Экономика • 23 Қаңтар, 2023

Өндірісті өркендететін жетістіктер

350 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Универ­ситет ғылымының дамуы – Қа­зақ­станның инновациялық дамуы­ның қажетті алғышарты» тақырыбында ғылыми-тәжіри­белік конференция өтті. Аталған іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, оқу орнының ғылыми жетістіктерімен танысты.

Өндірісті өркендететін жетістіктер

Ғалымдардың ғылыми-тәжірибелік алаңдарда жасаған зерттеулері ендігі кезекте үлкен өндірістерге жол ашады. Осы ретте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Прези­дент тапсырмасына сәйкес тиісті ми­нистрлік ғылым саласына инвесторлар тарту мәселесіне ерекше назар ауда­рып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, инновациялық экожүйе қалыптастыруда әрбір жоғары оқу орнын техникалық жабдықтау, зертханаларды жаңа құрылғылармен қамтамасыз ету мәселелеріне көңіл бөлінеді. Ең мықты стартаптарға инвестиция тартылып, ғылыми өнімдер сұранысына баса мән берілмек. Егер белгілі бір өндіріс орны ғылымға инвестиция салатын болса, мемлекет тарапынан салық жеңілдіктері де қарастырылады. Бұл бағытта Салық кодексіне де өзгерістер енгізілуде. Сонымен бірге Президент жа­нынан Ғылым және технология ба­ғы­тында ұлттық кеңес құрылып, нәти­­же­сінде ғылыми қауымдастық өз мәселесін Президентке тікелей жеткізе алатын болады.

Ғылыми жобаларды өндіріске ен­­гізу, университеттердің ғылыми-зерт­­ха­налық мүмкіндіктерін арттыру мәсе­лесі ғылыми конференция аясын­да кеңінен талқыланып, секцияларда жалғасын тапты. Биыл елімізде ғылымды қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге артқан. Университет ғылымын тұрақты қаржы­ландыру үшін биыл бес пилоттық оқу орнында эндаумент-қорларды ашу бо­йынша нысаналы капитал қорлары туралы жеке заң тұжырымдамасы және жол картасы әзірленді.

Жиын барысында Ғылым комите­тінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки еліміздегі жоғары оқу орындарының негізгі жетістіктеріне тоқталды. 2018-2020 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру шеңберінде жалпы сомасы 28,2 млрд теңгеге жеті басым бағыт бойынша 1 070 жоба іске асты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 140, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ – 80, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ 49 жобаны жүзеге асырса, грант­тық қаржы­ландыру шеңберінде жа­л­пы сомасы 21,7 млрд теңгеге 561 ғылы­ми жоба (42%) іске асуда. Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ – 31%, Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ – 16%, Қ.Сәтбаев атын­дағы ҚазҰТЗУ 13%-бен көш алдында келеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыстардың нәтижесімен таныстырды. Университетте «идеяны қалып­тас­ты­ру­дан коммерцияландыруға дейін» тех­нологиялық дәлізі құ­рыл­ған. Олар­дың қатарында шунгит концентраты, полиэфирлі шайыр, газразрядтық лам­­па­­лар, дәрі-дәр­мек­тер, көміртекті нано­құрылымдар және тағы басқа 10-ға жуық шағын өнді­рістік алаңдар жұмыс істейді.

Университеттің Қан тамырлары патологиясы орталығының директо­ры, профессор Оралбай Дәрменов атап өткендей, «Артериялық тамыр­лар­дың өткізгіштігін қалпына келтіру­ге арналған құрылғы және әдіс», «Ате­росклеротикалық түйін­дерді селективті ультрадыбыстық дис­сек­ция жасауға арналған құрылғы және артериялық тамырлардың өткізгіш­тігін қалпына келтіру әдісі» қан тамыр­ларындағы түйіндерді түбегейлі жоюға және бір­ден бірнеше артерияларды таза­лауға мүмкіндік береді. Артериялық тамырларды қалпына келтіруге арналған құрылғылар шетелдерде қымбат тұрады. ҚазҰУ ғалымдары ұсынып отырған өнертабыс техникалық әрі қаржылық тұрғыдан да үнемді.

