Әдебиет • 23 Қаңтар, 2023

Ат жалында кеткен арман

449 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ақын Нұрлан Мәукенұлы (Берғазиев) мына жалғанның жарығын небәрі 43 жыл ғана көрді... Аспаны заңғар, топырағы құнарлы Зайсанда 1960 жылы 25 желтоқсанда дүниеге келіп, өмірдің мәнін өлеңнен іздеп өткен ақынның қазақ поэзиясындағы сапары жалғаса бермек. Тек ақын есімін жаңғыртып, жырларынан сусындап, туындыларын лайықты бағалай білсек, қанеки...

Ат жалында кеткен арман

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Нұрлан Мәукенұлы – болашаққа мұңын да, арызын да, өсиетін де, жан сырын да жазып кеткен ақын. Ол кейінгі ұрпақ­тан үлкен үміт күтеді әрі оларға сенеді. Бұл Абайдың, Мағжанның жолын үлгі еткендік.

 

Қазақ әдебиетінің жазиралы әле­міне ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары келіп қосылып, өз қазығын сенім­мен қаққан Нұрлан Мәукенұлының шы­ғар­машылығына ден қойып, салқын­қандылықпен зерделесеңіз, ұлтымыздың жыраулық дәстүрінен тамыр тартқан, өмір философиясына бабалар көзімен қарау­ға талпындырар, қаныңды қыздырып, жігерлендірер жасынды жыр дегеннің не екенін анық түсініп қана қоймайсыз, қаталап келгенде зәмзәм ішіп шөл бас­қандай маңдайыңыз жіпсіп рахаттанасыз, кейде бұйығы мұңға батып, кейде қуанышқа кенеліп әрі-сәрі күй кешесіз, ой сүрлеуіне түсіп алып қиял көгін шарлап кете барасыз.

Ақынның жаны, ішкі әлемі буыр­қанған, толқынын дауыл сапырған, кей­де жуасып мөлдірей тұна қалатын теңіз тәрізді. Сол жан – теңізде бақ пен сор, бар мен жоқ арпалысқан, ауыры мен жеңілін, азабы мен рахатын, қайғы­сы мен қуанышын сыңар еткен мына өмірдің бар болмысы мұнарлана көрінеді. Аударылып-төңкеріліп, өрекпіп-шап­шып, көтеріліп-басылып, бозарып-сазарып, жарқырап жақұттанып, арагідік өкпесін баса тынышталып... беймаза күй кешер сол жан – теңізі айдынында ақын сөйлеп барады...

Иә, ақын сөйлеп барады. Сөйлегенде күңіреніп, күрсіне сөйлейді.

«Тірінің қамын тірі жер,

Тірілер бірін-бірі жер.

Тірлікте қашқан қадірің,

Өлгенде ғана білінер».

Адамның дүниеден озғанда ғана қа­дірі білінетінін, орны ойсырап қалаты­нын талайлар айтқан. Бұл өмір қағидасы ретінде халықтық ұғымға айналған фило­софиялық түйін. Бұл қағиданы ақын шымыр ұйқаспен қисындай отырып, оған өзінің ішкі күрсінісін, күйініш сезімін сыналай енгізіп, айтылған ойды тереңнен ұқтырып, жүрегіңді дір еткізеді.

«Тiрiнiң қамы – бас қамы.

Күнде бiр әлем – ашқаны.

Күйремейтiндей көңiлi,

Құламайтындай аспаны...

...Өлiнiң қамы – өз қамы,

Өгейсiп кеткен өз қаны.

Бiр уыс топырақ бұйыртып,

Маңдайға бақыт жазғаны…

Тiрiнiң қамы – бас қамы,

Таусылмайтындай дастаны.

Өлеңшiл өзен өткенi.

Айғайшыл асу асқаны.

Өлiнiң қамын тiрi жер,

Тiрiлер бiрiн-бiрi жер.

Бiр күнi бiз де барамыз,

Сен аман болғай, сiрi Жер!».

