Жастар ойы бүкіл әлемді шарлап кеткен, олар жер шарының көптеген жерінде болған немесе интернет, теледидар арқылы бүкіл дүние жүзіндегі жағдай, тұрмысты біліп отырады. Кәсіпкерлікке, қаржы табуға бейім.
Бірақ бір әттеген-айы – бүгінгі жас ұрпақтың көпшілігі кітап оқымайды, әдебиеттен аулақ өсті. Неге? Өйткені бұлар туғанда, бала кезінде 90-жылдары ел қиын жағдайда еді. Ата-аналары Қытайдың ала қабын арқалап, отбасын асырау үшін тентіреп кетті, түрлі базарға барды, саудаға кірісті. Үйде бала-шаға қараусыз, тәрбиесіз қалды. Оларды тек теледидар мен көше тәрбиеледі.
Олар кішкентайынан кітап оқымайтын болып өсті, ой-санасы басқаша қалыптасты. Баланы не шеше тәрбиелейді, не көше тәрбиелейді, не дала тәрбиелейді. Енді сол тоқсаныншы жылдары туғандар өздері отбасын құрып, бала тәрбиелеуге көшті.
Жастар – ХХІ ғасырдағы елімізді алға апаратын, әділетті мемлекет болуға бел шешіп кірісетін біздің болашағымыз. Сондықтан да жастар мәселесі мен тәрбиесі ең басты құндылығымыз болып қала бермек.
Бірақ өткен жылғы «Қасіретті қаңтар» көп күрделі мәселені тез арада шешуді күн тәртібіне қойды. Бұл оқиға жаңа бетбұрыс кезеңінің бастауы болды. Өткен ескі сүрлеумен емес, Президентіміз Қ.Тоқаев бүкіл қоғамға жаңа сара жол ұсынды. Бір жылдың ішінде ғасырға бергісіз ұлан-ғасыр саналы да салиқалы, қордаланған түйінді шешетін нақты жұмыстар атқарылды.
Осыдан бір ғасыр бұрын Алаш арыстары «Оян қазақ елім, Алаш жұртым!» деп ұран тастады. Сол ардақтылар Алаш туын көтергенде жап-жас бола тұра, елдік ұлттық мүддені жоғары қойып, бастарын бәйгеге тікті, кеуделерін оққа тосты.
Бойында бұлықсыған күш-қуаты, арман-мүддесі бар мемлекетшіл кемел білімді жастар болашақ жөніндегі үлкен жоспарларды тың серпін, ерен құлшыныспен атқарып тастайды. Жас болса да бас бола білген Ғани Мұратбаев: «Жастардың бүгінгі міндеті – оқу, білім, тәрбие жұмыстары. Жастар бүгін сөзден іске көшетін заман», деген еді.
Алайда аузын арандай ашып жаһандану бізге де келіп жетті. Елдің бәрі қалта телефоны, интернет, әлеуметтің желіге байланып, маймылша бүкшиіп, солардан шықпайтын болды. Үлкен-кішісінің барлығы интернетке шұқшиып отырады.
Сол интернет әлеміндегі хабар, дүниелерде озығы да, тозығы да, сорақы сұмдығы да толып жатыр. Біздің ел өте әуесқой, тез қабылдағыш ел. Жастар да жапатармағай бас салып, солардың ішіне түсіп, бәрін тоғыта көріп жатыр, ой-санасына сіңіріп алуда.
Интернетте не бәле жоқ: жезөкшеліктің небір сойқан түрлері, адам шошитын жат нәрселер өріп жүр. Талғамай, таңдамай буыны бекімеген балалар мен жастар қазір бар тәрбиені сол интернеттен көріп, оқып бойына сіңіруде. Батыстың, шетелдің сыртқа лақтырып тастаған былапыт дүниесін құныға, құлшына көріп жатқан бесіктен белі шықпаған бала онда зымиян саясат бар екенін біліп, түсініп жатқан жоқ.
