Спорт • 19 Қаңтар, 2023

Жеңіл атлетикаға тың серпін қажет

265 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

23 қаңтарда Астанадағы «Qazaqstan» спорт кешенінде жеңіл атлетикадан «Astana Meeting World indoor tour» деп аталатын халықаралық турнирдің шымылдығы түріледі. Әлемге әйгілі «Гауһар лигасының» баламасы бойынша өтетін жарыста жер-жаһанның әр қиырынан келген ең таңдаулы спортшылар бақ сынайды. Олардың қатарында Эфиопия, АҚШ, Марокко, Португалия, Бразилия, Куба және тағы басқа мемлекеттердің дүлдүлдері бар. Бәсекелер жеңіл атлетиканың тоғыз түрі бойынша өтеді. Оның әрқайсысының жүлде қоры 4 мың АҚШ долларын құрайды.

Жеңіл атлетикаға тың серпін қажет

Жоғарыдағы жаңалықты естіп кәдімгідей қуанып қалдық. Себебі спорт атаулының арасында ең көп жүлде жиынтығы дәл осы жеңіл атлетикада сарапқа салынатынын жұрт жақсы біледі. Мәселен, соң­ғы Олимпия ойындарында – 48, ал әлем чемпионатында 50 медаль жиынтығы таратылды. Басқа байрақты бәсекелерде де дәл солай. Яғни кешенді жа­рыстардың жалпы есебінде жеке-дара көш бастауды мақсат тұтқан командаларға, ең бірінші кезекте, «спорт падишасы» деген атауға ие жеңіл атлетикаға ба­рынша көңіл аудару қажет. Тек сонда ғана дүбірлі додаларда алдыңғы лектен көрінуге тамаша мүмкіндік туады.

Егер тарихқа үңілсек, Қазақ­станның жеңіл атлеттері де жар­қын жеңістерімен сан мәрте өз жан­күйерлерін қуантқанына куә боламыз. Алғаш рет осыдан 71 жыл бұрын, яғни 1952 жылдың жазында Хельсинкиде алауы тұ­танған Олимпия ойындарының 4х100 эстафеталық сайысында құрамында Борис Токарев, Лев Калев, Леван Санадзе және Вла­димир Сухарев сынды желаяқтары бар КСРО құрамасы күміс медаль олжалады. Суоми елінде ең соңғы болып жүгірген Сухарев Жамбыл облысы Қордай ауданының тума­сы екенін біреулер білсе, біреу­лердің білмеуі де мүмкін. Ара­да төрт жыл өткен соң ол сол нәти­жесін Мельбурнде қайталады. Жасыл құрлықта жерлесімізден бөлек, Леонил Бартенев, Борис Токарев және Юрий Коновалов өнер көрсетті. Осы Олимпиаданың екеуінде де КСРО құрамасы АҚШ-тың желаяқтарынан қалып қойды. Сонымен қатар Сухаревтің Еуропа чемпионы және сол жарыстың қола жүлдегері деген атақтары бар. Ол 1997 жылдың көктемінде 73 жасқа қараған шағында Мәскеуде қайтыс болды.

1956 жылы Мельбурн Олимпиа­­да­сында балға лақты­рудан қола медаль олжалаған Анатолий Само­цветов жайында екі түрлі ақ­паратты көзіміз шалды. Кейбір дерек көздері оны Иркутскіде ту­ды десе, кейбіреуі қазіргі Жетісу облысына қарасты Сарқан ауданының Қарғалы ауы­лында дүниеге келген деседі. Қалай бол­ғанда да, оның балалық және жастық шағы Талдықорғанда өтті. Сол жерде жүріп, жеңіл ат­ле­ти­каның қыр-сырына қаны­ғып, кәсіби спортшы ретінде қа­лыптасты. Кейіннен Мәскеуге қо­ныс аударды. Жасыл құрлықта Самоцветов америкалық Гарольд Конналли мен өзінің командалық әріптесі Михаил Кривоносовтан ғана қалып қойды. Кейіннен ол Дүниежүзілік универсиадада кү­міс медальды мойнына ілді. Са­моцветов 2014 жылдың тамы­зын­да 82 жасқа қараған шағында жа­рық дүниемен қош айтысты.

1960 жылы Римде алауы тұ­танған Олимпия ойындарында КСРО-ның желаяқтары тағы да тамаша өнер көрсетті. Бұл жолы олар эстафетада немістерді алға жіберіп, күміспен күптелді. Аталған команданың сапында полтавалық Леонид Бартенев, бакулік Юрий Коновалов және ленинградтық Эдвин Озолинмен бірге семейлік Ғұсман Қосанов та жарыс жолына шықты. Осы­лайша, Қосановтың есімі төрт­жылдықтың басты додасында жеңіс тұғырына көтерілген тұң­ғыш қазақ спортшы­сы ретінде тарихта қалды. Қан­дасымыз 1964 жылы Токио Олим­пиадасына да қатысты. Бірақ Күншығыс елінде КСРО-ның өрендері бесінші орыннан аса алмады. Есесіне Қосанов басқа жарыстарда та­бысты өнер көрсетіп, мол ол­жаға кенелді. Өкінішке қарай, Ғұс­ман желаяқтың ғұмыры келте болды. Ол 1990 жылы 55 жасында фәниден бақиға аттанды.

