Экология • 24 Қаңтар, 2023

Балық шаруашылығының бары мен жоғы

507 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Балық шаруашылығын дамыту агросаясаттағы басты міндеттің бірі болғанымен, бүгінде нақты нәтижеге қол жеткізу қиындау болып тұр. Бұл өз кезегінде ел Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған» бағдарламасы атты іргелі жоспардың орындалуын кешеуілдетіп отыр.

Балық шаруашылығының бары мен жоғы

Осы межелі жылдар ара­лы­ғындағы істелетін ж­ұ­мыстың нәтижесі бойынша ауланатын балық түрінің үлесі 270 мың тоннаға дейін артуға тиіс-тұғын. Өкінішке қа­рай, аймақтардағы жағдай ол жоспарды орындауға мүм­кін­дік бермейтін сияқты. Өйт­­кені өңірлерде балық ша­­руа­шылығының дамуы­на қол­байлау болатын кедер­гілер көп екен. Бұл мә­се­ле еліміздегі аграрлы өңір­дің бірі әрі балық шаруашы­лы­ғының дамытуға қолайлы аймақ саналатын Алматы облысында да бар.

– Бізде 2030 жылға дейін балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бар. Онда Алматы облысынан шығатын балық өнімін 25 мың тоннаға жет­кізу көзделген. Осы мін­детті орындау үшін балық шаруашылығына бері­летін мемлекеттік қолдау­дың көлемін арттыру керек. Алматы облысындағы бола­шағы зор саланың бірі – балық шаруашылығы. Қазірдің өзінде өңірден мал етінен гөрі балық өнімдері көбірек экс­портталады. Бұл саланың қуатын арттыру үшін балық шаруашылығының көлемін ұлғайту керек. Сондай-ақ өндірістік мақсатта шабақ өсіруді қолға алу қажет, – де­ген былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңір­ге жасаған сапарында.

ясп

Алайда аймақта дәл осы шабақ өсіруге қатысты жұмыс көңіл көншітпейді. Оның бір мысалын былтыр Қапшағай көліндегі ұсақ балықтардың қынадай қырылғанынан көруге болады. Қараша айында көл жаға­лауы­нан 17 923 кг өлі балық шабақтары жи­налған еді. Бұл мемлекетке 33 млн теңге шамасында қаржылай шығын әкелді. Атал­ған факт бойынша қылмыстық іс қозғал­ға­нымен, шабақтардың қырылу себебін нақты анықтау мүмкін болмапты. Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының мамандары шабақтардың қырылуының негізгі үш себебі болуы мүмкін деген пікірде. Әуелгісі – табиғи фактор. Бұл су астындағы оттегі жетіспеуі немесе түрлі ауру тарау ықти­мал­дығынан болуы мүмкін. Екіншіден, көл суы­ның ластануының кесірінен балық қы­рылуы ықтимал. Әсіресе аумақтағы шаруа­­шы­лық­тар­дың зиянды қалдықтары Қап­шағайға құйылуы әбден мүмкін екен. Сон­дай-ақ айдында жүзген моторлы қайық немесе кез келген басқа су көліктерінің ме­ха­ни­ка­лық әсері де шабақтардың жаппай қы­­рылуына әсер ететін көрінеді. Алайда тексеру қорытындысында алдын ала айтыл­ған бұл 3 фактордың да балық өліміне қаты­сы шамалы екен. Нақтырақ айтқанда, Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының зертханасында су сынамаларына жүргізілген гидрохимиялық талдау нәтижесі көл суының тіршілік үшін қауіпті емес екені анықталған. Тек «Қазгидромет» республикалық-мемлекеттік кәсіпорынының 44 физикалық-химиялық көрсеткіштер бо­йынша жүргізген зерттеуі су құрамынан фосфор, фосфат және темірдің жоғары концентрациясын көрсеткен. Алайда шамадан тыс қауіпті элементтер анықталмағандықтан, бұл жағдайда шабақтардың өліміне себеп бола алмайды екен. Сонымен қатар Төтенше жағдай департаментінің сүңгуірлері ластанудың бастапқы көзін табу үшін тексеру жүргізген, бірақ ешқандай күдікті дерек тіркелмепті. Яғни талдаулар нәтижесі шабақтардың өлімі улы заттардың бөлінуіне байланыс­ты емес деген қорытындыға негіз болған. Деген­мен шабақтардың қырылуына оттегі жетіспеушілігі себеп болуы мүмкін деген шешім шығарылған. Өйткені «Қазгидромет» қызметі қазан айының сол күндерінде көл аумағында 18-20 м/сек жылдамдықта жел соққанын тіркепті. Соның салдарынан толқын көтеріліп, шабақтардың тығыздығы артқан болуы мүмкін. Сәйкесінше оттегі жетіспеген шабақтар жел күшінен қорғана алмай, жағаға шыққан. Сөйтіп қырылуы мүмкін екен. Яғни 18 мың кг жуық майда балықтың бір күнде ақ сөңкеге айналуы мен оған жұмсалған 33 млн теңге қаражаттың ақталмауы балық шаруашылығын дамытуға соққы болғаны анық. Жалпы, 2030 жылға дейін Алматы облысында өндірілетін балық түрінің көлемін 25 мың тоннаға дейін арттыру міндеті бар. Ал бір ғана Қапшағай көліндегі жағдайдан кейін ол меже оңайлықпен орындала қоймайтыны білініп қалды. Өйткені 2021 жылы аймақтағы балық өнімдері 6 мың тонна ғана болған. Ал былтыр бұл көрсеткіш 8 мың тоннаға жетуге тиіс еді.

Дерек бойынша, облыста балық өсірумен ай­налысатын 22 шаруашылық бар. Өкініш­ті­сі, олардың да жағдайы мәз емес. Өткен жылы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Көлді ауылының тұрғындары аумақтағы «Халық балық» серіктестігінің жұмысына наразылық білдіріп, шу көтерген болатын. Аты айтып тұрғандай, бұл серіктестік балық шаруашылығымен айналысады. Негізі 1963 жылы қаланған шаруашылық қазір жеке адамдардың қолында екен. Бірақ жұмысы өнбей отыр. Тұрғындар серіктестік қожайындарының балық өсіру мен аулауға немқұрайды қарайтынын, жұ­мыс­шылардың әлеуметтік жағдайына да назар аудармайтынын айтқан еді. Соның кесірінен компания иелігіндегі 3 мың гектардан аса жер де игерілмей қалған. Ал балық басын көбейтуге тиісті тоғандары кеуіп қалған. Бұрын он шақты көл болса, қазір 3 көлде ғана шабақ өсіріледі екен. Балық өңдеу мақсатында салынған зауыты да жабылып тынған. Ауылда тұрақты жұмыс болмағасын жұрт қала жағалап кеткен-мыс. Тұрғындар бұл тығырықтан шығудың жолы тоғандар мен балық өсіруге қажетті бөгеттерді жекеменшіктен алып, мемлекет иелігіне қайтару деген пікірде. Бұл – бір ғана шаруашылықтағы жағдай. Жалпы, ел ішінде балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың дені тек мемлекет төлейтін субсидия үшін ғана жұмыс істеп отыр деген пікір бар. Демек балық шаруашылығын дамытуға деген көзқарас әлі оңалмағаны анық. Оның үстіне еліміздегі балық инспекциясының қызметі де жанданбай отырғанын Мемлекет басшысы да сынға алған еді. Алайда балық өсіру ісіне жауапты сала мамандары ауызды қу шөппен сүртуге болмайды деген ойда.

– Алматы облысында жасанды су көздері де, табиғи көлдер де баршылық. Былтыр сол табиғи көлдерді балық өсіру үшін бекі­тіп, жылдың соңына қарай өсірілетін ба­лық санын 8 мың тоннаға дейін жеткізу мін­детін атқардық. 2021 жылы Алматы облы­сының бюджетінен тауарлық балық өсіруді субсидиялауға 32,1 млн теңге қаражат бө­лінді, оның 16,2 млн теңгесі игерілді. Қалған 15,8 млн теңге өтініш түспегендіктен бюджетке кері қайтарылды. Ал 2022 жылы облыс бюджетінен тауарлық балық өсіруді субсидиялауға 38 млн теңге бөлінген. Яғни Алматы облысының өзге өңірлерге қара­ғанда балық өсіруге әлеуеті жоғары. Сон­дықтан болар қолдан өсіремін деген ниет білдірушілер көп. Оларға мемлекет тарапынан қолдау да жеткілікті, – дейді Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруа­шылығы инспекциясы басшысының орын­басары Ринат Құмашев.

Рас, балық шаруашылығының барын бар деп айтуымыз керек. Өңірде балық өсіруді атакәсіпке айналдырып, табыстың көзі еткен азаматтар жеткілікті. Жоғарыда аймақта 22 ірілі-ұсақты шаруашылықтың балық өсірумен айналысып отырғанын айттық. Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік форель шаруашылығының иесі Марлен Тұрсынәлі де – сол қатарда. Ихтиолог маман Есік қаласы маңынан балық өсіретін бірнеше тоғанды өз қаржысына салған. Арғы жылы бір ғана бақтақ балығын 50 тоннаға жеткізсе, былтыр 160 тоннаға дейін өсіріпті. Мұнан бөлек бұл шаруашылық 220 тонна форель, 50 тонна бекіре, 100 тонна африкалық клариви балығын балаша бағып отыр.

 

Алматы облысы