Экономика • 20 Қаңтар, 2023

Банктер қандай тиімді карталар ұсынады?

336 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр жыл соңында елдегі банк карталарының саны 64,4 млн-ға жетті. Сөйтіп, 2021 жылдан бері 9,9 пайызға көбейді. Карталардың 33 миллионы белсенді түрде қолданылыпты. Дебеттік карталар да, несие карталары да белсенді өсім көрсетіп отыр. Ал 2022 жылдың 11 айында қолма-қолсыз жасалған төлем көлемі төлем карталары бойынша жиынтық қаржы айналымының 82 пайызын құраған.

Банктер қандай тиімді карталар ұсынады?

64,4 млн картаны бүкіл қазақстандыққа бөлер болсақ, сәбилерді қоса есептегенде әр тұрғынға екі банк картасынан тиесілі болып шығады. Ал экономикалық белсенді халыққа шаққанда – үш және одан да көп картадан тиесілі.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын Gold/Platinum класындағы карталар кез келген адам үшін қолжетімді емес еді. Ал қазір азаматтарымыз үшін премиум сегменттегі карталардың (Visa Infinite / Mastercard World Elite / Union Pay Diamond және басқалар) өзі таңсық емес. Мұндай кластағы карталарды елімізде 8 екінші деңгейлі банк ұсынады», дейді Ranking сарапшылары.

Нарықтағы 4 банк қана металл карталарын айналымға шығарған. – Altyn Bank, Jusan Bank және «Банк ЦентрКредит» Visa Infinite металл картасын ұсынса, «Еуразиялық банк» клиенттері Visa Infinite мен Mastercard World Elite арасында таңдау жасай алады.

«Тек Altyn Bank 7 млн теңгеге дейінгі шекті сомасы әрі кредиттік әрі дебеттік жан-жақты карта ұсына алады. Банктің кез келген клиенті премиум карта аша алады. Төрт банкте де металл карта ашқаны үшін ұсталатын комиссия көлемі – 30 мың теңге. Жылдық қызмет көрсету бойынша ең тиімді шарт та Altyn Bank-те: айына 2,5 мың теңге немесе жылына 30 мың теңге. «Банк ЦентрКредит» пен Jusan Bank-тің қызмет көрсету құны айына – 10 мың, жылына 120 мың теңгеге шығады. «Еуразиялық банктің» қызмет көрсету шартындағы комиссия бағасы – жылына 240 мың теңге», делінеді Ranking шолуында.

Altyn Bank-тің VIP-клиенттері және осы банк картасы арқылы жалақы алатын азаматтар үшін кез келген банкоматтан ақша шешіп алу комиссиясыз жүзеге асырылады. Қарапайым клиенттер бұл банктің картасы арқылы 1 млн теңгеге дейін қаражатты комиссиясыз шеше алады. Одан әрі қарай комиссия – соманың 1 пайызын құрап отырады.

«Банк ЦентрКредиттің» ел аумағындағы барлық банкоматтарындағы комиссиясыз берілетін шекті сома – 3 млн теңге. Одан әрі қарай алынған соманың 1 пайызы ұсталады. «Еуразиялық банкте» өз желісі бойынша шекті сома – 5 млн, басқа желілер (басқа банктердің банкоматынан алынса) бойынша 2 млн теңге деп бекітілген. Jusan Bank-тің шекті сомасы – 1 млн теңге. Одан асса – 1 пайыз комиссия күшіне енеді.