Санаға салмақ салар, жүректі шымырлатар мұндай сөзді өмірдің өзегіне ой жүгірткен, тағдырдың ызғарлы желіне тоңып, жаны жаураған, тұщы мен ащыны қатар көрген адамдар ғана айта алады. Қатал сыны қабырғаңды қайыстырар жалған өмірде бірінің етін бірі жеуге дайын адамдардың аярлыққа сүйенген жойдасыз іс-әрекетіне ақын осылайша күйінеді. Күйінеді де «Бiр күнi бiз де барамыз, Сен аман болғай, сiрi Жер!», деп қасіреті қат-қабат, қабағы қатал, құшағы суық бұл дүниеден бір күні кететінін, «сірі Жердің» қойнына еніп, мәңгілікке дамылдайтынын жұбаныш көреді.

Нұрлан Мәукенұлының таң асырылған тұлпардай жарап, жұлқынып, жұтынып тұрған жырларының қай-қайсысын алып қарасаңыз да өзінің иіріміне тарта жөнеледі. Ақынның ой маздаған, кеудені нәзік те бұйығы сырымен толқытар, қоңыр мұңымен қай-қайдағыңды қозғар өлеңдерінен ежелгі түркілік сарынды, кешегі жырауларша сөз саптауды анық байқайсыз. Бұл ақын туындыларының басты ерекшелігін көрсетсе керек әрі оның шығармаларының дара бітімін айғақтайды.

Сөз зергерінің «Қайран ата-бабам-ай!» деген өлеңіне зер салайықшы. Осы бір өлең арқылы ақынның ішкі қалауын, ұстанымын, адами, рухани тұрғыда нені көксейтінін, жан сарайындағы буыр­қанған ақындық алап күшті бағындырып, оны дұрыс жолға бағыттай алғанын бай­қайсыз.

«Қайран ата-бабам-ай!

Ат жалында кеткен арманы,

От-жалында кеткен орманы,

Iшiнде кеткен құсасы,

Құлаумен болған қорғаны...»

Бұл көкірегі ояу, көзі ашық бүкіл қаз­ақ­тың сөзі емес пе? Ақын елдің сөзін айтып тұр. Өз ұлтының аңсар-арма­нын, әттеген-айын, өзгеге кеткен есе­сін жүрегінің көзінен өткізіп тұрып қапа­ланады, қазақтың «от-жалында кет­кен орманы» мен «ат жалында кеткен арма­нын» жоқтап аһ ұрады. Бұған қоса, ақын­ның бүгінгі мен ертеңгінің рухан­и-танымдық бастауында тұрған ата-баба­ла­ры­мызға деген сый-құрметі мен тағ­зы­­мын эстетикалық, лирикалық-филосо­фия­лық мәнде қанық бояумен бере алған.

«Қайран ата-бабам-ай!

Қара жер болған қорымы,

Қараусыз қалған орыны.

Екi дүниеде қайтадан

Бiнə да болмас порымы...

Қайран ата-бабам-ай!

Ай қараңғы кешеде

Адасып жүрiп нешеме,

Соңынан ұрпақ өргiзген,

Көз жасын құйып кесеге.

Қайран ата-бабам-ай,

Қайран ата-бабам-ай!...»

Тарихи санасы ояу адам ғана қазақ­тың кешегісіне көңіл көзімен қарап, ой түйеді, бабалар басынан өткен ала­са­пы­рандардың салмағын жан-дүниесі­мен сезіне алады. Бұл тұрғыдан келгенде Нұр­лан Мәукенұлы өзін кешегі нәу­бетті кезеңдерде өмір кешіп, қандай қиын­­дыққа кезіксе де жанталаса жүріп ұрпақ өргізген, елдік мұратты көксеген ата-баба­ларымыздан бөліп қарамайды. Бүгін – кешегінің жалғасы, ертеңге көпір. Мұны терең сезінетін ақын бұрынғы­ның жақсы істерін үлгі тұтып, қателіктері­нен сабақ алуға үндейді.

