Экономика • 24 Қаңтар, 2023

Агросектордағы өзгеріс

193 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа отырысында ведомствоның 2022 жылғы жұмысының нәтижелері талқыланып, алдағы жоба-жоспарлар пысықталды. Елдің агроөнеркәсіптік кешені жыл қорытындысы бойынша оң серпін көрсетті. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 9,1 пайызға артып, 9,3 трлн теңгеге жетті.

Агросектордағы өзгеріс

Былтыр жиналған егін соңғы 10 жылдағы ең жоғары өнімділіктің бірі болды. Атап айтқанда 22,8 млн тонна дәнді және бұршақты дақылдар бастырылды. Бұл ретте бидай жинау 44 пайызға артып, 17 млн тоннаны құрады. Астық пен ұн экспорты да тәуелсіз Қазақстанның тарихында үздік нәтиже көрсетті. Шетелге 13,2 млн тоннадан астам өнім сатылды. Егіс және егін жинау науқандарын сәтті өткізуге, оның ішінде уақтылы көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етті. Агроөнеркәсіпті субсидиялау көлемі 139 млрд теңгеге ұлғайып, 450 млрд теңге деңгейіне жетті. Дала жұмыстарын қаржыландыру көлемі 2 есеге – 110 млрд теңгеден 220 млрд теңгеге дейін өсті.

Мал шаруашылығында жалпы өнім көлемі 3,6 трлн теңгені құрап, 0,9 пайызға артты. Республика сиыр, қой, жылқы етімен және тауық жұмыртқасымен толық қамтамасыз етілген, ал құс еті бойынша соңғы 3 жылда импортқа тәуелділікті 51 пайыздан 35 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілді. Қазақстанды азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингі растап отыр. Онда еліміз 2022 жылдың қорытындысы бойынша 9 позицияға көтеріліп, 113 мемлекеттің ішінен 32-орынға ие болды.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі міндеттердің бірі – агроөнеркәсіп саласына инвестициялар тарту. Өткен жылы құны 241 млрд теңге болатын 270 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 6,7 пайызға ұлғайып, 853,5 млрд теңгені құрады, ал азық-түлік өндірісіне салынған қаржы 15,7 пайызға артып, 140,6 млрд теңгеге жетті.

– Жайылым тапшылығы мәселесін шешу үшін шаралар қабылданып жатыр. Бірінші кезекте мемлекетке қайтарылған жерлер есебінен ауылдық елді мекендердің шекаралары кеңейтіледі. Ауыл шаруашылығы құрылымдарымен олардың жайылымдарын жеке қосалқы шаруашылықтардың уақытша пайдалануы туралы меморандумдар жасалады. Сонымен қатар Үкімет бір қолда болуы мүмкін жер учаскелерінің шекті мөлшерін бекітті, – деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Ведомство басшысы аграрлық ғылымды одан әрі дамыту мәселелері туралы айтып берді. 2023 жылы бидай өндіру, мал азығын өндіру және ірі қара мал өнімділігін арттыру, ара шаруашылығын дамыту, өсімдік шикізаты, шырғанақ негізінде сиыр сүтін алмастыру салаларында 1,1 млрд теңгеден астам сомаға ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру бойынша 6 жоба іске асырылады. Осы жобалар базасында құзыреттілік орталықтары құрылады.

– Екі аграрлық университет – Қазақ ұлттық аграрлық университеті және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне зерттеу университеттері мәртебесі берілгенінің арқасында «ғылым-білім-өндіріс» интеграциясы мен тығыз өзара іс-қимыл бо­йынша белсенді жұмыс бастады. Жоғары оқу орнының түлектерін жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларына, ірі тауар өндірушілер мен университеттерге жәрдемдесу тетігін енгізу көзделіп отыр, – деді министр.

