Ел көлемінде соңғы жылдары бұл бағытта ілкімді істер жоқ деуге келмейді. Мүмкіндігі шектеулі жандар көзге көрінбейтін шекара шегінде қалып қоймауы керек. Осы орайда елімізде оңалту орталықтары жұмыс істейді. Бұдан бірер жыл бұрын балаларға арналған мұндай орталықтардың кемдігі жиі айтылатын. Қазіргі таңда бұл басты назарда. Балаларға арналған сондай орталықтың бірі Балқаш қаласында орналасқан.
Аталған орталық Қарағанды облысының аудан-қалаларынан келген мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетеді. Бұл – мамандандырылған орталық. Мұнда қабылданатын балалардың жас шамасы – 1,5 жастан бастап, 18 жасқа дейінгі аралық.
Оңалту орталығына арналған ғимарат толықтай жаңғырды. Инженерлік желілері жаңадан жүргізіліп, қолжетімді қағидатына сай жөндеу жұмыстары жасалды. Баспалдақтарға арнайы көтергіштер де орнатылды. Басшылықтың мәлімдеуінше, орталық балаларға қызмет көрсетуге әзір.
– Орталықтың ем-дом жасайтын мамандары түгел. Дәрігерлер, мұғалімдер қабылданды. Атап айтқанда, орталықта педиатр, ортопед-травматолог, реабилитолог, психолог, невропатолог, логопед, дефектолог, музыка, дене шынықтыру мұғалімдері және басқа мамандар балалармен жұмыс істейтін болады.
Жаттығу терапиясы, физиотерапия, массаж бөлмелері жабдықталған. Монтессори бөлмесі дайын. Ыстық ванна, гальванизация, электрофарез, магниттерапия секілді аппараттар бар. Жатын бөлмелерге функционалды кереуеттер қойылды. Пациенттерге күніне бес рет ыстық тамақ беріледі, – дейді Оңалту орталығы директорының міндетін атқарушы Дарын Әубәкіров.
Орталықта 50 орын бар. Денсаулығындағы түрлі көрсеткіштеріне байланысты балалар жарты жылға дейін орталықта ем-шара қабылдай алады. Оңалту кешенді түрде жүргізіледі. Яғни онда медициналық, әлеуметтік және педагогикалық үдерістер қамтылады. Мамандар тарапынан көрсетілетін қызметтің барлығы тегін. Бүгінде Aleumet.egov әлеуметтік порталы арқылы оңалтуға өтініш білдірген балаларды қабылдау жүріп жатыр.
Ал ресми деректер бойынша Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі балалар саны 5 мыңнан асып жығылады.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы