Экономика • 23 Қаңтар, 2023

Халық қазынасы қашан қайтарылады?

491 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Шетелге заңсыз шығарылған активтер туралы билік ең алғаш рет «Қасіретті қаңтардан» кейін ашық айтты. Нақтырақ айтсақ, қаңтар оқиғасынан кейін тура екі апта өткенде – 21 қаңтарда отандық ірі бизнес өкілдерінің басын қосқан Қ.Тоқаев ұлттық байлықтың тең жартысы 162 адамның қолына жинақталғанын жария етіп, «жағдайды шұғыл өзгерту керек» деді. Ал 8 ақпанда Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлер кабинетіне екі айдың ішінде сыртқа заңсыз шыққан қаржыны, активтерді қайтару жөнінде нақты ұсыныс беру туралы тапсырма берді. Содан бері не өзгерді? Қандай жұмыс атқарылды?

Халық қазынасы қашан қайтарылады?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Халыққа ашық ақпарат қажет

Естеріңізде болса, Үкіметтің кеңей­тілген отырысынан бұрын Президент
1 ақпанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңес өткізді. Кеңесте Қ.Тоқаев елімізде заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін осы салада жасалуға тиіс бірқатар маңызды қадамды тізбелей келіп:

«Монополистердің заң­сыз тап­қан табысын қайтарып, атқа­рылған жұмыстар жөнінде маған баян­даңыздар», деді. Осы жиыннан төрт ай өткеннен кейін, яғни 5 маусымда Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Араға алты ай салып (26 қарашада) Президент заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Үкіметке осы жылдың 31 наурызына дейін активтерді қайтару туралы арнайы заң жобасын әзірлеп, Мәжілістің қарауына енгізуді тапсырды. Әрине, мұның барлығы – қажетті нормативтік қолдаулар, осы бағыт­тағы іс-әрекеттерді, құқықтық қаты­настарды тиісті заңмен реттеудің жолы.

Ал нақты іс жүзінде атқарылған іс қандай? Арнайы комиссия құрылғалы бір жылдай уақыт өтті. Комиссия жұмысының нәтижесі бар ма? Шетел асып кеткен қанша қаржы қайтарылды? Қай жақтан қайтарылды? Кімдер қай­тарды? Қанша дүние-мүлік тәр­кіленді? Заңсыз шығарылған активтерді елге алып келудің жолдары қандай?

Шыны керек, бұл – жур­налис­тердің ғана емес, көптің көкейінде жүр­ген сұрақтар. Қоғам бұрынғы заң­сыз­дықтың әшкереленіп, істел­ген жұмыстың шынайы әрі ашық нә­тижесін көргісі келеді. Жо­ға­ры­да айтқан Жарлыққа сәйкес, ве­домствоаралық комиссия Прези­дент­ке атқарылған жұмыс туралы екі аптада бір рет баяндайды. Алайда халыққа беріліп отыр­ған ақпарат тым аз.

Президенттің өзі «Халықтан ұр­лан­ған активтерді елге қайтарып, әділ­дік орнатуымыз керек» деді. Жа­сы­ратыны жоқ, Мемлекет бас­шы­­сы­ның «керек», «қажет» деп аяқта­латын осы сөздеріне халықтың дені алғашында сенімсіздікпен қарады. Оның себебі түсінікті де. Талай жылдан бері құрғақ сөз бен бос уәдеден шаршаған жұрт ел байлы­ғын талан-таражға салып, шетел асырып жібергендердің атын атап, түсін түстеуді талап етіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, елге нақты нәти­же қажет. Рас, бастапқыда «Қанша аттан­дағанымен кеткен қаржы қайт­пайды» дегендер де болды. «Айтуын айтады, алайда биліктің қолынан келмейді» дегендер де табылды. Сол себепті «Халықтың қаржысы қай­тарыла ма?» деген сұраққа қайта ора­лып отырмыз. Сол себепті де жоғарыда тізбелеген сұрақтарды ең ал­дымен Экономикалық ресурс­тар­­дың заңсыз шоғырлануына қар­сы іс-қимыл мәселелері жөнін­дегі ведомствоаралық комиссия құра­мындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төраға­сы Ол­жас Бектеновке де қойдық. Өйт­кені шетел асып кеткен активтерді қай­тару – агенттіктің маңызды бағытының бірі.

