Қоғам • 25 Қаңтар, 2023

Көлеңкелі экономика көсегені көгертпейді

399 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметтердің ашықтығы болып отыр.

Көлеңкелі экономика  көсегені көгертпейді

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Әсіресе түрлі жолмен әр са­ланы дамытуға бөлінген бюд­жет қаржысын теспей сорып, қалта қалыңдатқандар не­месе жер қазынасын талан-тараж­ға салғандар, алаяқтықпен жұртты қанқақсатып жүрген жырындыларға берілген жаза туралы елдің білгені дұрыс. Бұл көптің көкейінде ортақ игі­лік­ке қол салған сұға­нақ­тық­тың сұ­рауы бола­тын­ды­ғына сенім қалыптастырады.

Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде өткен басқосудан түйгеніміз осы болды.

Өткен жыл қорытынды­сына арналған жиында мем­ле­кеттік бағдарламаларды жү­зеге асыру барысында жал­ған құжат арқылы қаржы жым­қырмақ болғандардың әре­кеті әшкере болғандығы жай­лы айтылды. Үкіметтің «Микро­қаржы ұйымдарына және кре­диттік серіктестіктерге кон­курстық негізде кредит беру қағидаларын бекіту туралы» қаулысы мен «Байқоңыр» ӘӘК ҰК» акционерлік қоғамының «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының 2-ші бағытын жүзеге асыру регламенті негізінде несие алуға үміткер тұлғаларға несие серіктестігін құру арқылы 5 жылдан аспайтын мерзімге несие қаражатын алуға мүмкіндік берілген. Бірақ жұртты тұрақты жұмыспен қамтып, әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесуге тиісті бағдарлама игілігін бас пайдасына жаратуға тырысқандар да табылмай қалмапты. Өткен жылы экономикалық тергеп-тексеру департаменті жалған құжаттар ресімдеу жолымен мемлекетке аса ірі көлемде залал келтіргендерді анықтап, тергеуі аяқталған қылмыстық істерді сотқа жолдаған. Аяқталған қылмыстық істер бойынша залал мөлшері 316 млн теңге болса, сотқа дейінгі тергеу барысында соның 124 млн теңгесі өндірілген. Бірнеше заң­сыз іс бо­йынша 168 жеке тұлға зардап шеккен.

Мысал келтірейік. 2015 жылдың желтоқсан айында облыс тұрғыны С.П. Шиелі ауданынан жұмыссыз 20 азаматтың жеке куәлігінің көшір­месін алдап қолға түсіріп, оларды құрылтайшы ретінде біріктіріп, аса ірі көлемде несие қаражатын иемдену мақсатында «Арна-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрады. Өзі басқарма төраға­­сы ретінде қызметке кірісіп, Қармақшы ауда­ны­нан мүйіз­ді ірі қара өсірумен айналысатын шаруашылық құру үшін 60 млн теңге несие алуға бизнес жоспар әзірлейді. Көп ұзамай сұра­ған қаражат қолына тиіп, екі құрылтайшыға 3 млн теңгеден ауда­рып, қалғандарының атынан жал­­­ған несие құжаттарын әзірлеу арқылы 54 млн теңге­ні бас пайдасына жаратқан. Тергеу барысында жүргізілген сараптамалар барлық құжаттағы құрыл­­тайшылар қолтаңбаларын күдікті жасағанын анықтады. Шиелі аудандық сотының үкімімен С.П. 5 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айы­рылып, барлық мерзімге пробациялық бақылау белгіленді. Жалған құжат арқылы қыруар қаржыны қалтаға басқан «кәсіпкердің» кесірінен жапа шеккен 17 азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Олардың сыр­тынан рәсімделген несие міндеттемесі алынып тастал­ды, мүліктері қойылған тыйымнан босатылды.

Екі қолға бір күрек таппай қиналған жан кез келген жарнамаға иланып, имандай сенеді. Жұмыссыз жұрттың осы бір осал тұсын дөп басқан Қызылорда қаласының тұрғыны Б.К. мен жұбайы М.Е. кірпіш зауытын ашып, жұ­мыс­шы қабылдайтындықтары жайлы хабар тара­тып, біраз адамның жеке куәліктерінің көшірмелерін алып, өздерін несиелік серіктес­тіктің құрылтайшылары қатарына қосылуға көндіреді. Осылайша, «Береке-Қар­ғалы» несиелік серіктестігін ашып, Шиелі ауда­ны аумағында мүйізді ірі қара өсірумен айналысатын шаруашылық құру үшін жалпы сомасы 40 млн теңге несиеге бизнес жоспар әзірлеген. 2014 жылдың шілде айында мерзімділік, төлемділік, қайтарымдылық және мақсатты пайдалану шарттарымен жылдық 4,27 пайызбен несие серіктестігінің есеп шотына 30 млн теңге қаражат аударылған. Көктен сұрағаны жерден табылған ерлі-зайыптылар көп кідірмей жалған несие шарттарын рәсімдеп, мемлекетке 24 млн теңгелік аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтірген. Шиелі аудандық сотының үкімімен Б.К. Қылмыстық кодекстің 177-бабының 4-бөлігінің б) тармағымен (Кодекстің ескі редакция­сы бойынша) кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылды және осы мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.

Департамент басшысы Бақыт Қайшы­бековтің айтуынша, өңірдің экономикасын құрайтын негізгі салаларға жасалған талдау негізінде жүйелі 4 мәселе тұрақты бақылауға алынған. Соның бірі – мұнай және мұнай өнімдері саласындағы қылмыстар. Кейінгі жылдары облыста мұнай өндіру көлемі күрт төмендеп, жанар-жағармай құны аспандап тұрғаны белгілі. Дәл осы жағдайды пайдаланып, заңсыз жолмен қалтасын қалыңдата түскісі келетіндер де табылып тұр. Облыста осы күні 15 мұнай өндіруші компания, 64 ірі жанар-жағармай операторлары мен көтерме өткізушілер бар. Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті өткен жылы шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз мұнай өнімдерін тасымалдау, иемдену және өткізуге қатысты қылмыстық істердің тергеуін аяқтап, олар бойынша сот жаза тағайындаған. Осындай істің бірінде кәсіпкер М.Д. 2017 жылдан бастап өз кәсібін жүргізе отырып, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ондаған мекемемен дизель отынын жеткізіп беруге келісімшартқа отырғаны анықталды. Алайда пайдасын еселеу үшін 2019 жылдан бастап 2022 жылдың мамыр айына дейінгі аралықта 28 мемлекеттік мекемеге, 1 заң­­ды тұлға мен 2 жеке тұлғаға заңдылығын растайтын құжаттарсыз жалпы сомасы 274 млн 36 мың теңгенің сұйық отынын тасымалдап, заңсыз жолмен табылған мүлікті заңдастырған. Бұл заңсыз іс-әрекет Қылмыстық кодекстің 197-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен және 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен сараланды. Сотқа қылмыстық іс түскеннен кейін сотталушы М.Д. кінәсін толық мойындау туралы мәміле түріндегі процессуалдық келісімге өтініш білдіреді. Жалағаш аудандық сотының үкімімен М.Д.-ға 5 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Департамент жүргізген жедел іздестіру шаралары барысында анықталып, тергелген шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз мұнай өнімдерін тасымалдау, иемдену және өткізуге қатысты қылмыстық әрекеті үшін тағы бір кәсіпкерге сот үкімі шықты. Жеке кәсіпкер А.С. мемлекеттік сатып алу порталына мұнай өнімдерін көтерме саудада өткізуші кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркеліп, 2020-2021 жылдары мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысқан. Баға ұсынымдары әдісімен ең төменгі баға ұсыну арқылы жеңімпаз деп танылып, облыс аумағында барлығы 41 мемлекеттік мекемемен жасалған мемлекеттік сатып алу келісімшарттары негізінде 2 жылда құны 165 млн 865 мың теңге болатын 779 тонна дизель отынын жеткізіп берген. Соның ішінде 93 млн 788 мың теңгелік 402 тонна дизель отынының шығу тегін растайтын құжаттары жоқ болып шықты. Кәсіпкердің өзі 2021 жылдың қараша айында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында 4 мың литр дизель отынын ауылдық мәдениет үйінің бу қазандығына жеткізіп беру кезінде ұсталады. Оның қылмыстық әрекеті жәбірленуші және куәлер жауаптарымен, оқиға орнын қарап-тексеру хаттамаларымен, заттай дәлелдемелермен, сот-сараптама инс­титуты сарапшысының қорытындыларымен толық дәлелденді. Жеке кәсіпкерге Қылмыстық кодекстің 197-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен 2 жыл 8 ай мерзімге шартты түрде бас бостан­дығынан айыру жазасы тағайындалды.

Көлеңкелі экономикада жалған мәлімет жасап, қаражатты қолма-қол ақшаға айналды­рудың аясы артып барады. Осы арқылы іс жүзін­де орындалмаған жұмыстарға, көрсетілмеген қызметтерге, алын­баған тауарларға жалған шот-фактура жазылады. Мемлекетті орасан зор шығынға батыратын мұндай қылмыс түрімен күресу де оңай емес. Өткен жылы департаментте өндірісте осы бағыттағы 8 іс болған. Аяқталған қылмыстық істер бойынша мемлекет бюджетіне келтірілген залал мөлшері салықтық әкімшілендіру жолымен қосымша есептелген 500 млн теңгені ескергенде 1 млрд 573 млн теңгеге жетті. 2018-2021 жылдар аралы­ғынд­а жалған шот-фактуралар жазумен айналысқан «Жетіашар» ЖШС басшысы оннан аса фирманы осындай әрекетке тартып, әр мәміле бойынша қолма-қолға айналдырылған ақшадан белгілі бір пайыздық мөлшерде сыйақы алып отырған. Әртүрлі тауарларға есеп айырысқаны жөнінде қосымша құн салығы көрсетіліп, салық­тан жалтаруға мүмкіндік берген жалған шот-факту­ра­ларының айналым сомасы 370 млн теңгеге же­тіп, мемлекетке 118 млн теңге көлемінде салық төлен­­беген. Қызылорда қалалық №2 сотының үкімі­мен серіктестік басшысы Қылмыстық кодекс­тің 216-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын алды.

Көлеңкелі экономика ел қазынасын тола­йым табыстан қағып отырған құбылыс. Ал оны болдырмаудың бір жолы – елдің қаржылық сауатын көтеру. Департамент басшысы осы мақсатта экономикалық тергеп-тексеру депар­таменті мамандары оқу орындарында кездесулер өткізіп, жастарға бейнетсіз табыста береке болмайтынын, көлеңкелі экономика көсегемізді көгертпейтінін түсіндіру жұмыстарын қолға алғанын айтып өтті.

 

Қызылорда облысы