Шу ауданына қарасты Жаңажол ауылдық округіндегі «Эльдорадо» шаруа қожалығының су айдынында өткен балықшылар додасына өз ісінің қас шеберлері қатысып, дода көркін қыздыра түсті.
Бұл күні балықшылар өзара бәсекеге түсіп қана қоймай, бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесіп, көкейдегі ойларын ортаға салды. Турнир қорытындысында Шатырхан Керімбеков пен Қалдарбек Срайылов жарысқа белсене қатысқаны үшін бағалы сыйлықтарға ие болса, Ермаханбет Елубаев үздік үштіктен көрінді. Сондай-ақ Ержан Вахитовке екінші жүлде бұйырса, Нұржан Қасқабай бірінші орынды, Сергей Мансарин бас жүлдені жеңіп алды.
«Жалпы алғанда, ауданымызда балықшылар додасы өткен жылы алғаш рет қолға алынса, биыл лайықты түрде жалғасын тауып отыр. Қатысушылар тарапынан қызығушылықтың зор екенін айқын аңғардық. Таза ауадағы жарыс әрі демалыс саламатты өмір салтын қалыптастыруға да зор ықпал ететіні даусыз. Іс-шараны ұйымдастырған азаматтарға ризамын. Бастаманың алдағы уақытта да сәтімен жалғасын табатынына сенімім кәміл», дейді Шу ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Аязұлы өз ойымен бөлісіп.
Жамбыл облысы,
Шу ауданы