Қоғам • 24 Қаңтар, 2023

Обалды ұмытқандар

272 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалғанын көргенде амалсыз бармағыңды тістейсің. Әсіресе ауызсуға бөлінген қыруар қаржы мақсатты жұмсалмай, құмға сіңген судай боп із-түзсіз жоғалып жатыр.

Обалды ұмытқандар

Өңірде қаншама жылдан бері сапалы ауызсуға жарымай отыр­ған жер – облыс орталығы. Жаза-жаза жауыр болған тақырып. Тағы бір айтсақ деп едік – халық үніне құлақ асатын үкіметтің назарын аудару мақсатында. 250 мыңнан астам тұрғыны бар шағын қала тұр­ғындары көктем мен күзде са­сы­ған сары су ішіп отыр. Өзге уа­қыт­та да өңі күмәнді, сапасы сын көтермейтін су ішеді. Басқа амалы қайсы?

Бұл тарапта талай шаруа жүзе­ге асырылуға тиісті еді. Негізінде судың сапасыз болуы облыс ор­та­лығындағы су тазалайтын стан­саның әбден тозығы жетіп, ескі­руінен болып отыр. Оны анық­тау үшін маман болудың тіпті де қажеті жоқ. Мемлекетке өкпе­леудің қисыны келмейді. Бюд­жет­тен миллиондаған қаражат бө­лінді. Бірақ жергілікті билік­тің берекесіздігінен шаруа оңға­рыл­май жатыр. 2011 жылы су желі­лерін тазарту құрылғыларын жаңғыртып, бастапқы қалыптан әлдеқайда кеңейту арқылы 60 мың текше метр су өткізуге қуа­ты қаптал жететін су тазалау қон­дырғысының құрылысы бас­тал­ған болатын. Жағымды жаңа­лықтан құлақтанған қала тұрғын­дары «әп, бәрекелді!» деп жел­пінісіп қалды. Стансаның құры­лысы аяқталған соң аузымызға таза су тиетін болды-ау деп әлгі құ­рылғы орнатылатын Бұқпа тауы­ның баурайына қарап телмірген.

Тапсырыс беруші қалалық әкім­діктің құрылыс бөлімі еді. Жұмысты «AEGISinc» жауап­кершілігі шек­теулі серіктес­тігі қолға алды. Мем­лекеттік сатып алу келісім­шарты бойынша 1,623 млрд теңгенің келісімшарты жасалды. Алғашқы жылғы қар­қын­мен қомақты қаржының 538,1 млн теңгесі игерілді. Мер­дігер ұйым цехтың, су сапасын сараптайтын зертхананың ғимарат­тарын жарым-жартылай көтерді. «Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, келесі жылы конкурс жұмысынан кінәрат шығып, қала­лық сот жұмысты тоқтату туралы шешім шығарды. Ел де елеңдей бастады. Әйтсе де үміт үзілген жоқ.

2012-2013 жылдары конкурс қайта өткізілді. Бұл жолы «АП Импекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып танылды. 2013 жылы 181,24 млн тең­ге игерілгенімен, әуел бас­та берекесіз ұйымдастырылған жұ­мыс кілт тоқтап қалды. Сөйтіп, жалпақ жұрт үміт еткен жақсы бастама сүттей іріді. Міне, арада он екі жыл өтсе де жақсылықтың желі есетін емес.

Таяуда облыс әкімдігіндегі оты­ры­ста өңірдегі сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимылдар мәсе­лесі талқыланды. Мемлекеттік ауди­торлар қаржылық бұзушылық көп анықталғандығын айтып отыр. Өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арман Рахимовтың мәлімдеуінше, экология және сумен жабдықтау мәселелері ерекше назар аударуды қажет етеді. Біз бұл тақырыпты бірнеше мәрте ел газеті «Егеменде» жазып, дабыл қаққанбыз.

– 2021 жылдың басынан бастап соңғы мердігер келісімшартты орындамаған. Бұл ретте Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі шартты бұзу жөнінде тиісті шаралар қабылдамаған. Демек оған негіз болған жағдайда міндетті түрде қайтарылуға жататын алдын ала жа­салған төлемақы бюджетке қай­та­рылмай отыр. Енді жобаның құ­нын түзету керек. Ол 1,5 млрд теңгеге ұлғайтылуы мүмкін. Құ­жаттар мемлекеттік сараптамаға тапсырылған. Осылайша, кезінде дұрыс атқарылмаған жобаның құны енді төрт есе қымбаттап кетуі мүмкін. Жауапкершіліктің жоқ­ты­ғынан облыс орталығының тұрғын­дары ондаған жылдар бойы таза ауызсу іше алмай отыр, – дейді А.Рахимов.

Сумен жабдықтау тарапын­дағы өткір мәселелер облыс орта­лы­ғымен қатар аудандар­да да тұнып тұр. Мәселен, Зерен­ді ауданының Алексеевка, Бұлан­ды ауданының Никольское, Арша­лы ауданының Жібек жолы, Жарқайың ауданының Шойын­дыкөл, Есіл ауданының Зареч­ное ауылдарында су құбыры желілерін жаңғырту жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Бұл жобаларға қыруар қаржы бөлінген. Осы арада айта кететін бір жайт, аталған елді мекендердегі су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарының барлығын бір мердігер ғана ұтып­ты. Осы арада неліктен бұлай болды деген сауал туындайтыны анық. Әлгі жемсауы толмайтын жемқорлықтың құлағы осы жерде қылтиып тұрған жоқ па екен?!