Ал әлеуметтік желідегі бір-бірімен жазысып, ой-ұсыныс айтып жатқандардың хаттарын ашсаңыз, қатеден аяқ алып жүре алмайсың, сауатсыз, тіпті ұятсыз, өте тұрпайы. Сондықтан елге, ұлтқа қарсы түрлі сорақы қылмыстық жолға итермелейтін, жаман әдетті дәріптейтін сайттарға қарсы қатаң тоқтау салатын заң қажет деп санаймыз. Жастарымызды жат әдеттермен уландырып, жындандырып жібермеуіміз керек.
Бүкіл еліміздегі бар насихат қазір теледидарда қалды. Бірақ теледидарда ойлы, салмақты дүниелер аз, бәрі ырду-дырду, ойын-сауық, арзан күлкі. Жастарға үлгі-өнеге болатын басқа да сан мамандық иелері қайда, олардың тұрмыс, өмірі, айтар ойы қайда? Зиялы қауым өкілдерінің құнарлы, маңызды ой-пікірлері, жалпақ жұртқа айтар өзекті мәселелері неге көтерілмейді?
Ең ауыр кесел – маскүнемдік пен нашақорлық, бұл ұлтты аздырып, тоздыратын ең қауіпті дерт. Нашақорлық бұрын қалаларда ғана болушы еді, қазір ауыл жастарына да жетті. Бұл сұмдық індеттен құтылу, біржола тазарту – ортақ ісіміз.
Баяғыда мектептерде денешынықтыру сабағына ерекше көңіл бөліп, үлкен үзілісте гимнастика жасататын. Таза ауада сабақ өткізу, табиғатқа шығу сабақтары өтетін. Әсіресе ер балаларды әскерге дайындау ерте басталатын. Әскерге шыныққан, шымыр болып бару – әрбір бозбаланың арманы, борышы, парызы болды. Азаматтық борышын өтеп келгендерге құрметпен қарады. Әскер бозбаланы шыңдады, тәрбиеледі, шынықтырды. Спорт жаппай бұқаралық болатын. Ал қазір әлжуаз, қит етсе ауырып қалатын, қаны аз балалар көбейді. Ертеден кешке дейін интернеттен шықпайтын, теледидарды жатып көретін ұрпақ артық қозғалғысы да келмейді.
Әр аудан, облыс орталықтарында зәулім-зәулім спорт сарайларын бюджет ақшасына салып қойды. Ол көпшілікке жабық, тек элита ғана демалып, сергитін орынға ғана айналып барады. Оны айтасыз, стадион, спорт алаңдары да сатылып кеткен, тарс жабық. Ал шындап келгенде, денешынықтыру, спорт, бала тәрбиесі – бұл бірінші орында тұратын мәселе.
Қазір әскерге барудан қашатындар көбейді. Әр ер баланың көкірегінде намыс отын тұтатып, Отанды қорғау – басты борыш екендігіне орай кешенді дайындық жүйе бағдарламасын іске асыруымыз керек. Патриоттық сезім, елжандылық осыдан басталады. Ұзын сонар тарихқа көз жүгіртсек, қазақтың қайсарлығы, биік рухы мен намысы, өршіл батырлығы арқасында ғана еліміз бен жерімізді сақтап қалдық емес пе?!
Ауылда жұмыс таба алмаған жастар қалаға ағылуда. Қалаларда да зауыт, фабрика, комбинаттар жоқ, не істерін білмеген жас буын ұрлық-қарлық, нашақорлық секілді жаман жолға түсіп кететінін көріп жүрміз.
Қазіргі жастарды игі істерге жұмылдыруда бүгінгі абыз ақсақалдардың айтар дуалы сөздері ауадай қажет. Ұлт зиялылары Президентіміздің әр сөзіне, әр бастамасына ерекше қолдау білдіріп, жүрекжарды пікір-ойларын баспасөзде, әлеуметтік желіде жариялап жүр. Енді ел алдына шығып, жас ұрпаққа бүгінгі күн жөнінде, баршаны отансүйгіштікке, елжандылыққа, адами құндылықтарды игеруге шақырар мағыналы әңгімелер қажет.
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы