Аймақтар • 20 Қаңтар, 2023

Тоқыма өнеркәсібін дамыту жолы

258 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алдағы уақытта Шымкентте өзбекстандық инвесторлармен бірлес­кен 4 ірі өндірістік кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл – керамикалық тақтайша, жұқа табақты мырышталған болат, инфузионды ерітінділер және тоқыма өндірісі. Осы ретте Ташкент қаласында өткен Өзбекстан-Қазақстан бизнес-форумында қала әкімдігі тарапынан «Orient Ceramic», «Dentafill Plus» және «Alliance Textile» компанияларымен екіжақты меморандумға қол қойылды. Келешекте инвестициялық құны 192 млн долларды құрайтын бірлескен жобалар арқылы үшінші мегаполисте құрылыс, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп бағытындағы ірі кәсіпорындар құрылады.

Тоқыма өнеркәсібін дамыту жолы

Жалпы қала билігі іскерлік және инвестициялық әріптестікке негізделген бірлескен жобалар санын көбейте беруге ниетті. Өйт­кені инвестициялық ірі жоба­лар эконо­миканың негізгі тірегі. Осы­лайша, екіжақты келісімдер нәти­жесінде бауырлас екі елдің экономикасын көтеруге шымкенттік кәсіпкерлер де үлес қоспақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да талабы – елге молырақ инвестиция тарту екені белгілі. Сондықтан Шымкент Мем­лекет басшысы түзген Өзбек­стан­­мен арадағы стратегиялық әріптестіктің ая­сында көршілес, бауырлас елден көбірек инвестициялық табыс әкелуді қарастырады.

2022 жылы Шымкент пен Өзбек­стан арасындағы сыртқы сауда-сат­тық пен жалпы экономикалық әріп­тес­тік аясындағы табыс көлемі 302 млн долларға жетті. Бұл көрсеткіш соңғы 5 жылмен салыстырғанда 2 есе­ге артқан. Бүгінгі таңда Шымкент қал­а­­­сында ірілі-ұсақты мұнай, меди­ци­­на­лық препараттар, пластик мате­риал­­дар өндірісі бағытындағы 700-ге жуық ірілі-ұсақты кәсіпорын жұ­мыс істей­ді. Соның ішінде 130 өн­ді­­ріс ор­ны өзбекстандық инвес­тор­­­лар­мен бір­лес­кен негізде өнім шығарып келеді.

Ең бастысы, бүгінгі таңда өзбек­стандық компаниялар үшінші мега­по­листегі индустриалды аймақтар­ға қызығушылық танытып отыр. Мәселен, шаһарда 5 индустриалды аймақ бар. Олардың жалпы көлемі 886 гектарға тең. Қазіргі таңда бұл өндіріс алаңдарында 200 млрд теңгеге 180 жоба іске асы­рыл­ды. Сондай-ақ индустриалды ай­мақ­тарға Түркия, Қытай, Оңтүс­тік Корея мен Еуропа елдері­нің бірлескен кәсіпорындары орналас­қан. Мәселен, кілем өнімдерінің республикадағы жүз пайыз үлесі Шымкентке тиесілі. Сол секілді мақта майы өндірісінің 98 пайызы, фармацевтикалық өнімдердің 36 пайызы, мұнай өңдеу мен жеңіл өнеркәсіптің 23 пайызы үшінші мегаполистің үлесінде. Жоғарыда аталған 5 индустриалды аймақтан бөлек қосымша тағы 750 гектарды құрайтын 4 индустриалды ай­мақ іске қосылғалы тұр. Өнді­ріс алаң­дарында жайғасатын кәсіп­орын­дарға салықтық жеңілдіктер қарастырылып, инженерлік инфра­құры­лымға тегін қосылады. Сон­дықтан көрші ағайын Қазақстан­ның оңтүстігіндегі ең ірі қаламен іскерлік байланысты күшейту ар­қылы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі үлкен нарыққа шығуды қалайды.

Жуық арада Қазақстан мен Өзбек­стан өзара сауда-саттық көле­мін 10 млрд долларға жеткізуді көз­дей­ді. Бұл ретте республиканың оң­түс­тік қақпасы саналатын Шым­кент еліміздің логистикалық хабы рөлін атқарады. Сол үшін де Өз­бек­станның іскер азаматтары үшін­ші мегаполистің бизнес қауым­дас­­ты­ғымен әріптестік байланыс­ты нығайтуға өте мүдделі. Бұған дәлел, соңғы екі жыл ішінде екіжақ­ты іскерлік әріптестік аясын­да фар­мацевтика және жеңіл өнер­кәсіп салалары бойынша жалпы инвес­тициялық құны 14 млн долларды құрайтын 4 ірі жоба іске асқан.

Айта кету керек, Өзбекстан Рес­пуб­ликасында қазақстандық кәсіп­кер­лердің қатысуымен 1 200 ком­пания қызмет атқарса, соның 10 пайыз үлесі Шымкенттің енші­сінде. Үшінші мегаполис көрші елге не­гі­зінен мұнай өнімдерін, ұн, өсімдік майын, цемент, медициналық препараттар және алюминий профилін экспорттайды. Өз кезегінде Өзбек­станнан келетін тараулар денін ауыл шаруашылығы өнімдері, пластмасса бұйымдары және түрлі маталар мен киім-кешек құрайды.

Белгілі экономист Сапарбек Жо­баев Өзбекстанмен сауда саласында экономикалық әріптестікті арттырудан екі жақ та бірдей пайда алатынын айтады.

«Сауда-саттық артып жатса, әрине, Өзбекстанға да, Қазақстанға да бірдей тиімді. Өйткені көрші жатқан екі ел бәрібір экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша өзара араласатыны аян. Соның ішінде Шымкенттің бұл байланыстар арқылы ұтатыны көп. Себебі Ташкент Шымкент үшін экономикалық тұрғыда әрі бәсекелес болса, әрі инвестиция тартудың немесе керісінше инвестиция салудың үлкен мүмкіндік алаңы. Көпшілік адам Өзбекстанмен жақындастық күшейсе, бизнес саласында зиян шегіп қаламыз деп ойлайды. Өйткені расында бүгінде көрші елден келетін тауарлар саны көп. Және олардың бағасы арзан болғандықтан бәсекеге қабілетті болып келеді. Менің пікірімше, кері­сінше осы мүмкіндікті шым­кенттік кәсіпкерлер ұтымды пайдалануға тиіс. Қанша дегенмен, еліміздің экономикалық әлеуеті жоғары. Яғни біздегі кәсіпкерлердің Өзбекстанға инвестиция салуға, сол жақтан бірлескен кәсіпорындар ашуға толық мүмкіндігі бар. Осы жоспарлар жүзеге асса, біз үлкен нарыққа қол жеткіземіз. Өзбекстанның халқы Қазақстаннан бірнеше есе көп болғандықтан тұтыну нарығы да жоғары болатыны түсінікті. Сонымен бірге мақта-мата өндірісі мен өңдеу саласы бойынша бірлескен кәсіпорындар құрудың пайдасы мол болмақ. Көрші елде жылына 3,5 млн тоннадай мақта өндіріледі. Бұл – өте ұлкен нарық. Ал еліміздің оңтүс­тігінде 250-300 мың тоннадай ғана мақта шикізаты алынады. Одан таза мақта күйінде қалатыны 80-90 мың тоннадай ғана. Кезінде Шымкенттен талай мақта өңдеуші ірі кәсіпорындар ашылды. Алайда шикізат көлемі аз болғандықтан тоқтап қалды. Жоғарыда айтқанымдай, 80-90 мың тонна мақта деген ірі кәсіпорындар үшін түк те емес. Сондықтан оны нақты пайдаға асыру үшін бізге Өзбек­станмен арадағы сауда-эко­номикалық әріптестікті күшейте беру қажет», деді экономист маман.

 

ШЫМКЕНТ