 

«Бұл – басы ғана»

«Заңсыз шетел асып кеткен қаржы мен дүние-мүлікті қайтару – халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселе. Мұны біз де жақсы білеміз, түсінеміз. Қазір қоғамда көп талқыланып жүрген сұрақтар да осылар», дейді агенттік төрағасы.

– Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін елімізде саяси, экономика­лық, әлеу­меттік салаларда көптеген ауқым­­ды өзгеріс болып жатыр. Бұл өзге­ріс елдегі сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимылға да қатысты. Біз был­­тырдан бастап шетелге жылыс­­та­тыл­ған қаржыны қайтару жұмысын бел­сенді жүргізіп келеміз. Былтыр 600 миллиард теңгеден астам қара­жатты мемлекетке қайтардық. Дол­лармен шаққанда бұл қаржы 1,5 миллиардқа тең. Бұл – басы ғана. Біз әрине, мұнымен тоқтамаймыз, бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, – деді агенттік басшысы.

Олжас Бектенов әлеуметтік желі­лерде, жалпы қоғамда қайтарыл­ған қаржы көлеміне қатысты алуан түрлі пікірлер айтылып жүргенін де жеткізді.

– Біреулер «Дұрыс, жақсы жұ­мыс істеліп жатыр» десе, енді бірі «Қайта­рылған қаржы неге аз? Басқа ақша елге қашан қайтарылады?» деп сұрап жатады. Осы тұста мен бір ғана мысал келтіріп кеткім келеді. Мәселен, өздеріңізге белгілі соңғы үш жылдан бері көрші мемлекет Өзбекстан билігі Гүлнар Каримованың қаражатын еліне қайтаруға тырысып жатыр. 2020 жылдан бері олар сыртқа кеткен қаржының 20-ақ миллион долларын қайтара алды. Бұл – үш жылда жасаған жұмыстың нәтижесі. Ал біз бір жылда 1,5 миллиард долларды қайтардық. Меніңше, бұл – ауыз толтырып айтарлықтай жетістік, – дейді ведомство басшысы.

Естеріңізде болса, өткен жылы агент­тік қызметкерлері құны 230 мил­лион доллар болатын 3 коллекция асыл тастар мен зергерлік бұйымдарды шетелден іздеп тауып, тәркілеген еді. О.Бектеновтің айтуынша, бұл қаржы жоғарыда айтылған қайтарылған 600 миллиард теңгеге кірмейді.

– Бұдан бөлек, 300 миллион доллар тұратын құнды қағаздар бар. Анықталған бұл құнды қағаздар халықаралық биржаларда сатылып, түскен қаражат мемлекет бюджетіне аударылады. Бұл айтылғандардан бөлек қымбат жылжымайтын мүлік­тер, люкс автокөліктер, түрлі бағалы заттар тәркіленіп, мемлекеттік мен­шікке аударылып жатыр. Айта кететін бір жайт, мұнда тек шетелге шығарылған қаражат қана емес, өз елімізде кезінде заңсыз меншікке өтіп кеткен активтер, ірі-ірі компаниялар, жылжымайтын мүлік және тағы да басқа дүниелер бар. Алдағы уақытта олардың барлығын жариялаймыз, халыққа ашық айтылады, – деді ол.

О.Бектеновтің мәлімдеуінше, мемлекетке қайтарылған заңсыз иеленген мүлік активтері мен қара­жаттың негізгі бөлігі ауыл мектебінің құрылысын аяқтауға жұмсалып жатқан көрінеді. Жалпы, агенттік тергеп-тексерген қылмыстық істерде елімізде және шетелде жалпы сомасы 360 млрд теңгеден асатын жылжымайтын мүлік, автомобильдер мен қаражат анықталған.

Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведом­ст­во­­аралық комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбектің мәлімдеуінше, мем­лекеттен шығарылған қаржының мөлшері 140 миллиард доллар шамасында деп болжанып отыр. Ал арнаулы мекемеаралық комиссия жұмысының нәтижесінде бүгінгі күнге дейін мемлекетке барлығы 670 миллиард теңге қайтарылған.

«Бұл қаржы қай елдерден және кімдерден қайтарылды?» деген халық жауабын күткен сұрақты Бас прокуратура өкілдеріне де қойған едік. Алайда құзырлы орган Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабын алға тартып, біраз сұрағымызды жауапсыз қалдырды. Ал бұл бап бойынша сотқа дейін тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиіс.

Сондай-ақ жақында қадағалау органы еліміздің қылмыстық-құқықтық салада 34 мемлекетпен 72 екіжақты шарт жасасқанын мәлімдеді. Қыл­мыс­тық істер бойынша құқықтық көмек, қылмыскерлерді ұстап беру және сотт­алған адамдарды беру туралы бұл халықаралық құжаттар қыл­мыс­керлерді жазалаудың бұлтартпас­тығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал активтерді қайтарумен айналысатын ведомствоаралық комис­сияның жұмысы халықаралық саламен тығыз байланысты екенін осы комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек те алға тартты. «Үкіметке Бас прокуратурамен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңсыз шығарылған активтерді анықтау және мемлекетке қайтару мақсатында шетелдермен және халықаралық ұйымдармен, оның ішінде халықаралық құқықтық көмек аясындағы тиімді өзара іс-қимылды жүйелі негізде қамтамасыз ету де жүктеліп отыр», дейді З.Әліпбек.

 

670 миллиард теңге аз ба, көп пе?

Қазақстанның қазынасы қай елдерге кетті? Енді осы сұраққа келсек. Бас прокуратураның мәліметінше, шетелге шығарылған қаржының көбі БАӘ, Лихтенштейн мен Гонконгқа жіберілген екен. Қайтқан қаржының да дені осы мемлекеттерден. Неге бұл елдер? Неге таңдау осы елдерге көбірек түскен?

Сөйтсек, мәселе мынада екен. Жоғарыда аталған үш елде де шетелдік салымшылар үшін са­лық мөлшері өзге мемлекеттерге қа­рағанда едәуір аз. Мәселен, не мұнайы, не табиғи газы жоқ Лих­тенштейнде шетелдік ком­паниялар үшін өте төмен салық жүйесі бұрын­нан қалыптасқан. Бас­қаша айтқанда, осы елде оффшорлар үшін барынша жағдай жасалған. Әлемдегі өте кішкентай ел болғанымен өте бай «ертегілер елінде» тіркелу және салық төлемеу үшін әр шетелдік компанияда жергілікті тұрғындар­дан үлесі болуға міндетті. Осылайша қазіргі таңда Лихтенштейннің әрбір тұрғыны орташа есеппен 2 шетел­дік компаниядан жалақы алады. Сол себепті болар, «ергежейлі мемлекетте» өмір сүрудің өзі жергілікті халыққа рахат сыйлайды. Қазақстанға тиесілі қазынаның қызығын осы уақытқа дейін ауылдағы ағайын емес, лихтенштейндіктер көріп келгені өзекті өртейді тек.

Салықтың төмендігі, валютаның франк болып бекітілуі әсіресе шетелдік компанияларға өте ыңғайлы болып шықты. Бұл елде бизнес жүргізудің шарттары шетелдіктер үшін қатты қызығарлықтай, ал банк салымшылары үшін құпиялылық мықтап сақталады. Сол себепті де Еуропаның түкпір-түкпірінен келген байлар мұнда жинақ аударып, ірі корпорациялар филиалдар құруға әуес. Князьдіктің бұл тамаша ұсынысынан қазақстандық байлар мен монополис­тер де құр қалмаған көрінеді.

Сыртқы қарызы жоқ, халықтың өмір сүру деңгейі бойынша әлемде екінші орында тұрған, тұрғын­дары­ның саны 50 мыңға да жет­пейтін бұл елде қазіргі таңда 100-ге жуық шетелдік компания тір­келген екен.

Әлемдегі ең танымал оффшорлық аймақтардың бірі ретінде Гонконгтің бұл тізімнен табылуы түсінікті жайт. Ал Біріккен Араб Әмірліктері табыс­ты дамып келе жатқан ел ретінде инвестициялар мен шетелден келетін ақша ағындарына бұрыннан ерекше көңіл бөледі. Мұсылман мемлекеті­нің заңдары шетелдіктерге өте қатал болуы мүмкін, дегенмен бұл «қатал­дық» екі негізгі әмірлікке – Дубай мен Абу-Дабиге жүрмейді. Өйткені бұл аймақтарда ақша аударым­дарына, соның ішінде халықаралық аударымдарға ешқандай шектеу қойылмайды.

