Қорғаныс министрі Серік Ахметов жұмыс сапарымен Алматы горнизонында болды. Өңірге барған кезінде министр қорғаныс-өнеркәсіптік кешеннің кәсіпорындарын, арнаулы мақсаттағы әскери бөлімдерді аралап көрді.
С.Ахметов, сондай-ақ, «Арыстан» мамандандырылған лицейінде болып, әскери білім беру мекемесінің екінші түлектері атанғалы отырған тәрбиеленушілерді салтанатты шығарып салу іс-шарасына қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қорының қаржысына салынған «Арыстан» лицейінде еліміздің барлық өңірлерінен дарынды жасөспірімдер оқиды. Оқушылардың көпшілігі – пәндік олимпиадалар бойынша халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары.
Салтанатты рәсім басталар алдында Серік Ахметов, мекеменің қамқоршылар кеңесінің төрағасы Тимур Құлыбаев, БҒМ-нің жауапты хатшысы Әлия Ғалымова, АҚШ-тың Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Джон Ордвей, сондай-ақ, бірқатар шет мемлекеттердің әскери атташелері лицейдің кабинеттерін, спорттық базасын, асханасын, медициналық орталығы мен жатақханасын көріп шықты.
Меймандардың көздері жеткеніндей, казармалық негіздегі арнайы мектепте әскери мамандыққа тәрбиеленушілер мен физика-математика пәндеріне ыңғайы бар балаларға оқу үдерістері үшін барынша жақсы жағдай жасалған. Кең де жарық аудиториялар, жаңа құрал-жабдықтар орнатылған зертханалар, бай кітапхана қоры қай кезде де оқушылардың игілігінде. Оқу және тамақ тегін. Оның үстіне жақсы оқитындарға ай сайын стипендия аударылып тұрады.
Тәлімгерлер бұл күнді кең көлемде атап өтті. Мереке үрлемелі оркестрдің үнімен салтанатты сап түзуден басталды. Жасөспірімдерді лицейді бітірулерімен құттықтаған Қорғаныс министрі өткен жылы лицейдің алғашқы шығарылымы болғанын еске салды. Бүгінде «Арыстанның» көптеген тәрбиеленушілері шетелдік және отандық жетекші әскери ЖОО-ларда, ІІМ, ҰҚК академияларында, қаржы полициясында, сонымен қатар, Назарбаев Университетінде оқуларын жалғастыруда.
Бұған лицейде халықаралық стандарттарға жауап беретін заманауи білім беру базасының болуы арқасында қол жеткізіліп отыр. Мұнда тәжірибелі де жоғары білікті педагогтар жұмыс істейді. Олар әрқашан оқушыларының бойында тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруға баса көңіл бөледі. Өздерінің өмірлерін әскери қызметпен байланыстырғысы келетін жастар үшін мұндай қасиеттердің қажет екені айтпаса да түсінікті.
Тәлімгерлерге қарата айтқан сөзінде С.Ахметов: «Арыстан» лицейі шын мәнінде өз болашағын әскери қызметпен байланыстыратындарды тәрбиелейді. Қарулы Күштердің кадрлық офицері болуды, туған елінің қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосуды армандайтындарға арналған мектеп болып табылады», – деді. Ал, өз кезегінде, Т.Құлыбаев та сөз арнап, тәлімгерлердің лайықты Отан қорғаушылар болуына тілектестігін білдірді. Осы арада айта кететін бір жайт – оқу озаттары Данияр Иманқұлов пен Абылай Оразханов қазірдің өзінде АҚШ-тың Әскери-теңіз күштері мен Әскери-әуе күштері академияларына оқуға түсіп үлгерсе, Нұрбек Рысқожаев, Константин Макаров, Шымболат Қайырбеков және Айбек Керімбек құжаттарын Ресейдің, Түркияның, Беларусьтің әскери институттарына жіберіпті.
Аттестаттар мен төсбелгілерді тапсыру рәсімінен соң тәлімгерлер меймандарға сапта жүру машықтарын көрсетті. Плац үстінде А.Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебі оқушылары ұлт-аспаптар оркестрінің шағын концерті қойылды. Сазгер балалар тәлімгерлер вальсін құйқылжыта орындағанынан кейін тәлімгерлер аллеясы аумағында 2024 жылдың лицейшілері үшін тілектер жазылған құты-капсула салынды. Салтанатты шара кешқұрым мерекелік балмен және жастар дискотекасымен мәресіне жетті.
«Егемен-ақпарат».