Қазақстан • 24 Қаңтар, 2023

Қазақстан ЭЫҰ-дағы ынтымақтастықты кеңейтуді жақтайды

386 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған Қазақстан делегациясы Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ЭЫҰ СІМК) 26-шы отырысына қатысып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан ЭЫҰ-дағы ынтымақтастықты кеңейтуді жақтайды

Іс-шараға сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары және ЭЫҰ мамандандырылған агенттіктерінің және АӨСШК, ТМҰ және т.б. өңірлік ұйымдардың басшылары қатысты.

Отырысқа қатысушылар ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сауда, инвестициялар, азық-түлік қауіпсіздігі, экология, ауыл шаруашылығы, транспорттық дәліздер және т.б. салалардағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру жөніндегі кең ауқымды мәселелерді талқылады. Сондай-ақ Ұйым кеңістігінде экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар енгізді.

СІМК қорытындысы бойынша Ташкент коммюникесі қабылданды. Ол Қазақстанның ұсынысы бойынша ЭЫҰ мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі (АӨСШК) арасындағы өзара іс-қимылды дамытуды көздейді. АӨСШК-ге төраға ел ретінде Қазақстан осы ұсынысты іс жүзінде іске асыруға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Ауғанстандағы оқиғаларды ескере отырып, министр М. Тілеуберді әріптес мемлекеттерді осы елді ЭЫҰ шеңберіндегі өңірлік экономикалық процестерге белсенді тартуға шақырды. Сондықтан Қазақстанның ауған халқына материалдық және гуманитарлық қолдау туралы айтты.

СІМК шеңберінде Қазақстан өкілі Жандос Асанов жаңа 3 жылдық кезеңге ЭЫҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымына қайта сайланды.

Іс-шара барысында Кеңес 2023 жылға арналған ЭЫҰ Жұмыс бағдарламасы мен Іс-шаралар күнтізбесін мақұлдады, сондай-ақ ЭЫҰ Хатшылығы мен мамандандырылған органдарының қызметі туралы есептер қабылданды, Ұйымның жобалау қызметі мәселелері бойынша ұсынымдар әзірленді, 2023 жылға арналған бюджет мақұлданды.

Іс-шара аясында Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Өзбекстан, Тәжікстан сыртқы істер министрлерімен, сондай-ақ ЭЫҰ Бас хатшысымен бөлек екіжақты кездесулер өткізді.