Жылыту қазандығынан өрт шықты дегенді ести сала оқиға орнына бардық. Өрт сөндірушілер таңғы сағат 6.54-те шыққан тілсіз жауды ауыздықтап, асай-мүсейлерін жинастырып жатыр екен. Көмір цехы толықтай отқа оранған. Демек қазандыққа көмір жеткізілу жағынан проблема туындайды. Бұл тығырықтан шығу үшін қазандық жұмысы уақытша мазутқа көшіріледі. Ол туралы апат болған жерге келген облыс әкімі Даниал Ахметов айтып берді. Аймақ басшысы, қазіргі жағдай бойынша ғана емес, жалпы жылыту электр қазандығының мәселесін түбегейлі шешу жолын да айтты.
– Жылыту қазандығында орын алған өрт сөндірілді. Жағдайды бақылауда ұстап отырамыз. Бірінші қиыншылық – көмірді қазанның басына апара алмаймыз. Мәселе қауіпті емес. Екі сағат ішінде істеп тұрған төрт қазандық мазутқа көшіріледі. Қазіргі таңда 380 тонна мазут бар. 960 тонна мазут жеткізіледі. Тәулігіне 240 тонна мазут пайдаланылады. Демек бес күннің қоры бар. Ал өртенген цех үш күн ішінде қалпына келтіріледі, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар Д.Ахметов жылыту электр қазандығы басшылығының жауапсыздығын, салғырттығын сынға алып отыр. Айтуынша, қазандықтың Қаражыра көмір кенішіне 2 млрд 350 млн теңге қарызы бар. Қазандық өкілдері
6 қарашадағы жағдайдан бері мәселені шешу үшін ешқандай әрекет жасамаған көрінеді. Мазут мемлекеттік кепілдікпен ғана жеткізіліп отыр. Естеріңізге сала кетсек, 6 қарашада қазандықтың бесеуі бірдей істен шығып, қалада төтенше жағдай жарияланған еді. Содан бері кейбір тұрғын үйлерде қалыпты температура сақталып тұрған. Дегенмен жылуға зәру тұрғындар да аз емес.
– Үйіміз суық. Бірақ шыдап, қыстан шығып келеміз. Жылу үшін төлемді уақтылы төлеп отырмыз. Мәселе түбегейлі қашан шешіледі, білмейміз, – дейді көпқабатты үйдің тұрғыны Мәулия Дөненбаева.
Иә, биылғы қыстан жылыту қазандығы әупірімдеп шығатын шығар. Алайда мәселе жылда қайталанбауы үшін не істемек керек?! Бұл сұрақты облыс басшысына қойдық. Даниал Ахметовтің пікіріне қарағанда, мәселе түбегейлі шешілуі үшін қазандық толығымен коммуналдық меншікке өтуі керек. Егер мемлекет меншігіне берілетін болса, қазандықтың қарызы да жабылатын көрінеді.
– Қазандықты коммуналдық меншіке беру керек деген ұсынысты Үкіметке жеткіземіз. Бірақ бұл жұмыс заң аясында атқарылуға тиіс. Қазір прокуратура өкілдері осы бағыт бойынша жұмыс атқарып жатыр, – деді облыс әкімі.
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы