Әдебиет • 24 Қаңтар, 2023

«Қызылтөбе деген жердің ұлымын»

467 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қызылтөбе – сөнбейтін қызыл жалын,
Қуанғаным, күлгенім, қызғанғаным.
Қызылтөбе – мендегі қыршын жастық,
Қызылтөбе – жүректе қызыл қа­ным...». Бұл қай Қызылтөбе дейсіз бе? Ай­­тайын, Баян-Өлгей аймағын­дағы Қы­зылтөбе – ақын Имашхан Бай­ба­тырұлы туған ауыл. Ал жоға­ры­дағы төрт жол өлең ақынның «Қы­зыл­төбе» атты жырының алғашқы шумағы.

«Қызылтөбе деген жердің ұлымын»

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазақ «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары», дейді. Сол айтқандай, ақын үшін Қызылтөбе – жер жәннаты, арқа сүйері, ар-ұжданы, мұратын келешекке ұластырған, қиялын шарықтатып, арманын асқақтатқан мекен. «Қызылтөбені» оқып отырып, ақын­ның туған жерімен тұтасып кеткенін аң­ғарасыз.

«Аласарса мендегі биік талап,

Тұрғаныңды көрермін түйіп қабақ.

Қиындықты егер мен қиып өтсем,

Тұрасың сен сүйсіне сүйіп қарап.

 

Биіктердің биігін таңдамасам,

Ездігіммен арыңа таңба басам.

Шөгіп бара жатасың ұялып сен,

Адамдарға мастанып паң қарасам»,

дейді ақын. Бұл туған елінің, жерінің қа­сиетін біліп өскен, оның қадіріне жете алған, қайда жүрсе де кіндік қаны тамған топы­раққа қарыздар екенін ұғып, осынау туған мекен алдындағы перзенттік парызын өтеудің негізгі жолы адам болып қалу, адамгершілік биігінен түспеу екенін терең түсініп, пайымдаған адамның сөзі.

Мына төмендегі екі шумақта ақын Қы­зылтөбесін тіптен өз өмірінің бастауы ғана емес, адамдық болмысы мен ақындық қуа­тының өлшемі ретінде сипаттайтындай.

«Жалыны мол, жаны пəк жүрегіммен,

Шуақ шашқан өзіңде күн едім мен.

Адамдардың көңілін сəл сындырсам,

Қарай алмай бетіңе жүремін мен...

 

...Өзен болсам түпсізбін сарқылмаған,

Сұңқар болсам көгім жоқ шарқ ұрмаған.

Тұлпар болсам – сенің бір тұяғыңмын.

Өлең болсам – өзіңмін жарқылдаған», дейді И.Байбатырұлы. Ақын мына өмірде қандай жетістікке жетсе де, қандай асудан асса да, өлең өлкесіндегі өрісі кеңейсе де, бәрін, бәрін Қызылтөбенің берген жемісі көреді. Өзін туған жерінен бір сәтте бөліп қарай алмайды. Қызылтөбе мен ақынның арасындағы байланыс бейне бір тылсым күшке байланғандай.

Имашхан Байбатырұлының тағы бір «Қызылтөбе» деген өлеңі бар. Оны да оқып көрейік.

«Таңдайына судың тосып тұнығын,

Күн аймалап, жел сыйпаған тұлымын.

Буы шалған мейірімді жүректің,

Қызылтөбе деген жердің ұлымын...

 

...Өзіме шақ шаттығымның тұрағы,

Болғаннан соң жүрек солай бұрады.

Менің үшін сол төбенің еңсесі,

Гималайдан биік шығып тұрады».

Ақын үшін Гималайдан да биік Қызылтөбе бәрінен де қымбат. Сондықтан да суреткер қайда болса да Қызылтөбе жаққа елеңдеп, елжіремеуі мүмкін бе?..

Имашхан Байбатырұлы сөз жоқ, қазақ­тың қабырғалы ақыны. Ол – Моңғолия қазақтарының ішінен шыққан жүйрік, тума талант. Туған жер, туған ел, ұлт мүддесі, бейбіт өмір тақырыптарын қаузаған сырлы да, назды, ішкі иірімдері, ұтымды теңеулері, тұнық ойлары, парасатты пайымдары әсерлі еңбектерімен қазақ әдебиетіне өзіндік сүбелі үлесін қосқан Имашхан Байбатырұлы 1964 жылдан 1990 жылға дейін Моңғолия жазушылар одағы Баян-Өлгей аймақтық бөлімшесін басқарған. Осы бөлімшенің жанынан шығатын «Шұғыла» əдеби, мəдени журналының бас редакторы қызметін ат­қарған. Айта кетейік, И.Байбатырұлының қаламгерлік жолға түсуіне Алматыға Абай атындағы педагогика институтында оқы­ғаны үлкен әсер еткен-ді. Өйткені мұнда Мəлік Ғабдуллин, Қажым Жұмалиев, Серік Қирабаев, Хасен Əдібаев сынды ірі­лердің алдын көріп, дәрістеріне қатысып, лекция­ларын тыңдағаны, Алматыдағы қазақ­тың жас ақын-жазушыларының əдеби серік­тестігінің жұмысына араласқаны оған әдебиет саласының есігін айқара ашуға септігін тигізген-ді.

Ол ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Қызылтөбесін жүрегінің түкпіріне түйіп алып Қазақстанға көшіп келді. Қызылтөбесі арғы бетте қалды. 2000 жылдың сәуірінде 62 жасында өмірден озды.