Кюри институтының халықаралық даму бөлімінің басшысы Ж.Сустье, скрининг жөніндегі маман А.Лезур, медициналық менеджмент жөніндегі кеңесші Л.Монтевекки және алғашқы көмек жөніндегі маман Л.Кислинг сүт безі қатерлі дертінің алдын алу, скрининг жүргізу жұмыстарын бақылап, маммограф, ультра дыбыстық зерттеу мен маммолог кабинеттерінің жұмыстарын көрді. Сонымен қатар маммографиялық скрининг кезеңдерін жүргізудің құрылымы мен диагностикаға және ерте емдеуге арналған қолданыстағы аппараттармен егжей-тегжейлі танысты.
Облыстық көпсалалы клиниканың директоры Мадияр Өмірбаев Жетісу өңірі онкологиялық көмек көрсету, сондай-ақ скринингтік бағдарламаларды ұйымдастыру бойынша республика бойынша көшбасшы облыс екенін атап өтті.
Франциядан келген мамандар Көксу орталық аудандық ауруханасына барып, емхана шеңберінде аудандық деңгейдегі скринингтік бағдарламаның ұйымдастырылуымен және қатерлі ісіктердің алдын алуға бағытталған әйел және ерлерді қарау, дәрігерге дейінгі кабинеттер жұмысымен тереңірек танысты.
Ауруханада Франциядан келген делегация өкілдеріне сүт безі қатерлі дертінің скринингінің барлық кезеңі, соның ішінде тіркеу, тексеру кабинеттері, маммологтер кабинеттері, маммография кабинеттері, ультрадыбыстық кабинеттер көрсетілді.
«Біз скринингке қатысты біраз мәлімет алдық. Екі мемлекеттің алға қойып отырған мақсаты бір – маммографиядан өткізу және скрининг арқылы ауруды ерте сатысында анықтау және көп уақыт жоғалтпай емді бастау. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды бірге жалғастырамыз», деді Кюри институтының халықаралық даму бөлімінің басшысы Ж.Сустье.
Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде сүт безі қатерлі дертіне шалдыққан 159 жаңа жағдай тіркеліп, жалпы 1 368 әйел есепте тұр.
Айта кетейік, 2018 жылы өңірде онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллектімен «PACS жүйесін енгізу» ауқымды жобасы іске асырылған еді.
Жетісу облысы