Бүгінгі қазақ күй өнері туралы ой қозғап, күйшілер жайлы сөз саптағанда есімі алдымен ауызға ілігетіндердің бірі – Сераға, яғни Сержан Шәкірат. Азамат атаулы майданға аттанып, ел басынан сауық-салтанатты сәттің жоғалып, жүдеу жүз, жыртық иін жоқшылық пен жабырқаулық жайлаған кездің қаршадай ұлы қара домбыраға құштар болып өсті.
Атасы Шәкірат, әкесі Ысқақ, ағасы Алымды бірінен соң бірін әскерге алып кеткен соң, үйдегі әже, ана, қос апа арасында қалған ерқара да осы болды. Аяғын апыл-тапыл басқан Сержанның өздері майданнан аман-сау келгенде төрде ілулі қалған домбыраға мұрагерлік етіп, өзінен үлкен домбырамен күмбір күйдің жосығын салып отыратынын ешкім білген жоқ. Құдай берген қабілет қой, бұл солай етті. Ешкім үйреткен де, үгіттеген де жоқ. Домбыраға қол созып, өзі естіп жүрген күйлерді күмбірлете берді, төрт жасар ұлдың талантын таныған жұрт қызықтаумен қатар, оның шатпақтап күй шығаруға да ынталы екенін байқады. Және мұның тек балалық емес, үлкен болашақтың алғашқы қадамдары екенін де таныды халық...
Домбыра тартудың халықтық ежелгі үлгісін бойына дарытқан ол төкпе күйдің ірі өкілі, Маңғыстауға тән аңыз, айтыс күйлердің тарихын қозғай отырып әсерлі орындауы – тыңдармандар ықыласына ие. Күйді түсініп тыңдау оңай емес, оның «Ақсақ құлан – Жошы хан», «Нар идірген», «Үш ананың айтысы», «Құлшардың қызбен, кемпірмен тартысы», «Есірдің Хиуа сапары» атты топтама күйлердің тарихын баяндай отырып орындауы әрі әсерлі, әрі тағылымды. Халық сазгерлерімен бірге, Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Қазанғап күйлерінің бір қатарын жетік меңгерген, ал Маңғыстаудағы күй саңлақтары – Абыл, Есір, Есбай, Өскенбай, Құлшар, Қартбай, Мұрат, Алым туындыларын шебер орындайтын Сержан, сондай-ақ Маңғыстаудың байырғы жыр-терме саздарына құлағын қандырып, мәнерін жүрегіне сіңдіріп, машығына саусағын малынтқан жүйрік. Өлкедегі «адай әуендері» деп аталатын ежелгі әуендердің 20-ға тарта нұсқасын домбырада тартымды орындай білетін Сераға – көпшілік мойындап, бағалаған өнерпаз. Өзіндік қолтаңбасы, нақышы бар өнерпаздың өзіндік жаңалығы да болады. С.Шәкіраттың оң қол қимылдарымен орындайтын күйлері жастар үйренуге құмар шығармалар.
Кеңестік кезеңнің өзінде бірнеше фестивальдердің дүркін-дүркін лауреаты атанып, Мәскеу, Ленинград, Самарқанд, Киев сахналарының сәніне айналған Сераға кейін қазақтың домбырасы мен күйі қанатында Түркияда, үш рет Францияда, Италияда, Швейцарияда, Бельгияда, Испанияда, Америкада алқалы ортаның дуын қыздырды. Айтулы фестивальдерде ол күмбірлеткен күйлері шетелдіктердің ду қошеметін тудырды. Кейін концерттерге арнайы шақыртқандары да жоқ емес. «Алтынның қадірін қолда барда білген» жөн, осы мақсатта Маңғыстау өнер колледжінде өзі үшін арнайы енгізілген «Маңғыстау саздары» сыныбында сабақ береді, еліміздің іргелі өнер оқу ордаларында шеберлік сыныптарын өткізіп келеді. Жүлде мен марапат-мақтаулардың саны шексіз, ол туралы да, ол кейіпкер болған да киноленталар өмірге келді, күйтабағы, аудиотаспалары, заманауи диск табақшалары шығарылды. «Сержан аға» деп домбырасын қолына ұстап, соңына ерген буынның алды жас жағынан өзінің ізін басып жүрсе, соңы мектеп қабырғаларындағы қауырсын қанаттылар. Дәулескер күйші осыған қуанады – бұрынғы күйшілер мен келешек күйшілердің арасындағы алтын көпірлік аманатты арқалап қалғандай болған ішкі міндеттіліктің, жауапкершіліктің соңы сұйылмағанына шүкір етеді. Мақтаулы іні-қарындастары, шәкірттері аз емес.
Құрдасы Әбіш Кекілбайдың Сержан күйші туралы бір жазбасында сыралғы өнерпаз Н.Тілендиевтің Сержан орындаған күйді тыңдап отырып: «Мынауың сұмдық қой!» деп таңғалғанын айтады. Және Ә.Кекілбай: «Ол қазіргі айтулы күйшілердің репертуарындағы шығармалардың бәрін де майын тамызып тартып бере алады. Және оларды әлгілердін ешқайсысына ұқсатпай, тек өзінше, Сержанша тартады. Оның үстіне, қазіргі күйшілердің көбі біле бермейтін талай таңсық туындыларды да біледі. Олардың арасында Маңғыстау күйшілерінің түркімен дутаршыларымен күй-жарыстары, Маңғыстау, Жайық, Ойыл, Арал орындаушыларының бір-бірімен жеке-жеке, топ-топ болып өнер сынасқан күй-сайыстары, аңыз күйлер топтамалары бар... Сержан оларды бірінен соң бірін оқшантайдан оқ суырғандай қылып оп-оңай жадына түсіріп құйқылжыта ойнай жөнелгенде, маған көзіміз көрген Мұрат, Шамығұл, Рысбай, Алым, Мырзағұлдарады былай қойғанда, біз көрмеген Абыл, Құлшар, Есір, Қошқар, Сәулебай, Есбай, Арал, Өскенбай, Қартбай, Қалдаяқтар тіріліп келіп, айыздары қанып, таңғала тыңдап отырғандай көрінеді. Өйткені, өз тұсында ешкімге дес бермей өткен Нұрғисадай дүлдүл домбырашының өзі дәл әлгіндей таусыла таң қалған саңлақ орындаушылық өнерге баяғы дүлдүлдер таңғалмайды ғой дейсіздер ме?! Таңдағанда қандай! Өйткені, Сержанның тартып отырғаны – солардан қалған қай-қайдағыны еске түсіретін қайым күйлер еді, көрсетіп отырғаны – солардан қалған қаралай көзіңді арбап алатын ғажайып ойын техникасы еді», деп сабақтайды ойын. Иә, қазақтың Нұрғисасының талғамына тату, тіпті таңғалдыру – екінің бірінің қолынан келмесі анық.
Қарымды қаламгер Сержан Ысқақұлы жергілікті телеарнада «Маңғыстау мақамдары», «Мұра», «Алқаласа әлеумет», «Ауыл айтқыштары» атты хабарлар ұйымдастырып, күй үйрететін телесабақтар өткізді. Сықақ, әзіл әңгімелері республикалық баспасөз беттерінде жарияланып келген болса, 2001 жылдан бастап «Күте тұрыңыз», «Маңғыстау күлкісі», «Маңғыстау күлкісі-2» күлдіргі әңгімелер жинағы жарық көрді. «Езуде күлкі ойнасын» жинағы Маңғыстау ақын-жазушыларының 50 томдығына енді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Сержан Шәкірат бүгінде өңір күйлерін жинақтап, реттеп бір жүйеге келтіру бағытындағы сүбелі істі қолына алды. Бұл әрі күйшілік, әрі ұстаздық, әрі азаматтық парыз ғана емес, өткен мен келешектің алдындағы ешқайда жазылмаған, бірақ мойнына жүктелген міндеттің бірі.
2008 жылы «Мәңгілік сарын» күй фестивалінде «Дәулескер» атағын иеленген Сераға күйші Маңғыстау облысының барлық аудан, қалаларын аралап «Күй тыңдаңыз күмбірлі, сөз тыңдаңыз күлдіргі» атты есептік концерт беріп, кеш өткізді. Тақырыбы айтып тұрғандай, әрі күйші, әрі қаламгер С.Шәкіраттың қос қырын, қос қабілетін ортаға салған кештер.
Ел-жұрты сырбаз аға, салмақты ұстаз, салиқалы ата, сыпайы замандас, саңлақ күйші Серағаның қасиетті домбырасын қолына ұстап, сахнаның сәнін келтіре беруіне, қазақ күйлерінің бағын аша беруіне тілекші. Тағдыр-Тәңірдің сыйы да осы болғай...
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТАУ.