Әйгілі Қарашығанақ кеніші орналасқан өңірдің әлеуеті үлкен. Моноқалалар қатарына жататын Ақсайда мұнай-газ саласына қатысты көптеген ірі жобалар жүзеге асырылуда. Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин осы нысандардың бірқатарын аралады. Ақсайдың индустриялық паркінде болған кезде ол басты назарды қазақстандық үлеске аудару қажеттігін қадап айтты. «Құрастырылатын қажетті бөлшектердің негізгі бөлігін шетелден әкелуді азайтып, облыс кәсіпорындарында жасау мәселесіне кірісу керек», деді министр. Күні бүгін құны 1,4 млрд. теңге құрайтын паркте 64 жаңа жұмыс орны ашылған. Жұмысшылар мұнай-газ саласына қажетті ұңғыманы гидравликалық басқару панельдерін, клапандарды, жоғары қысымды құбыр детальдарын, өрт қауіпсіздігі дабылы жүйесін, қоршаған ортаны ластаудан сақтайтын қондырғыларды құрастыруды жетік меңгерген. Бір сөзбен айтқанда, индустриялық парк заманауи қызмет түрлерін шетелдік және отандық әріптестеріне жоғары сапамен көрсетуге мүдделі. Облыс әкімдігінің және PSA ЖШС-нің қолдауымен парк КПО б.в. компаниясынан 6 млн. АҚШ долларының екі жобасын жеңіп алыпты. «Кенішті игеруші альянспен арада «Жол картасына» қол қойдық. Алдағы уақытта оның шеңберіне кіретін көптеген шаруаларды бірлесіп атқаратын боламыз», деді парк басшылығы.
Қарашығанақ кенішін игеруші КПО б.в. компаниясының бас директоры Дамиано Раттимен кездесу барысында Ұзақбай Қарабалин компанияның бас кеңсесін Ақсайдан Оралға көшіру керектігін қаперге салды. «Бұл іскерлік тұрғысынан айрықша маңызды шешім болады. Мен кеше ғана Ақтөбеде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорнының жаңадан салған ғимаратын аралап көрдім. Өте ыңғайлы, әрі қалаға көрік беріп тұр. Сондықтан сіздерді де осы бастаманы қолдауға шақырамын», деді министр.
Кездесу барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев КПО б.в. басшылығына құрылыс жұмыстарын қаржыландыру сұрақтарын сөзбұйдаға салмай, қысқа мерзімде шешуді ұсынды. «Облыста құрылыс маусымы ерте көктемде басталып, қара күзге дейін жалғасады. Ал сіздер әлеуметтік жобаға бөлінетін қаржы мәселесін шешуді ұдайы кешіктіресіздер. Нәтижесінде құрылыстың мерзімі өтіп кетеді де, қыста басталады. Ол сапаға да кері әсерін тигізеді. Тіпті, кей сұрақтарды тікелей компания басшылығына қоңырау шалу арқылы шешуге тура келеді. Облыс әкімі ылғи КПО б.в басшылығына қоңырау шалып отырса, мұнымен іс біте ме? Сондықтан, бәрі келісілген мерзімде, заң шеңберінде атқарылуы керек», деді Нұрлан Асқарұлы.
Батыс Қазақстан мұнай-газға бай бола тұра әлі күнге дейін сырттан әкелінетін бензин мен дизель отынына тәуелді екендігі белгілі. Осы мәселені таяу арада отандық «Конденсат» АҚ шешеміз деп отыр. Жаңа жоба туралы министрге акционерлік қоғам басшысы Валерий Жүнісов баяндап берді.
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,
журналист,
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы,
Бөрлі ауданы.