Әдебиет • 22 Қаңтар, 2023

Верленнің тәубесі

366 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Француз әдебиеті – тоғыз жолдың торабындағы алып шаһар іспетті. Әлемнің қай түкпіріндегі шығармашылық иелері болсын сол қаладан іздегенін табады, сүйгенін алады. Қайбір елдің ұлы ақынының түбін зерделесек, француз мәдениетінің қайнарынан нәр алған болып шығады. Мәселен, Пушкин француз тілін ана тіліндей жетік біліп, бай қазынасымен сусындаса, Латын Америка поэзиясының атасы Рубен Дарио Поль Верленді ұстаз тұтты. Пабло Неруда он жеті жасында-ақ француз тілін үйреніп, «Еуропа дегеніміз Аполлинер мен Петрарка» десе, Иранның жаңа дәуір поэзиясының негізін қалаушы Нима Юшидж Тегерандағы Сен-Луи колледжінде француз тілін меңгеріп, поэзияға өзгеше өрнек салды.

Верленнің тәубесі

Француз поэзиясының алғашқы ұшқыны Франсуа Вийоннан тұта­нып, бергі Бодлер даңқы әлемді шар­лады. Бодлерді ұстаз тұтқан аңыз Поль Верленнің атағы ізін ала жаһанға мәшһүр болды. Поль Верлен өмірі қым-қуыт, жылан қабығындай қатпар-қатпар соқ­пақ­тарға толы. Әскери отбасында дүниеге келген Поль бала күні­нен нәзік, бұлаң болып өседі. Кейін­нен Бонапарт атындағы лицей­ге түскен ол әдебиетпен шын­­­д­ап шұғылдана бастайды. Қолға түскенді кеміре оқыған ақынның сүйікті авторларының ішінде Теофил Готье, Теодор де Банвиля, Шарль Бодлерлер болатын. Лицейде ағылшын тілімен қатар латын тілін меңгеріп, ежелгі грек авторларымен танысады. Әдеби жастар шоғыры бас құраған «Парнас» ұйымына мүше болған Поль, Париж дәмханасында ақындармен өлең оқып, әдеби мәселелерді талқылайды. Жаңадан атағы шығып жүрген Сюлли-Прюдом, Вилье де Лиль-Адан, жазушы Анатоль Франспен танысады. Ақынның алғашқы кітабы «Сатурналық поэмалар» әдеби ортада көп жинақтардың ішіне жұтылып, елеусіз қалады. Саяси көтерілістер белең алып, әртүрлі күрделі жағдайлар мемлекетте өршіп тұрған кезеңде поэзия кітаптары сирек қана оқылатын. Жиырма бес жасқа толған Поль шолжаң сұлу Матильда Мотеге ғашық болып, шаңырақ құрады. Той қызығы басылмай жатып, басбұзар, «Парижді жаулауға келген» дүлей жас ақын Артюр Рембомен аңызға айналған хикаясы басталып жүре береді. Он жеті жасар данышпан ақынның өлеңдерін жоғары бағалаған Поль онымен Бельгияға сапар шегіп, өміріне жаңа бетбұрыс енеді. Уақыт өте келе саяхаттың мәні өзгеріп, орталарына от түседі. Верлен Рембоға тапаншамен екі рет оқ атады. Қолы жараланған Рембо полицияға шағым түсіріп, Верлен екі жылға қамауға алынады.

Міне, Верленнің тәубесі осы тұстан басталды. Абақтының жалғыз адамдық бөлмесінде отыз жылдан астам өмірін таразыдан өткізген ол қателіктеріне жан-тәнімен қайғырып, өкініш уытына малынады. Көзсіз шарапқа бас кою, жалғыз ұлы мен әйелінен ажырауы, өзі құлай сенген Рембодан ірге бөлуі – осының бәрі де ақын көңіліне дақ салады. Әйелімен қайта қосылуды арман етіп әрі баяғы бейбіт өмірін көксеген ол «Жұпыны төсегіме еңіреп келіп құлай жөнелетінмін» деп жазады. Бұдан соң тәубе жастығына бас қойып, Інжіл кітабын алдырады, дін ұстазына жүгінеді. Өткен өмірінен түгелдей бас тартып, жаңа өмір есігін ашады. Түрмеде жатып өзінің ең атақты, тәубенің сәулесіне суарылған «Даналық» атты кітабын жазып шығады.

О, Тәңірім, махаббатпен

жарық еттің жанымды,

нұр қуатың судай

тасып толқындатар тәнімді,

О, Тәңірім, махаббатпен

жарық еттің жанымды.

 

О, Тәңірім, бұл өмірдің

жалғандығын аңғардым,

Кіріп тасқын жүрегіме

ақиқатқа арбалдым,

О, Тәңірім, бұл өмірдің

жалғандығын аңғардым.

 

Қаным, міне, кезі келсе

бұлақша ағып саулайтын,

Денем, міне, тіпті сенің

азабыңа тұрмайтын,

Қаным, міне, кезі келсе

бұлақша ағып саулайтын.

 

Верлен бала күнінде құдайшыл еді. Соңыра ақиқат тізгінін ұмы­тып, күмәнді философиялық көз­қарастарға шомған-тын. Міне, абақты ішінде бала күнгі тұм­са мінәжатына қайта оралып, Тәңірге деген махаббаттан ты­ныш­тық іздейді. «Мен бәрімен құштар­лықпен қоштастым, Тек сен ғана қалдың менде Тәңірім!», «Хақ Құдайға мінәжатпен жан тапсыр, жүрегіңе еркіндік бер солайша!».

Қайталаймын құлақ болса сенерге,

Жауыздық пен қараулық та,

тегінде – ізсіз-түссіз

құлар бір күн тереңге,

мейірім ғана көктер мәңгі өмірде!

Ақынның тәубесі жүрекке берік орнығып, өмірінің соңына дейін Құдай жолынан қиыс атта­мауға бекінеді. «Даналық» кіта­бындағы мінәжатқа қанған өлең­дер ойлы оқырманның жүрегіне тыныштық сыйлап, жылылық үлестіріп келеді.