Кеше Бакуде басталған түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы шаралары аясында қазақстандық парламентшілер делегациясының басшысы, Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Джемиль Чичекпен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Тараптар халықаралық бірлестіктер аясында етене ынтымақтастық пен өзара қолдаудың елдер арасындағы стратегиялық қатынаспен сәйкес келетінін алға тарта отырып, өзара іс-қимылды одан әрі күшейтудің жаңа қырларын сөз етті.
Қабиболла Жақыпов Қазақстанның халықаралық бастамаларына, соның ішінде, Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге қолдау көрсеткені үшін Түркия тарапына алғысын білдірді.
Өз кезегінде Джемиль Чичек Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бағытының мойындалғандығын, ол біздің елдерімізді одан әрі қарқынды дамытуға ықпал ететінін айта келіп, Қазақстан – Түркия ынтымақтастығының тек екі ел ғана емес, бүкіл түркітілдес мемлекеттер үшін тиімділігінің зор екенін атап өтті.
Ол Түркия келешекте де Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.
Ал парламентаралық ынтымақтастық жайын сөз еткенде Қабиболла Жақыпов өткен жылы Анкарада қол қойылған Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысы мен Қазақстан Парламенті Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімнің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ол Түркияның ТүркПА төрағалығына жоғары баға бере келіп, алдағы уақытта да түркітілдес елдер арасындағы парламентаралық ықпалдастыққа қатысты әр салада түрлі шараларды өткізудің дәстүрге айналатынын және оны ұйымға мүше барлық мемлекеттердің қолдайтынын жеткізді.