Ауыл • 20 Қаңтар, 2023

32 ауыл үміт артқан бағдарлама

454 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жалпы, статистика мәліметтеріне сүйенсек, еліміз бойынша 6,5 мыңға жуық елді мекенде 7,7 млн-нан астам адам тұрады. Бұл – Қазақстан халқының 42 пайызы. Қарағанды облысын­да 1 млн 134 мың тұрғынның 80 пайызы қалада, 20 пайызы ауылда түтін түтетіп отыр. Яғни 279 мыңға жуық қарағанды­лық тұрғын ауылда тіршілік етіп жатыр.

32 ауыл үміт артқан  бағдарлама

Негізі, Қарағанды облысы еліміздегі жоғары урбандалған аймақ екені мәлім. Дегенмен ауыл деген атажұртты тастап кетпей, сонда құртын қайнатып, қозысын қоздатқан ағайын «Ауыл әлі-ақ өркендейді» деген арманынан күдер үзбегендер. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың алдағы бес жылдықта ауыл-аймақты дамытуға басымдық беруі өшкелі тұрған үмітті үрледі. Президенттің «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасы туралы» Жарлыққа қол қоюы ауылдың еңкіш тарт­қан еңсесін тіктеріне ауылдағы ағайынның сенімін оятқандай.

– Мен сайлауалды сөздерім­де ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақ­стан халқының 40 пайызға жуығы ауыл­да тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауыл­ды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арнал­ған барлық жобаны жүйелі түр­де реттеп, жинақтауға тиіс. Со­дан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде.

Баршаға аян, жылдар бойы ауылдың қордаланған мәселесі бір-біріне байлаулы. Бірін қозға­саңыз, екінші, үшінші, төр­тінші болып, тізбектеліп жүре береді. Өйткені ауылдың көшесінен әр, жолынан сән, білім мен мәдениет ошағынан мән кеткелі көп жыл болды. Инженерлік желісі туралы сөз қозғаудың өзі ұят-ты.

Бірнеше жыл бұрын қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы біраз ауылдың инфрақұрылымы жаңғырды. Ауылдардың тамырына қан жүгіре бастады. Тоты құстай түлеп шықпаса да, тұрмысты түзеуге болатынын аңғарды ағайын. Осылайша 2025 жылға дейін елімізде 5,5 млн-нан аса адам тұратын 1,8 мың ауылдық елді мекенді жаңғырту көзделді.

Биыл кеншілер мекенінде «Ауыл – ел бесігі» жобасының игілігін 32 ауыл көрмекші. Бұл ауыл­дарда 33 әлеуметтік маңыз­ға ие жоба жүзеге асатын болады. Атап айтқанда, 22 ауылдың жолы жөнделеді. Былтыр 60 мыңға жуық халық тұратын 21 ауылдың жағдайы жақсарды. Жаңа спорт кешендері салынып, мектептер, мәдени орталықтар жаңғырды. Ауыл жолдары да назардан тыс қалған жоқ.

– Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 43 924 адам тұратын 32 ауылдық елді мекенді қамту жоспарланған. Бұқар жырау ауданы Гагарин атындағы ауыл­да мектепке қосымша құрылыс жалғасады. Екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда, – дейді облыстық экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

Соның ішінде Осакаров ауданы Ақбұлақ ауылында­ғы ор­та мектеп қайта жаңартыла­ды. Осакаров ауданы Батпақ, Садо­вое, Озерное, Шет ауданы­на қарасты Мойынты және Босаға ауылдарындағы бес мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Абай, Осакаров, Нұра және Бұқар жырау аудандарының 22 елді ме­кенінде 134 шақырым кентішілік жолдар жөнделеді.

Осы орайда облыс басшы­лығы бір жылда – бір ауыл­дық елді мекен деген қағидатты ұс­тануға мүдделі. Яғни бағдар­ла­маға кірген ауылда сол жылы барлық қажеттілік жасалып, тозған инфрақұрылым жөнделу­ге тиіс. Түйткілді мәселесі түгел дерлік шешімін табуы керек. Бір жылы суын жөндеп, келесі жылы жолын дейтіндей шашылып-төгілген мәселелер туындамауға тиіс. Осыған байланысты ауыл әкімдеріне «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылды кешен­ді дамыту жоспарын дайындау жүктеліп отыр. Жоспарға енген істің берекелі болуы оның дер кезінде ұйымдастыру іс-шараларының жүзеге асуына да байланысты. Сол себепті аймақ басшылығы тарапынан аудан, ауыл әкімдеріне жүктелген нақты тапсырмалар да бар. Ал оның нәтижесін уақыт көрсетеді.

 

Қарағанды облысы