Біз өз кезегімізде Қазақстанды экономиканың жандануы мен дамуына тиімді алғышарттар жасай алатын және соның нәтижесін көре алатын ел ретінде бағалаймыз. Қазақстан аз ғана уақыт ішінде өзінің экономикасын көтере алатын ел ретінде дәлелдеп берді. Бірақ, бұл жетістігін еселеуге де оның мүмкіндігі көп екенін айтуға тиіспін. Осы мақсатта елдің инвестициялық ахуалын жақсартудың маңызы зор. Бұл ретте шетелдік инвесторлардың рөлі айрықша, деді Сума Чакрабарти. Бұдан кейін Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев сөз сөйледі. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз Қазақстанның 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің құрамына кіру туралы стратегиялық мақсатын айқындадыңыз. Сондықтан, еліміздің экономикалық саясатының ең басым бағыттарының бірі Қазақстанды әрі қарай да индустрияландыру болмақ. Сіз 2010 жылы іске қосқан индустрияландыру үдерісі ұлттық экономиканы құрылымдық жағынан қайта құруға серпін берді және экономиканың өсуіне алғышарт жасады. Ал бұл – әлемнің көптеген елдері үшін рецессия мен экономикалық құлдырау жағдайында өте үлкен көрсеткіш, деді Ә.Исекешев. Мәселен, деп жалғады сөзін Ә.Исекешев, бүгінде елімізде өңдеу өнеркәсібінің дамып, еңбек өнімділігінің артуы байқалады. Өнеркәсіпте жұмыс істейтіндердің саны, соңғы кездері, 125 мыңға көбейіп, 1 млн. адамнан асып кетті. Бұл – әлемнің өзге елдерінде жұмыс орындары қысқартылып жатқан кезде байқалып отырған жақсы үдеріс. Алғашқы бесжылдық жоспарын орындау кезеңінде отандық және шетелдік инвесторлармен бірлесіп, жаңа өнеркәсіп орындарын ашуға қатысты белсенді жұмыстар жүргізілді. Мысалы, бір ғана өңдеуші өнеркәсіп саласында шетелдіктердің қатысуымен құны 5 млрд. доллар болатын 59 жоба жүзеге асырылды. Бұған қоса, шетелдік инвесторлардың қатысуымен әлі 86 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Индустрияландырудың екінші бесжылдығы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қисынды жалғасы болды. Сондықтан, индустрияландыру үдерісі динамикалық тұрғыда жүріп отырады. Бұл ретте, алғашқы бесжылдықта кездескен кемшіліктер мен әлі де жалғасып келе жатқан жаһандық рецессиямен байланысты қиындықтар, халықаралық бәсекелестіктің күшеюі мен әлемдік өнеркәсіптің ағымдағы трендтерімен байланысты үдерістер ескерілді, деді Ә.Исекешев. Осылай дей келе, ол мемлекет алдында тұрған іс-шаралар турасында баяндап берді. Оның айтуынша, бірінші атқарылатын жұмыс индустриялық даму аясындағы бағыттар төңірегінде өрбитін болады. Бұл ретте, арнайы сараптама жүргізіліп, индустриялық дамуға қатысты жоспарлар бекітілген. Соның нәтижесінде 6 өңдеуші өнеркәсіптің анағұрлым ілгері кеткен секторлары анықталыпты. Олар экспорттық әлеуетке ие. Оларға мемлекет айрықша назар аударып, қаржылық ресурстарды құятын болады. Оларға азық-түлік өнеркәсібін, машина жасау, қара және түсті металлургияны, мұнай өңдеу және мұнай химиясы саласын, агрохимия мен химикаттарға арналған өнеркәсіпті, құрылыс материалдарын шығаратын өнеркәсіпті жатқызуға болады. Екінші бағыт – қаржыландыру моделі. Бұл ретте, «қаржылық тетік» іске қосылады. Ал жалпы қаржылық қамтамасыз ету бірнеше қағидаттар негізінде жүзеге асатын болады. Мәселен, өңдеу өнеркәсібін дамытуға бөлінген қаржының 80 пайызы басым бағытқа ие салаларға бөлінеді, қалған 20 пайызы фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп секілді өңдеу өнеркәсібінің өзге де салаларындағы кейбір жобаларға олардың тиімділігіне көз жеткен жағдайда ғана бағытталатын болады, деді Премьер-Министрдің орынбасары. Ә.