Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетова брифинг өткізді. Онда негізінен еуразиялық интеграция аясындағы өңіраралық ынтымақтастықтың нәтижелері сөз болды.
Алдымен ол өңірдің сыртқы сауда айналымынан қысқаша хабардар етті. Оның айтуынша, өткен жылы облыстың сыртқы саудадағы тауар айналымы 10 миллиард долларды құраған. Бұл 2012 жылғымен салыстырғанда 15 пайыздан астамға көп. Мұның 9 миллиард доллары экспортқа шығарылған тауарлардың үлесіне тиеді. «Кеден одағының жұмыс істей бастауы өңірдің экономикалық көрсеткішіне жаңаша серпін беретіні байқалып отыр, – деді Шолпан Ілмұханбетова. – Өткен жылдың өзінде ғана Маңғыстау облысының Ресей мен Беларусь елдері арасындағы тауар айналымы 113 пайызды құрап, 217 миллион долларға жетті. Оның ішінде Ресеймен 14 пайызға, Беларусьпен 6 пайызға артты».
Шолпан Ілмұханбетова облыстың Ресей мен Беларусь кәсіпорындары арасындағы байланыстарға да тоқталды. Әкім орынбасарының атап өтуінше, облыстың кәсіпорындары ресейлік және беларусьтік компаниялармен бірлескен жағдайда түрлі тауарлар өндіруді, жүк тасымалдауды жолға қойған. Бүгінде облыста және аталған елдер аумақтарында 300-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп келеді. «Бірлескен кәсіпорындардың ойдағыдай жұмыс істеуі жергілікті бюджетке түсетін қаржы көлемін арттыра түсуде, – деді облыс әкімінің орынбасары. – Мысалы, өткен жылы бірлескен кәсіпорындардан бюджетке түскен қаражат 13 пайызға артты».
Маңғыстау облысында азық-түлік түрлерінің бағасы республика бойынша ең жоғары екенін статистикалық мәліметтер көрсетеді. Алдағы жылдары бұл мәселе шешімін табатын секілді. «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр, – деді Шолпан Ілмұханбетова осы жөнінде. – Облысқа азық-түліктің 85 пайызға жуығы өзге аймақтардан әкелінеді. Мысалы, сүт пен көкөніс түрлерінің барлығы дерлік Ресей мен Беларусьтен жеткізіледі деуге болады. Осыны сәл де болса азайту мақсатында бұдан екі жылдай бұрын Беларуське барып, олардың агроқалашықтары тәжірибелерімен танысқан едік. Енді белорустермен бірлесіп, агроқалашық салуды жоспарлап отырмыз».
Шолпан Ілмұханбетова, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істей бастаған соң, облысқа еңбек ресурстарының ағылатыны жөнінде де өз ойын білдірді. «Қазіргі кезде біздің облыста Ресей мен Беларусьтің бір мыңға жуық азаматы жұмыс күші ретінде тіркелген, – деді ол. – Өңірде бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Сол жобалар іске қосылған соң, тағы бір мыңға тарта маман келеді деп жоспарлануда. Олар біліктілігі жоғары мамандар болуы тиіс. Өйткені, өте сирек және заманауи технологияларды игеруге білікті, тәжірибелі мамандар қажет. Бұл мамандар мұнай-газ секторы мен машина жасау саласына тартылады».
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».