Халықаралық аударымдарды тез және тиімді жүргізу үшін БАӘ банктерінің бірінде шот ашу аса қиындық тудырмайды. Керісінше бұл комиссияларды үнемдеуге мүмкін­дік береді, сондай-ақ ақша алу ресімін едәуір жеделдетеді. Сондай-ақ кез келген шетелдік халықаралық карталарды пайдалана алады және банкоматтан қолма-қол ақша алуға да болады. Оның үстіне БАӘ-де әлемдік белгілі әрбір банктің өз филиалы бар. Бұл дегеніңіз – Әмірліктерде қаржы ұйымдарына қол жеткізу аса күрделі іс емес деген сөз.

Мемлекет басшысының биылғы ресми сапарын Біріккен Араб Әмір­ліктерінен бастағанын ескерсек, таяу­да бұл елден қайтарылатын қара­жаттың еселенуі де бек мүмкін.

Үш елге қатысты жоғарыдағы сұ­рақ­тарды экономист Мақсат Ха­лық­қа да қойған едік. Сарапшы да шет­елге қаражат аударатын азамат­тардың негізінен ақшаларын түрлі компания құрып, ол компанияларды оффшорлық аймақтарға тіркеу арқылы шығаруға тырысатынын, ал бұл істе ең алдымен салығы ең төмен және қаражатты сақтау мен шығаруға ыңғайлы елдерді таңдайтынын растап берді.

– Елден шығарылған заңсыз активтер қайтарылған мемлекеттер тізімде бұл елдердің бірінші кезекте тұруы да сол себепті. Өйткені бұл мемлекеттерден ақша шығару оңай. Мұны қаражатты нақты осындай қитұрқы жолмен жеткізудің болуымен сипатталады деп айтуға негіз бар.

Қазақстаннан шетелге заңсыз шығарылған қаражат көлеміне қатыс­ты сарапшылардың арасында түрлі пікір бар. Бірінде 160 миллиард доллар айтылса, екіншісі 200 миллиард доллар деген мәлімет келтіреді. Бұдан бұрын Ұлттық экономика министрлігі кемінде 100 миллиард доллар өзге елдерге заңсыз жіберіл­ген деген мәлімет жариялаған еді. Шамамен осы көлемдегі қара­жаттың өзін алып қарайтын бол­сақ, 200 миллиард доллар қазір Қазақ­станның тұтастай ішкі жалпы өнімі­мен тең қаражат. Сонда осы жылдар ішінде елімізден тағы бір Қазақстан сыртқа шығып кеткен деп айтуға болады, – дейді экономист.

«Бүгінге дейін мемлекетке қайтарылған 670 миллиард теңге аз ба, көп пе? деген сұрағымызға Мақсат Халық: «Егер теңгеге аударатын бол­сақ, елдегі ішкі жалпы өнімнің көле­мі 100 триллион теңгеге жуық. Ал қайтқан қаражаттың көлемі 1 триллионға да жетпейді. Демек, бұл 1 пайызға да жетпейтін қаржы шетелден қайтарылып отыр деген сөз. Әрине, шетел асып кеткен, көлеңкеде жүрген қаржымен салыстырғанда бұл өте аз», деп жауап берді.

ТҮЙІН. Естеріңізде болса, тістегенінің аузында, ұста­ғанының қолында шетел асып кеткен бюджет қаржысы мен жалпы­ұлт­тық байлықтың тағдыры Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда да талқыға түсті. Отырыста сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтаруды «өте күрделі жұмыс» деп бағалап, бұл үдерістің ұзаққа созылуы мүмкін екенін де ескерткен еді. Оның себебі де түсінікті. Ақшаны қайтару көптеген заңдық процедурадан өту керек. Алайда халықтың ашуын да, ашық ақпаратты жариялауды талап етуін де түсінуге болады. Себебі ел жат-жұртқа кеткен қазынасының қызығы мен көмегін көргісі келеді. Ертең, отыз жыл өткеннен кейін емес, бүгін көргісі келеді. Әйтпесе, Әділетті, Жаңа Қазақстан туралы сөз қозғаудың өзі қиын.