1972 жылы Мюнхендегі ойындарда КСРО өз тарихында тұңғыш рет жеңіл атлеттер арасындағы жарыстың жалпыкомандалық есебінде АҚШ-ты тұғырдан тайдырып, бірінші орынды олжалады. Неміс жерінде жасындай жарқылдаған спортшылардың бірі – Вениамин Солдатенко. Сол­түстік Қазақстан облысы Ақ­қайың ауданының тумасы спорт­тық жүріс сайысында күміс ме­даль еншіледі. 50 шақырымдық қа­шықтықты ол 3 сағат 58 минут 24 секундта жүріп өтті. Отандасымыз бас жүлдені олжалаған жергілікті жеңіл атлет Бернд Канненбергтен небәрі екі минут қана қалып қойды. Кейіннен Солдатенко әлем және Еуропа чемпионы атанды. 4 қаңтарда 84 жасқа толған Вениамин Васильевич бұл күндері Алматыда тұрып жатыр.

1976 жылы Монреаль Олим­пиа­дасының 4х100 эстафеталық сайысында Александр Аксинин, Юрий Силов және даңқы жер жар­ған Валерий Борзовпен бірге Николай Колесников та жү­гірді. Ол – Алматының тумасы. Ко­лес­никовтің Олимпиаданың қола жүлдесінен бөлек, Еуропа чем­пионы деген атағы бар. Биыл күзде Николай Васильевич 70 жыл­дық мерейтойын атап өткелі отыр. Ол Нева жағалауында тұ­рады.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Владимир Муравьевтің теңдессіз өнеріне тамсандық. 1959 жылы Қарағанды қаласында шахтерлар отбасында дүниеге келген ол бала кезінен спортты серік етіп, уақыт оза көптеген биік белесті бағындырды. Атап айтсақ, әлем чемпионатында күміс пен қола медальдар иеленді, Еуропа чемпионы атанып, «Достық» ойын­дарында екі рет топ жарды. Бұл табыстардың барлығына Му­равьев эстафетада қол жеткізді. Ал оның спорттық мансабындағы ең зор табысы – 1980 жылы Мәс­кеу және 1988 жылы Сеул Олим­пиадаларының бас жүлдесі. Қазіргі кезде Владимир Павлович Германияда ғұмыр кешуде.

Мәскеудегі ойындарда тағы бір жерлесіміз Татьяна Лесовая да көпшілік назарын өзіне аударды. Талдықорғанның тумасы дискіні 67 метр 40 сантиметрге лақтырып, қола медаль иеленді. Ол тек ГДР-дың өкілі Эвелин Яль (69,96 м.) мен Болгарияның беткеұстары Мария Петковаға (67,90 м.) есе жіберді.

1988 жылы Сеул Олимпиа­дасында Владимир Муравьевпен бірге Жезқазғанның тумасы Ви­талий Савин де жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Дәл сол жарыста сырықпен секі­руші Григорий Егоров қола ме­даль­ға қол созды. Шымкентте дүние­ге келген дарынды жігіт 5 метр 80 сантиметрлік межені ба­ғындырды. Ол атағы алысқа жайылған Сергей Бубка (5,90 м.) мен Радион Га­тауллиннен (5,85 м.) ғана қалып қойды.

Кеңес одағы дәуірінде Әмин Тұяқовтың да тұғыры биік болды. Қысқа қашықтықтарға жүгіруде және эстафеталық сайыстарда ол алдына жан салмай, сан мәрте рекорд жаңартты. Маңғыстау облы­сының Шайыр ауылында дү­ниеге келген дүлдүл 1965 жылы Штутгартта Еуропа кубогі және 1966 жылы Еуропа чемпио­натында теңдессіз деп танылды. КСРО мен АҚШ-тың матчтық кездесуінің жеңімпазы атанды. Бірақ сол кездері іштарлық та­нытқан мәскеулік мамандар Тұяқовты Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарынан шет­тетті. Соның кесірінен желмен жарысқан асыл ағамызға аталған жарыстардың жеңіс тұғырында марқайып тұру бақыты бұйыр­мады. Келесі айда 86 жасқа тол­ғалы отырған Әмин Елемесұлы Алматыда тұрып жатыр.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңге тоқталсақ, 2000 жылы Сиднейде 100 метрге кедергілер арқылы жүгірген Ольга Шишигина шашасына шаң жұқтырмай, алтыннан алқа тақты. 2004 жылы Афинада онсайысшы Дмитрий Карпов қола медаль еншіледі. Үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова айтулы жарыста үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, 2008 жылы Бейжіңде жер­лесіміз төртінші орынға та­бан тіреген еді. Алайда жүлде алған қос спортшының допинг қолданғандары анықталып, олар барлық атақтарынан айырылды. Соның арқасында Ольгаға күміс жүлде табыс етілді. Ал 2012 жылы Лондонда Рыпакова алтын алса, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода қола медальды мойнына ілді.

