Аймақтар • 20 Қаңтар, 2023

Жүнді кәдеге жаратқан

428 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мыңғыртып қой-ешкі асырағанмен, қырыққан жүні ысырап болып, күресінде жатыр. Рас, қолда бар тері мен жүнді кәдеге жарата алмай келе жатырмыз. Есесіне жүннен тоқылған киім-кешекті, былғары күртелерді шетелден жеткіземіз. Шығыста тері мен жүн өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Әйтеуір, Көкпекті ауданының тұрғыны Нұрилә Мақым халықтан жүн қабылдап, көрпе, жастық тігетін кішігірім цех ашыпты. Соған қуандық. Шаруаны дөңгелетіп әкету үшін мемлекеттен қолдау болса деп тіледік.

Жүнді кәдеге жаратқан

Суретті түсірген автор

Естеріңізде шығар, тоқ­санын­шы жылдары соғым науқанын­да атшанамен үйді-үйді аралап, тері жинар еді ғой. Қой мен ешкінің терісіне дейін жинап алып кететін. Таразыға салып өлшеп, салмағына қарай құн тө­лей­тін. Жүн жинау дәстүрі және бар-тұғын. Ол Семейдің тері-былғары комбинатының дүр­кі­реп тұрған шағы шығар. Қазір бәрі құлаған, күйреген. Се­мей­дегі трикотаж фабрикасы да тоқырауда тоқтап тынған. Қазір қылаяғы шұлықты да шет­тен аламыз. Әсіресе іргедегі Моң­ғолияның түйе жүн шұлы­ғына жапа-тармағай таласамыз. Төрт түлігімізді өргізіп отыр­ғаны­­мен, терісі мен жүнінің керек­­сіз болып жатқаны жанға бат­а­ды. Көкпекті ауданының тұр­ғы­ны Нұрилә Мақым секілді кәсіп­­кер­лер әр ауданнан цех ашып, жүн қабылдаса, аз да болсын, өз өні­мімізді тұтынар ма едік?!

2018 жылы күзде мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы арқылы сонау Талдықорған облысынан Көкпекті ауданына қоныс аударған бұл отбасы бүгінде кішігірім кәсіп бастап, нәпа­қа­ларын айырып отыр. Нұрилә Мақымның жолдасы мал саудасымен айналысса, өзі Көкпекті ауылының ортасынан тігін цехын ашқан. Жуықта цех жұмысын арнайы барып көрдік. Шағын ғана сұр ғимарат. Құрылысы толық аяқтала қоймаған ғимаратқа жылу тартып үлгермепті. Көрпе, жастық жиналған тігін цехының іші аңырап тұр. Табаннан өткен сыз маңдайды солқылдатады. Қыстың қақаған аязында күн ұзақ мұнда жұмыс істеу мүмкін емес. Айтуынша, әзірше ескі жүнді қайта түтіп, көрпе тігумен айналысады. Тапсырысқа қарай жастық қаптап, басқа да ұсақ-түйек тігін тігеді. Ал келер жылы халықтан жүн жинап, кәсіпті кеңейтуді көздеп отыр. Қазірдің өзінде жүн түтуге арналған екі аппарат алып қойған. Қос аппаратты қатар іске қосса, тонна жүнді әп-сәтте түтіп шығатын сияқты. Жүнді түткен соң көрпе басатын аппараты және бар. Көрпеге арналған бұлды керіп қойып, үлбіреген жүнді мөл­шерлеп төсеп шығады екен. Со­дан соң көктеп тікті, сырып тікті... Әйтеуір, сүт пісірім мез­гіл­де бір көрпенің жобасын жа­сап қойды. Айтуынша, пайдаланып отырған құрылғының бәрін өз қара­жатына сатып алған. Екібөл­мелі ғимаратты да өз күш­терімен көтерген. Кәсіп ашу үшін берілген мемлекеттік грант 580 мың теңге. Бұл сома цех ашуға жет­пегенімен, аз да болса сеп. Кей­бір кәсіпкерлер грант арқылы ал­ған ақшаны айналымға салып, шаруаларын шыр айналдырып отыр. Әрине, тапқан табыс таң­даған кәсіп көзіне байланысты.

– Біз 2008 жылы Қытайдан елге оралдық. Талдықорғанда тұрып, 2018 жылы «Еңбек» бағ­дар­ламасымен Көкпектіге қоныс аудардық. Аудан әкімдігі шақырған соң жолдасым келіп көріп кетті. Ұнады деді. Бірақ көшіп келген жылдары қиналдық. Балаларым ауырды, қысылдық... Әрине, қаржылай қолдау болды. Алайда кәсіп ашу үшін жер сұрап едік, ала алмадық. Ауыл­дың шет жақтарынан ғана ұсын­ды. Кейін өзіміз сатып алдық. Тігін цехын ашу үшін 580 мың теңге қайтарымсыз грант берді. Төртбалалы ана едім, тағы да жеңілдіктер бола ма деп ойласам, жоқ екен. Себебі бір балам кем­бағал, үкімет қарамағында. Сон­дықтан заң жүзінде көпбала­лы ана емес екенмін, – дейді кө­кпек­тілік кәсіпкер Нұрилә Мақым.

Жалпы, Көкпекті ауданына 2017-2021 жылдар аралығында өзге облыстардан «Еңбек» бағ­дар­­ламасы аясында 46 отбасы, яғни 171 адам қоныс аудар­ған. Олар­ға мемлекет тарапынан тиіс­ті көмек көрсетіліп, кәсіп­терін дөңгелетуге бар мүмкіндік жасалған көрінеді.

 

Абай облысы

Көкпекті ауданы