Ақын ұлт тағдыры, адам, дәуір және қоғам жөніндегі жан тебіреністерін жы­раулық дәстүр негізінде толғап, халық­тық, ежелгі түркілік сарынның тамырына қан жүгіртті. Дәлірегі, жыраулық үрдіске жаңаша үкі тағып, түркілік сарынның түндігін ашты да, ата-бабаларымыздың елдік мұратын ұқтырып, ұлттық рухын оятты. Сонымен қатар ақын тек өткен шақтың ойпаңы мен өріне ат шалдырып қоймай, бүгінгі қоғамның жықпыл-жықпылына үңіліп, ондағы жағымсыз көріністер мен келеңсіз жағдаяттардың, қалпына келтіру қиын зардаптардың шығу тегі отарлау саясатынан, кеңестік тоталитарлық жүйеден екенін сенімді түрде айтады.

Қараңыз:

«Отарлаушысы орыс болған,

Отының басы қорыс болған,

Орманы тоң-торыс болған,

Қайран да менiң қазағым!

Өзгеге кiлең пенде болған,

Өзiнде барға кенде болған,

Артық та болған, кем де болған,

Қазағым, менiң қазағым...»

Басына төнген қасіреттің, нәубеттің құрбаны болған қайран қазағының қай­ғы­сын жан-дүниесімен түйсігіп, шарасыз­дықтан өзегі өртенген ақынның жүрегінің түкпірінен жарып шыққан үні қандай қастерлі әрі аянышты...

Нұрлан Мәукенұлы – болашаққа мұңын да, арызын да, өсиетін де, жан сырын да жазып кеткен ақын. Ол кейінгі ұрпақ­тан үлкен үміт күтеді әрі оларға сенеді. Бұл Абайдың, Мағжанның жолын үлгі еткендік.

«...Менiң заманым дiмкəс,

Сырыма сенiп сырлас.

Мұра деп бiлсең мұңымды –

Менiң мұңыммен мұңдас...

...Бiздер – тарихымызбен

кеш танысқандармыз,

Бiздер – тiлiмiзбен

кеш табысқандармыз...

...Бiзден кейiнгi буын,

Бұйырмағаның үшiн қуын.

Сенiң заманың татпасын,

Бiздiң заманның уын.

Бiзден кейiнгi ұрпақ,

Өзiңе-өзiң жүр сақ.

Сенiң заманыңа салауат айттым,

Менiң заманым – сырқат...»

Бұл ақынның келешекке арнаған арызы, сыры, ішкі әлемін жарып шыққан жанайқайы. Суреткердің осы үнін естіп, ой түйген қоғам, ұрпақ жаман болмаса керек.

«Жырау əлем, жетеле,

Көңiлiмдi оят, көзiмдi аш.

Сөзiң жетсiн жетеме,

Лебiң тиiп сезiм-мас.

Сөздiң дəмiн алайын,

Сиқырымен баурағын.

Ой нəрiне қанайын –

Жалаңаштай жаурадым»,

деп жыраулық дәстүрден қуат, шабыт алып, өлең өлкесіндегі өмірін әрлендірген, бойындағы талантын, қарым-қабілетін шыңдаған ақынның туған жер, отан, қоғам, ұлт, ел-жұрт, адамгершілік, махаббат, перзенттік парыз және басқа да тақырыпта жазылған өлеңдерінен мына дүниенің қыр-сырына, өрі мен ылдиына, күнгейі мен көлеңкесіне зейін салып, зерделеген, философиялық ордалы ой түйген, кемелдікке қол созған жанның қолтаңбасын көресіз...

Жүрегі нәзік, көңілі сезімтал, сезімі сергек жанға қарама-қайшылыққа толы, адал мен қарау, жақсы мен жаман шар­пыс­қан, мейірім азайып, қулық-сұм­дық, аш­к­өздік пен қысастық еркін «тайраң­даған» қоғамда өмір сүру оңай емес. Ақын «Төзе алмаймын» деген өлеңінде:

Төзе алмаймын –

Бар төзiмiм таусылды,

Тынып жатқан таулар жұтты

даусымды.

Шапанымның шалғайын жел

қаусырды,

Соққан құйын мазаң еттi

маусымды...

...«Шыда», – дейсiң,

Шыдам бiттi, шырағым,

Құдайымнан қолдау ниет сұрадым.