– Бұл нысандар бойынша жұ­мысты жүргізуге тиісті мердігер «Монолит» серіктестігі Алматы облысында тіркелген. Мекеменің шартты міндеттемелерді орын­дауға қажетті материалдық-техни­калық базасы мен білікті мамандары жоқ. Алматы мен Қостанай облыстарында да аяқталмаған нысандар бар болып шықты. «Дәнекер» серіктестігі де бірқатар аудандардағы сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұ­мыс­тар­дың орындалу мерзімін ұзар­тып, өз мін­деттемелерін талап­қа сай орын­­дамаған. Осы арада мер­дігер­лер­­дің адалдығы туралы сұрақ туындайды, – дейді Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл департаментінің басшысы А.Рахимов.

Ендігі бір түйткілді мәселе – мемлекеттік сатып алу. Кей тұста бір көзден заңсыз келісімшарттар да жасалып жатады. Айталық, өткен жылы «Көкшетау Жылу» ком­муналдық кәсіпорны мемле­кет­тік сатып алуды заңсыз жүзеге асырған. Мемлекеттік сатып алу нормалары қолданбай, көмірді та­сымалдауға тікелей шарт жасас­қан. Ал алдыңғы жылдары дәл осы қыз­мет заңнамада белгіленген тәр­тіппен жасалған. Лауазымды адам­дардың осы тараптағы іс-әре­кеттері белгілі бір өнім тасымал­даушыларға артықшылық беру, оның ішіндегі мемлекеттік аудит­тің камералдық бақылау жүйе­сін айналып өту түріндегі сыбай­лас жемқорлық тәуекелдерін аңғартады.

Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысы Әділет Рахымжановтың тарапынан да мемлекеттік сатып алу заңсыз жү­зеге асырылып отырған. Тек 2022 жылы ғана осындай заң­сыз әрекеттері үшін шенеунік 2 млн теңгеден астам сомаға 14 рет жауапкершілікке тартылған. Белгіленген тәртіп бойынша айыппұл жеті күн ішінде төленеді. Миллиондаған айыппұлды төлеу үшін қажетті аткөпір қолма-қол ақша қайдан құйылып жатыр деген сауал өз-өзінен туындайды емес пе?! Мұндай жағдайлар өңірдің басқа аудандарында да кездесуде. Мәселен, Бұланды ауданының құрылыс бөлімінің басшысы С.Сыздықов Макинск қаласында 253 млн теңге сомасында жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін салуға арналған конкурс комиссиясының төрағасы бола отырып, 10 өтінім берушінің өтінімдерін заңсыз қабылдамай, тек 2 серіктестікті ғана таңдаған. Тексерісті күтпестен зияткерлік меншік нысаны ретінде олардың біреуімен заңсыз келісім жасаған. Сөйтіп, 2021 жылы ол 3 млн теңге көлемінде 21 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Обалды ұмытқандар оңдырмай­тыны көрініп-ақ тұр. Облыста мем­лекеттік аудиторлар 10 млрд теңгенің бұзушылықтарын анық­тады. Қаржылық бұзушылықтың негізгі бөлігі құрылыс-монтаж­дау жұмыстарына тиесілі. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар жалпы көлемі 2 млрд теңге­ден астам қаржыны нақты орындал­маған жұмыс үшін негізсіз төле­ген. Мұндай сорақы фактілер Целиноград және Аршалы аудандарында орын алып отыр.

Мемлекеттік білім беру тап­сы­ры­сын орналастыру ереже­лерін бұзу фактілері де кез­де­суде. Мектепке дейінгі мекеме­лердің есепшоттарына нақты көрсетілмеген қызметтер үшін жалпы көлемі 518 млн теңгенің қаражаты аударылған. Осындай өрескелдікке жол берген бұзушы­лықтар үшін 123 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, мемлекеттік аудиторлар лауазымды тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы 377 хаттама жолдаған.

Мемлекеттік қызмет істері департаменті 479 бұзушылықты анықтап, 32 нұсқама енгізіп, 26 мемлекеттік қызметшіні тәр­тіптік жауапкершілікке тартқан. 19 мем­лекеттік қызметші мен квази­мем­лекеттік сектор қызмет­кер­лері сыбайлас жемқорлық құқық бұзу­шылықтар жасағандары үшін кінәлі деп танылған, 6 басшы тәр­тіптік жауапкершілікке тартылса, 3 басшы қатаң сөгіс алған. Олардың қатарында Степногор қалалық ауыл шаруашылығы және жер қаты­настары бөлімінің басшысы Дархан Оспанов пен Бурабай ауда­нының әкімі Әсет Мұздыбаев бар.

Індетіп іздесеңіз, қай тараптан да дәл осындай берекесіздіктің бей­несін көрер едіңіз. Егер осы ысы­рап болған қаржы желге ұшып, жерге сіңіп кетпегенде, өңір ендігі иранбағындай құлпырып тұрмас па еді. Сол күнге жеткізбей жатқандар – обалды ұмытқандар. Оңала алмай жатқанымыз да бәл­кім содан шығар.

 

Ақмола облысы