Жеңіл атлетикадан әлем чем­пионаты алғаш рет 1983 жылы ұйымдастырылды. Хельсинкиде өткен жарыстың 4х100 метрлік эстафетасында Владимир Му­равьев қола медальды иеленді. Келесі жарыс 1987 жылы Римде өтті. Апеннин түбегінде одақтың желаяқтары америкалықтардан ғана қалып қойып, күміс медаль еншіледі. Сол команданың са­пында Муравьев та өнер көрсетті. Сондай-ақ қызылжарлық мара­фоншы Зоя Иванова күміс алса, үш қарғып секіруде шымкенттік Олег Сакиркин қолаға қол созды. Ал 1991 жылы Токиода жа­лауы жел­біреген жарыста жер­лес­те­рі­мізге жалқы жүлде де бұйыр­мады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан 15 әлем чемпионатына қатысып, барлығы сегіз жүлдеге қол жеткізді. Алғашқы болып Григорий Егоров біздің жан­күйер­лерге медальдың сың­ғы­рын естіртті. Сырықпен 5 метр 90 сантиметрге секірген ол күмісті еншілеумен қатар, Азия­ның рекордын жаңартты. Бұл бәсекеде атақты Сергей Бубка отан­дасымыздың алдын орап кетті. Украина мақтанышының көр­сеткіші – тура 6 метр.

1995 жылы Гетеборгта 100 метрге кедергілер арқылы жү­гірген Ольга Шишигина екін­ші орын алса, 2001 жылы Эдмон­тонда үшінші сатыға табан тіреді. Скандинавия түбегінде алматылық ару АҚШ-тың желаяғы Гейл Диверстен оза алмады. Үйеңкі жапырақтар елінде Ди­верс күміс алса, бас жүлде тағы бір америкалық Анджанет Кир­клендке бұйырды. 2003 жылы Сен-Дени және 2007 жылы Осакадағы онсайысшылардың бәсе­кесінде Дмитрий Карпов үшін­­ші тұғырға табан тіреді.

Соңғы 12 жылда әлемдік додада даралануға күш-жігері мен шама-шарқы жеткен Қазақ­станның бір ғана жеңіл атлеті бар. Ол – үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова. Олимпиадада толық жүлде жиынтығын жеңіп алған Өскемен қаласының өкілі аталған жарыста да үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Ольга 2011 жылы Тэгуде 14,89 метрлік көрсеткішпен күміс медаль ие­ленді. Бірінші орынды олжа­лаған Ольга Саладуха одан бес сантиметр озды. 2015 жылы Бей­жің және 2017 жылы Лон­донда жалауы желбіреген жарыс­тарды Рыпакова үшінші орынмен қоры­тындылады. Міне, әлем чем­пионаттарының қысқаша тарихы осындай.

Өздеріңіз байқағандай, Қазақ­станның өрендері спорттың бұл түрінде біраз табысқа қол жет­кізді. Бірақ осы көрсеткішке «кө­ңіліміз толады» деп айта ал­­маймыз. Олай деуге негіз, өзге мемлекеттердің өкілдері ме­даль­дарды «күреп» алып жат­­қанда, жерлестеріміз анда-санда ғана үздіктер сапынан кө­рініп жүр. Оның үстіне, соңғы 12-13 жыл аралығында Ольга Рыпакова ғана өрелі өнерімен өз жанкүйерлерін қуантты. Біз ұзақ уақыт бойы тек сол спортшыға сенім арттық. 37 жасқа дейін бабы мен бағы қатар шапқан ол былтыр Токио Олимпиадасы аяқтал­ғаннан кейін үлкен спорт­пен қош­тасатынын ресми түрде мәлімдеді.

Қарап отырсақ, қазіргі кезде сол атақты спортшының орнын басатын ешкім жоқ. Ел намы­сын қорғап жүрген отандас­та­рымыздың шама-шарқы тек құрлықтық деңгейдегі жарыс­тарда жүлде алуға ғана жетеді. Ал әлемдік додаларда дараланатын ешбір асқан дарын иесін көріп тұрған жоқпыз. Ал енді сол олқылықтың орнын толтыру үшін не істеу керек? Еліміздің спорт басшылары мен жеңіл ат­летиканың басы-қасында жүр­ген мамандар тығырықтан шығу­дың жолын іздеп, қорда­ланып қал­ған осы мәселенің шешімі мен түйінін табуға тиіс. Олай бол­маған жағдайда, ертеңгі күні бар­мақ тістеп қалатынымыз анық. Легионерлер проблеманы түп­кілікті шешпейтіні анық.