Бұдан бөлек, Қазақстанда тұқым шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары әзірленді, қазір жоспар келісіліп жатыр. Елдің UPOV өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға қосылуы жоспарланған. Бұл отандық селекционерлердің мүддесін қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ елімізде селекция мен тұқым шаруашылығының заманауи жүйесін құруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге жол ашылады.

Е.Қарашөкеев субсидиялау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыстың аяқталғаны туралы хабарлады. Биылдан бастап барлық субсидия жалпы сипаттағы трансферттермен жергілікті бюджеттер базасына берілді. Сондай-ақ агроөнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын өзектендіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Министр агроөнеркәсіптік кешеннің биылғы негізгі бағыттарына да тоқталды. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығында егіс алқаптарының 23,2 млн гектарға дейін өсім көзделіп отыр. Бұл дәнді және бұршақты дақылдарға, қант қызылшасына, сондай-ақ көкөніс және бақша дақылдарына әсер етеді. Сонымен қатар мақта сияқты ылғал көп қажет ететін дақылдар аз егіледі. Биыл оның ауданы 13,8 мың гектарға қысқарып, 112,5 мың гектарды құрайтын болады. Алайда күрішті 97,7 мың гектарға егу жоспарланып отыр, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 9,9 мың гектарға артық. Көктемгі науқанды қаржыландыру «Кең дала» бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Бағдарламаға 140 млрд теңге қарастырылған, қаржы 3 200 тауар өндірушіге бөлінеді. Азық-түлік корпорациясы арқылы форвардтық сатып алу бағдарламасы жалғасады.

Ветеринария жүйесін реформалау жалғасады. Ветеринариялық-профи­лак­тикалық іс-шаралардың жүргізілуіне толық сенімді бақылау қамтамасыз етіледі. Ол үшін VET-MOBILE жаңа мобильді қосымшасы енгізілді. Ол интернетсіз офлайн режімде жұмыс істейді. Әрі барлық жүргізілген манипуляциялардың нақты геолокациясын көрсете отырып, ауыл шаруашылығы жануар­ларын есепке қою, есептен шығару, вакциналау, диагностика бойынша деректерді енгізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ министр ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесіне ерекше назар аударды. Биыл республика бойынша қуаттылығы жылына 50 мың тонна болатын 7 ет өңдеу кәсіпорнын іске қосу жоспарланып отыр. Бұған қоса жалпы қуаттылығы жылына 25 мың тонна сүт болатын 5 сүт зауытын жаңғырту жоспарланған. Өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында тағы 5 жоба іске қосылады. Сондай-ақ бес жылдық кезеңге арналған қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды одан әрі іске асыру көзделіп отыр.

Биыл микрокредит беру есебінен ауыл шаруашылығы кооперациясын белсенді дамыту арқылы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны іске асыру бас­талды. Жеті жыл ішінде осы мақсатқа 1 трлн теңгені бағыттай отырып, 1 милионнан астам ауыл тұрғынын жұмыспен қамту және барлық жеке қосалқы шаруашылықтардың жартысын кооперативтік кәсіпкерлікке тарту жоспарланған. Биыл жобаны іске асыруға әкімдіктерге 11 мың микрокредит беру жоспарланған және 12 мыңнан астам жұмыс орнын құру үшін 52,4 млрд теңге бөлінді.

Сонымен қатар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды қар­жыландыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі таратылатын болады. Қаржыландырудың алдын ала сомасы шамамен 400 млрд теңгені құрайды. Ол құс етін, сүтті өндіру жөніндегі инвестциялық жобаларды, сондай-ақ көкөністерді өндіру үшін суару жобаларын және осы көкөністерді сақтау жөніндегі инфрақұрылымды іске асыруға бағытталады. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруда оң нәтиже береді және жаңа жұмыс орындарын құру есебінен ауыл халқының табысын арттыруға жол ашады. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату шеңберінде шамамен 178 инвестициялық жобаны, оның ішінде 105 тауарлы сүт фермасын, 28 көкөніс сақтау орнын, 12 құс фабрикасын және суару бо­йынша 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.