Исекешев кластерлерді дамыту үшінші бағытта жүргізілетін жұмыстардың бірі болатынын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, екінші бесжылдық жоспарын жүзеге асыру кезінде кластерлік тетік жекеменшік секторды мейлінше көбірек тарту арқылы жандандырылмақ. Төртінші бағыт 10 еркін экономикалық аймақ аясында жүргізілетін болады. Олар инвесторлардың өсуі үшін айрықша «нүкте» болмақ. Бұл жерлерде инвесторларға сапалы кәсіби басқарушылыққа негізделген инфрақұрылым ұсынылады. Ал басқарушылыққа Jourong және Dubai Port World сынды әлемдік деңгейде танымал компанияларды тарту қарастырылып отыр екен. Бесінші бағыт бойынша экспортты кеңейту көзделмек. Бұл орайда, экспорттаушыларды қолдаудың жалпыұлттық жүйесі құрылмақ. Оған сарапшылық, қаржылық және сақтандыру төңірегіндегі қаржылық құралдар енгізілетін болады. Алтыншыдан, индустрияландыру кадрлық қамтамасыз ету негізінде де жүзеге асырылмақ. Әрине, индустрияландыру жүйесін кәсіби кадрларсыз көзге елестету мүмкін емес. Сондықтан, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында 10 техникалық жоғары оқу орны мен 11 техникалық колледж таңдалып алынды. Бұл оқу орындары 55 мыңға тарта техникалық мамандарды даярлайтын болады, деді Ә.Исекешев. Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру барысында өнеркәсіп саласын дамыту бағытында Малайзия, Сингапур секілді елдердің тәжірибесі ескерілетінін жеткізді. Сол арқылы Қазақстан кезең-кезеңімен жаңа өндірістерді игеріп, экономиканың өсімін қамтамасыз ететін болады. Ал 2019 жылға қарай Қазақстанда экспорттық әлеуеті 3 млрд. АҚШ долларына тең жаңа өндірістік кәсіпорындар бой көтереді. ҮИИДБ-ның екінші бесжылдығын жүзеге асыру барысында Үкімет көптеген шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізді. Соның нәтижесінде Дженерал Электрик, Польфарма, Анадолу Групп, Шеврон секілді компаниялар Қазақстанның индустрияландыру үдерісіне белсене қатысып келеді. Бұл ретте, Шелл секілді компанияларға да бізге экспорттық тұрғыда қолдау білдіргендері үшін алғысымызды білдіреміз. Жалпы алғанда, инвесторларға жасалып отырған жағдайлар мен елімізде осыған қатысты қолға алынып жатқан іс-шаралар Қазақстанды өңіріміздегі инвестициялық хабтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз, деді Ә. Исекешев сөзінің соңында. «Тоталь» компаниясының атқарушы вице-президенті, атқарушы комитетінің мүшесі, «Тоталь Эксплорейшн энд Продакшн» бөлімшелерінің президенті, Қазақстан-Франция Іскерлер кеңесінің тең төрағасы Ив-Луи Даррикаррер, «Дойче Банк Франкфурт» компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа елдері бойынша бас атқарушы директоры, басқарма директоры, Қазақстан-Германия Іскерлер кеңесінің тең төрағасы Питер Тильске, «Эни» компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальци, «Джи-И Ой энд Газ» компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Лорензо Симонелли, «Анадолу Групп» компаниясының басқарма төрағасы Тунджай Озильхан, «ТелиаСонера» компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Йохан Даннелинд, Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының (ENRC) акционері Александр Машкевич, «Сбербанк России» басқармасының төрағасы Герман Греф, «Камеко» корпорациясының президенті және басқарушы директоры Тим Гитцель, «Эрнст энд Янг» компаниясының басшысы Карл Джоанссон сөз сөйледі. Мәселен, Кеңес отырысындағы күн тәртібіндегі негізгі тақырып турасында сөз алған «ТелиаСонера» компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Йохан Даннелинд: «Мен Қазақстанның іргелі бастамаларына құрметпен қараймын. Әсіресе, телекоммуникация, энергоқуаттар қызметіндегі белсенділік әлем назарына ілігуде. Бұл орайда, біздің компания әріптестік ынтымақтастықты, өзара тиімді байланыстарды нығайтуға әрқашан мүдделілік танытады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс елеулі қайтарым беруде. Қазірдің өзінде Қазақстан экономикасына 2 миллиард доллардан астам инвестиция жұмылдырылып, мыңдаған жұмыс орындары құрылды», деді. Сондай-ақ, Йохан Даннелинд үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында инновациялық инфрақұрылымды дамытудың екпінді кезеңі басталатынын атап көрсетіп, мұнда компанияның үлесі елеулі болатындығына назар аударды. Қазір бұл компания қызметін 13 миллион қазақстандық пайдаланып отыр екен. Алдағы кезде қызмет өрісін кеңейтуге қолайлы мүмкіндік туатын болады. Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының (ENRC) акционері Александр Машкевич соңғы төрт жылда Еуразия тобы Қазақстан экономикасына 5 миллиард доллардан астам инвестиция құйғанын атап көрсетті. Жалпы құны 2 миллиардтан астам долларды құрайтын 12 инвестициялық жоба – Еуразия тобының және оның 70 мыңға жуық ұжымының ҮИИД Мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуына қосқан үлесі. Осы бағдарламадағы біздің инвестициямыздың үлесі – 13 пайыз. Жаңадан 2 500-ден астам жұмыс орындары ашылды. Келесі бесжылдыққа біздің инвестиция 4 миллиард долларды құрайтын болады, олардың 1 миллиард долларға жуығы өңдеуші сала жобаларына жұмсалмақ. Бұл жобалар инновациялық технологиялардың ендірілуін көздейді және өнімділік пен энерготиімділік өсіміне, өзіндік құнның төмендеуіне және экологияның жақсаруына бағытталған, деді ол. Сондай-ақ, А.Машкевич инвестицияны ынталандыру пакеті туралы ойларын былайша жалғастырды: «Қазақстанның негізгі жүйе құраушы металлургиялық кәсіпорындары өткен ғасырдың ортасында құрылғандықтан, кең ауқымды реновациялар қажет. Тек осылай ғана бәсекеге қабілеттілікті сақтауға болады. Ал қолданыстағы өндірістің реновациясына бағытталған инвестициялардың көлемі жаңа зауыттардың құрылысына бағытталған инвестициялар көлемінен кем емес. Мысалы, Ақсу ферроқорытпа зауытындағы екі цехтың реновациясына шамамен 260 млн. доллар бағыттау қарастырылған. Бірақ Үкімет ұсынған пакеттегі жеңілдіктер мұндай жобаларға қолданылмайды екен. Салық жеңілдіктерін берудегі теңсіздік жағдайы инвесторлардың қолданыстағы кәсіпорындарға салымдар салуға ынтасын айтарлықтай төмендететіні анық. Осыған орай, пакетте қарастырылған салық жеңілдіктерін қолданыстағы өндірісті жаңғырту мен кеңейтуге бағытталған инвестицияларға да таратуды ұсынамыз». А.Машкевич, сонымен қатар, жаңадан белгіленген ынталандыру шараларын қазір жүзеге асырылып жатқан және жақын уақытта қолданысқа енгізілетін стратегиялық жобаларға да қолданса, әділ болар еді деген ойын жеткізді. Мысалы, деді ол, қуаттылығы 440 мың тонна, құны 850 млн. доллар болатын жаңа ферроқорытпа зауытының құрылысын алайық. Бұл – соңғы 5 жылда өңдеу өнеркәсібі саласында жүзеге асырылған инновациялар бойынша баламасы жоқ ірі жоба. Оның құрылысы аяқталып келеді. Жаңа ынталандыру шараларын осы жобаға да қолданса жөн болар еді. Сөзінің соңында ол компанияның әлеуметтік бағытты қолдаған жұмыстарына тоқталды. Еуразия тобының соңғы 5 жылдың ішінде салған әлеуметтік инвестициясы 100 млрд. теңгеден астам қаржыны құрады. Бұл – Қазақстанның әлеуметтік жаңаруына қосқан біздің қомақты үлесіміз, деді ол. Ал «Сбербанк России» басқармасының төрағасы Герман Греф Қазақстан Президенті мен ел тұрғындарын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуымен және ЭКСПО көрмесін ұйымдастыру құқығын жеңіп алуымен құттықтады. Бүгінде Сбербанк қызметтерін дүниежүзіндегі 22 елдің 110 миллион жеке тұлғасы және 1 миллионға жуық кәсіпорындары пайдаланады. «Сбербанк» АҚ ЕБ – Сбербанк халықаралық тобына кіреді. Бұл құрылым Қазақстанның қаржы нарығында жеті жыл бойы жемісті жұмыс істеп келеді және активтерінің көлемі бойынша Қазақстандағы ЕДБ арасында төртінші орынға ие. Оның 107 құрылымдық бөлімшеден тұратын филиалдық желісі бар. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің пленарлық мәжілісі аясында «Сбербанк России» мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осыған байланысты Герман Греф: «Индустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыру аясында Қазақстанның алдында экономиканы әртараптандыру бойынша ауқымды мақсаттар тұр. Ол елеулі инвестициялар көлемін талап етеді. Осындай жағдайда Сбербанк мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі шегінде ынтымақтастықтың жаңа нысанын ұсынуға дайын. Ол – мемлекеттік компаниялармен, жеке сектормен және даму институттарымен бірлесе отырып ірі индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру», деген ұстанымын ортаға салды. «Анадолу Групп» компаниясының басқарма төрағасы Тунджай Озильхан: «Біз Қазақстанның экономикалық дамуындағы қарқын мен оның ауқымдылығына риза көңілмен тілектеспіз. Қазақстан әлемнің дамыған индустриялық 30 мемлекетінің қатарына қосылуға толық мүмкіндігі бар деп санаймыз. Біздің «Эфес» және «Кока-кола Ичечек» сияқты ірі компанияларымыз өз инвестициясының тиімді қайтарымын көріп отыр. Алматыдағы газдалған және басқа сусындар шығаратын зауытымызда 800-ден астам адам жұмыс істейді. Компанияның Қазақстанда қызметін бастаған жылдардан бергі инвестициясының көлемі 1 миллион АҚШ долларына жетті. Қазір біз Астанада жаңа зауыт құрылысын бастадық. Мұндағы қаржы құйылымының жалпы көлемі 420 мың долларды құрамақ», деді. «Эфес Қазақстанның» Қарағанды және Алматы қалаларында сыра зауыттары бар. Қазір компанияның нарықтағы үлесі 8 пайыздан 60 пайызға жетіпті. Қазақстандағы инвестициялық климаттың жақсаруы компанияның алдағы қызметіне серпін береді деуге толық негіз бар. «Камеко» корпорациясының президенті және басқарушы директоры Тим Гитцель: «Компаниямыз 1993 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істейтіндіктен, осынау ғажайып елдің даму баспалдақтарына куәміз. Бұл ұмтылыстарды тілектестік ниетпен қолдап келеміз. Мәселен, Инкай кен орнын пайдалануға беру арқылы (147 мың тонна уран) мемлекеттің пайдалы қазба байлықтары қорын толықтыруға септестік. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңінде қомақты жұмыстар белгіленіп отыр. Бұл біздің де жаңа сатыларға көтерілуімізге мүмкіндік жасайды», десе, «Эрнст энд Янг» компаниясының өкілі Карл Джоханссон: «Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын зерттеудің биылғы қорытындысы ел экономикасының дамуына алғышарттар қалайтынын көрсетті. Бұл – сұрау салынған 27 елдің 200-ден астам инвесторының ортақ пікірі. Осы көрсеткіш алдағы үш жылда бұрынғы деңгейден де өсе түспек. Мұны біз елдегі макроэкономикалық, әлеуметтік және саяси тұрақтылықпен байланыстырамыз. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы бұл бағыттағы серпінді қуаттандыра түспек», деген ойымен бөлісті. Іс-шараның қорытынды бөлігінде «Бурабай-Қостанай» телекөпірі болып, оның барысында Мемлекет басшысы «Тойота» автомобильдерін шығару жөніндегі жобаны іске қосу рәсіміне қатысты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Шетел инвесторлары кеңесінің келесі отырысында Қазақстандағы агробизнесті дамыту мәселелерін талқылауды және оны Шымкентте өткізуді ұсынды. Отырыстан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Кеңеске қатысушылармен бірге Щучье көлінің жағасына тігілген этно-ауылды аралап көрді. Бақберген АМАЛБЕК, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Бурабай кенті.IBA Азия чемпионатындағы өзбекке кеткен «алтынды» Абылайхан Жүсіповке қайтарды
Бокс • Бүгін, 09:42
Оқырман ойы: Игі істің дәнекері
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35
«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25
Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20