Зертхана ғалымдары іске асырған тағы бір жоба – вирустан қорғану құралы. Жаңа құрылғы өкпедегі вирус­ты залалсыздандыра отырып, науқас адамның демін тазартуға ықпал етеді. Арнайы патенті бар өндірістер желісін әрі қарай кеңейту алдағы уақытта халық саулығына ықпалы зор жобалар ретінде танылатыны сөзсіз.

Биологиялық белсенді қоспалар өнді­рісімен таныстырған ҚазҰУ Дәрі­­лік өсімдіктер ғылыми-зерттеу орталы­ғының директоры, профес­сор Жанар Жеңісқызы елімізде өсетін улы емес дәрілік өсімдіктерден жаса­ла­­тын қоспа­лардың көптеген ауру­дың алдын алуға әсері туралы айтып өтті. Зертханада салауатты өмір сал­тын сақ­тауға бағытталған үш мемле­кет­тік, бес халықаралық жобалар негі­зінде тұмауға қарсы, өкпе, бауыр, бүй­рек, асқазан жолдары жұмысын жақ­сар­туға, ағза қызметін белсендіруге, қант диабетіне, короновирусқа қарсы белсенді қоспалар өндірісі жолға қойылған.

Логистика және көлік академиясы ғалымдары құрастырған дельтаробот шағын денелерді зерттеуге бағытталған. Жас ғалым Айдос Сұлтан атап өткендей, жаңа құрылғы салмағы 1 кг жетпейтін шағын пішінді бұйымдардың құрамын анықтауға арналған. Конвейердің жұмы­сын тоқтатпастан нысанды толыққанды сараптауға болады. Бұл жобаға үш жылдай уақытын арнаған ғалымдар жоба өндірісте іске асады деген сенімде.

Қазақ тілін технология тілімен байланыстыра отырып, дыбыстану үрдісін жеңілдетуге мүмкіндік беретін ІТ жоба да ерекше назар аударуды қажет етеді. Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары, PhD Өркен Мамырбаевтың жетекшілігімен жүзеге асқан жоба Kazak ASR дауыстық сигналдарды танып қана қоймай, мәтінге айналдыруымен ерекшеленеді. Қазіргі кезде бұл жобаға қызығушылық артып келеді.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қа­зақстан университеті Инновациялық су тазарту жүйелері ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, Phd Абдығани Азимов стевия өсімдігінен жасалған өнімдермен таныстырды. Тарихы Аргентинамен байланысты бұл өсімдікті кейіннен Еуропаның елдері мен Жапония, Малайзия сияқты дамыған елдер өз өндірісінде пайдалана бастаған. Табиғи тәттілендіргіш ретінде қолданылатын өсімдік қант диабетімен ауыратын науқастарға мың да бір ем. Жылыжайда, ашық егістік алқаптарында сынақтан өткен өсімдіктен жылына бес рет өнім алуға болады. Сонымен қатар бұл зертханада жеміс дәндерінен, қабығынан алынған май, су, газ тазалығы мақсатында пайда­лануға болатын белсендірілген көмір өндірісте сұранысқа ие. Дүние­жүзілік банк қаржыландырған бұл жоба жемісін беріп, қазіргі кезде ғалымдар өндірістен түскен табыстың 10 пайызына ие.

Жиын отандық ғалымдардың ғылы­ми жетістігін паш етіп қана қойған жоқ, жобалардың өндірістік мүмкіндігінің зор екеніне тиісті министрлік маман­дарының назарын аударды. Қазіргі кезде еліміз өңірлерінде 20 орталыққа академиялық басымдық берілген. Университеттік ғылымды дамыту жас­тарды ғылымға көптеп тартуға ықпал етеді дейтін болсақ, жоғары оқу орындары ерте курстардан бас­тап зерттеу­лермен айналысуға қатысты білім бағ­дар­ламаларын қайта қарап, ғылыми жетістікке талпыныс жасауы уақыт күттірмейді.

 

АЛМАТЫ