Серебрянск қаласында бейорганикалық өндіріс зауыты бар. Тыныс алу жолдарын қорғауға арналған өндірістік фильтр мен тұрмыстық түрлі пластмасса өнімдерін шығарады. Осы салаға бағытталған еліміздегі бірден-бір зауыт. Солай болса-дағы қазіргі халі мүшкіл. Банкротқа дейінгі айналымында 1 миллиард теңге болса, бүгінгі қоржыны 20 миллион теңгеден әрең асады.
Шаң мен химиялық қалдықтарға қарсы респираторлар мен түрлі фильтрлер, тұрмыстық өнімдер өндіретін кәсіпорын бір кездері стратегиялық маңызы жоғары жабық зауыт болып дүрілдегені бар. Бүгінде алып ғимараттың біраз бөлігі бос тұр. Десе де облыс әкімдігінің қолдауымен кәсіпорындағы екі цехта 100-ден астам адам жұмыспен қамтылып, қызметін тоқтатпай келеді. №1 цех жетекшісі Александр Самойлевтің айтуынша, цехта жыл сайын 20 миллион дана респиратор өндіруге мүмкіндік бар. «Қазақмыс», «Қазцинк», «ҮМЗ», «Арселор Миттал», «Қазақстан алюминий зауыты» сияқты ірі кәсіпорындардан тұрақты түрде тапсырыс алып келген зауыттың толық қуатында жұмыс істеуі үшін Үкімет тарапынан тегеурінді көмек қажет. Бас инженер Валерий Наумев зауыт ұжымының банкроттық түйткілдер мәселесінің тезірек шешімін тауып, кәсіпорынға іскер басшылықтың келуін қалап отырғанын айтады.
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев осы зауыттың хал-ахуалымен танысты. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев министр назарын зауыттың коммерциялық компаниялармен бірге мемлекеттік тапсырысқа да жұмыс істеуі қажеттігіне аударды. Бүгінде нысанның «Қазақстан Инжиринг» компаниясының қарауына өту үдерісі жүруде.
– Негізгі мәселе бюрократиялық кедергілер болып отыр. Сондай-ақ, Көкшетауда тура осындай зауыт салу ұсынылуда. Егер дайын кәсіпорын болып, оны қаржыландыру мәселесі ғана шешімін күтіп тұрса, жаңа зауыт салудың қажеті қанша? – деді өңір басшысы.
Б.Жәмішев Үкімет қабырғасында банкроттық жөніндегі қаулыны жылжытуға қол ұшын созатынын, серебрянскілік зауыттың ағымдағы мәселесі шешілетінін жеткізді. Өңірдегі моноқалалардың мәселесімен танысуға келген министрге Серебрянск әкімі Сергей Гордиенко жылу жүйесімен қамтамасыз етуге биыл 520 миллион теңге бөлінгенін, осы арқылы қаланың 60 пайызында жылу желісі жүргізілетінін жеткізді. Ал бос қалған үйлер саны – бесеу. Оның екеуі бұзылып, үшеуі коммуналдық меншікке берілмек. Өңірлік даму министрі мұндай санаттағы үйлерді пайдалануға берген кезде мәселе туындамау үшін алдын ала заңнамалық тұрғыдан жіті саралау жұмыстары жүргізілуі керектігін айтты.
Болат Жәмішев бұдан кейін Зырян қаласындағы аудандық қазандық жұмысымен танысты. «Орталық жылу» ММ директоры Николай Рыльскийдің айтуынша, жылу беру мекемесінің энергияға жұмсайтын шығыны тым көп. Электр қуатының қымбаттауымен бірге қарыз да өсе түскен. Өткен жылы 70 миллион теңгеден астам берешек болған мекеме басшысы тығырықтан шығудың жолын жеткізді. Осыдан үш жыл бұрын жобаланған турбогенератор орнатылса, 6 МВт-ға дейін арзан энергия өндіруге болады. Ал кәсіпорынның қажеттілігі – 3 МВт. Соңғы екі жылда жобаны жүзеге асыруға 1,4 миллиард теңге бөлінген. Жобаны аяқтауға тағы 1 миллиардқа жуық қаржы қажет. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Сонымен бірге, Зырян қаласында моноқалаларды дамыту бағдарламасы негізінде жылу желілері жөндеуден өткізілуде. Қалада бүгінге дейін 9 шақырым жылу трассасы салынып, Каюпов көшесінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы арқылы екі қабатты үйлердің шатырын ауыстыру жұмыстары басталған екен. Аудан әкімі Ермек Сәлімов қазіргі кезде үйлерінің қасбетін жаңғыртуға ниет білдірушілердің көптігін айтты. Олардан барлығы 21 өтініш түскен. Алайда, әзірге он үйге ғана қаржы бөлінді. Бағдарламаға қатысушылар қарыздың 30 пайызын қайтарып, жоспарды уақытынан бұрын орындап келеді.
Өңірлік даму министрі жұмыс сапары аясында Өскемендегі тұрғын үй құрылысы барысымен танысты. Облыс орталығындағы 19 шағын ауданда салынып жатқан тұрғын үйлер заманауи технологиялық талаптарға сәйкес тұрғызылуда. Былтыр 291 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, биыл 301 мың шаршы метр баспана беру жоспарланып отыр. Қаланың оңтүстік-батысындағы жаңа ауданда қосымша көлік магистралі салынып, қаламен жалғайтын болады. Бұл Сәтбаев даңғылындағы көлік қысымын азайтуға септігін тигізеді. Бүгінде шағын ауданда инженерлік желілер тартылып, 11 тұрғын үй тұрғызылған, тағы 27 нысан салынуда. Оның ішінде 15 үй биыл берілмек. Аталған аумақта орналасқан мектеп пен қан орталығы да ағымдағы жылы пайдалануға беріледі.
Өңір басшысы тұрғын үй құрылысын кеңейтуге барлық бағдарламалардың мүмкіндігі пайдаланылғанын жеткізді. Нәтижесінде, Күленов шағын ауданында көпқабатты 23 үй, моноқалаларды дамыту бойынша Зырян, Риддер, Курчатов, Серебрянск қалаларында және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша барлық аудан орталықтарында тұрғын үй құрылысы қызу жүргізіліп, алды пайдалануға берілген. Құрылыс Семей қаласында да қарқын алуда.
Бұдан кейін өткен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі жиында министр Семей қаласын жылу және сумен қамтамасыз етуді жаңғырту, моноқалалардағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары қолға алынатынын атап өтті.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Зырян ауданы.
Суретті түсірген
Сергей СУРОВ.