Бетiмдi ендi құбылаға бұрамын,

Көзiме iлмей көңiлiмнiң құрағын...» дейді.

Барлық жөнсіздікті жүрегімен қабыл­дап, жаны ауырған, кесірлі келең­сіз­діктерден көңілің қалып, санасы сансы­раған ақынның сөзі ғой бұл. «Шыдамым бітті», дейді. Бірақ морт сынғысы жоқ. Құдайдан медет тілеп, жақсылықтан үмітін үзбейді. Бойындағы иманынан нәр алған кеудесіндегі үміті ақынды алға жетелейді.

Ал «Жанымды қоярға жер таппай...» деген өлеңінде ақын:

«Будақ-будақ бұлттай

Боз аспанда боздап кетіп барамын.

Боздағымды ұмытпай

Баста мұңын қозғап кетіп барамын», деп мұң шағады. Бұл ақынның ғана емес баршаның мұңы. Ақын өз басын ғана күйттемейді, өзгеге болсын, өзгенің бағы жансын деп «Боз аспанда боздап кетіп барады». Ақиық ақындар ғана өзінің өмірге келудегі мақсатын көптің сөзін сөйлеу, жұрттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау деп түсінеді. Нұрлан Мәукенұлы да өзінің атқарар миссиясын осы «төңіректен» іздейді.

Ақынның жүрегі нәзік, елжірегіш. Сол жүрекке зіл-батпан жүк артылса, қиын-ау. Елжірегіш ет жүрегі езіліп кетсе бәрі де бітпей ме? Бірақ Нұрлан Мәу­кен­ұлы өзінің ақындық, азаматтық миссиясын орындау жолында өзін құрбан етіп, жүрегін аямаған ақын. Қараңызшы:

«Қорқам кейде: мен осы көпке

барман,

Алып жейдi-ау кеудемде кеткен

арман...

Өмiрiмнiң өзегiн жалмаған от

Жүрегiмдi жарылған өтке малған...»

«Өмірінің өзегін от шарпып, жүрегі өт уына малынған» ақын тағдырына ­мо­йынұсынады. Өйткені бұл өзінің пеше­несіне бұйырған ауыр да қасиетті жолы, тағдыры еді. Тағдырыңнан қашып құты­ла алмайсың. Өйткені ол – талайсыз тағдыр.

«Көкiрегiмде көл жатыр

тыншын алар,

Ту сыртымда жел жатыр

тыншын алар,

Тулағанда толқыны тұншықтырып,

Ойдым-ойдым орманым

сыңсып алар.

Өзiм салған өмiрiм соқпағын-ай,

тағдырымның тезiне

тоқтадым-ай...»

Дарыны тағат тапқызбай төте де соқ­пақты жолмен өз шыңына шыққан қай­сар ақын тағдырының үкіміне бағы­нып, бақиға аттанғанда соңында қалған ел-жұрты – ойдым-ойдым орманы жоқтай­ты­нына сенімді болады. Сол сенімі ақтал­ды ма?.. Біз осы оны ұмытып кеткеніміз жоқ па, қалай?

Дем үзілді, жүрек тоқтады, жан көк­ке ұшты, тән суыды... суық көр жасыр­ды. Мәңгілікке бостандық... Жыр қалды. «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмей­тұғын артына сөз қалдырған?»

Н.Мәукенұлы өзінің халқы алдын­дағы, қазақ әдебиетіндегі негізгі азамат­тық негізгі миссиясына адал болып, оны артығымен орындаған ақын. Бұған ақын­ның соңында қалған жауһар жыр-мұрасы дәлел.

Жыраулық өнерді уақыт көшіне ілес­тіріп, оған жаңаша реңк беріп ірілік көрсеткен ақынның үнін мына қоғам, ке­лер ұрпақ естуі тиіс. Сол үшін де қазақ әде­биетінің жыраулық дәстүрі өкіл­дерінің шығармаларымен астасып, тұта­сып жатқан Нұрлан Мәукенұлының туындылары зерттеуші-ғалымдардың назарына ілігіп, ғылыми айналымға түссе, оқулық-хрестоматияларға енгізілсе деген тілек бар.