Шетелдегі ақшаны қайтарып аламыз деп жүргенде өзге елге талай қаражат шығып кете ме деген күдік көп. Сондықтан ең бірінші кезекте шетелге заңсыз жолмен қаражат шығармаудың жолдарын қарастыруымыз қажет. Яғни осы уақытқа дейін активтер қандай жолдармен шығарылды? Қандай амалдар қолданылған? Осы жайттың барлығы жан-жақты тексерілуі керек. Аударылған ақшалардың тарихы тексеріліп, сыртқа шығатын бүкіл жолды жабуымыз керек. Осы іс-әрекеттер жасалмай елге ақша қайтарамыз дегеннің бәрі – бос әурешілік.
Кейінгі уақытта ақша айналымын блокчейн технологиясына көшіру туралы ұсыныс көп айтылып жүр. Осы үдерісті жылдамдатып енгізу қажет. Өйткені блокчейн технологиясының ұтымды тұсы – ақшаның цифрлық іздері сақталады. Қазір елімізде цифрлық теңге шығып жатыр және ол осы жылдан бастап айналымға енгізіледі. Бұл да болса ақшаның заңсыз шетел асып кетуіне тосқауыл қояды.
Тағы бір маңызды мәселе – жеке тұлғалардан гөрі ірі-ірі компаниялар арқылы кеткен қаржыны қайтаруға қатысты. Ол мыс, мұнай саласындағы компаниялар. Мәселен, «Қазақмыс», «Казцинк» секілді шикізаттық сектордағы компаниялардан шетелге жіберген қаражаты өте көп.
Ең бастысы, мемлекет шетелге заңсыз шығарылған халық байлығын кері қайтарудың нақты тетігін ұсынуы қажет. Үкіметтің де негізгі міндеті – осы. Ал ең маңыздысы – осы мәселелерде азаматтық белсенділік жоғары болуы керек. Халықтың мемлекет пен Үкіметке нақты талаптарын қоя біліп, қоғамдық бақылауды күшейтудің маңызы өте зор. Журналистер қауымы да батыл зерттеулер жүргізуі керек. Сонда ғана біз халықтың қазынасын толық қайтара аламыз.
Мақсат ХАЛЫҚ,
экономист