14 Маусым, 2014

Тау-кен металлургия кешенінің келешек кеңістігі

1209 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ERA_3406 Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «V Astana Mining & Metallurgy» халықаралық тау-кен кеңесі өтті. Ондағы пленарлық мәжіліске Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысып, конгресс қатысушыларын құттықтап сөз сөйледі. Конгресс тау-кен кешеніндегі мәселелерді шешуде маңызды халықаралық алаң болып табылды. Бүгін өткізіліп отырған форумның маңызы зор. Тау-кен металлургия кешені – көптеген елдердің экономикалық, әлеуметтік және технологиялық дамуын анықтайтын маңызды салалардың бірі. Қазақстан тау-кен өндірісіне қажетті жағдай жасайды. Қазақстанның тау-кен металлургия кешені – ел экономикасының маңызды бір бөлігі. Оның өнер­кәсіптік өндірістегі үлесі 18 пайыз­ды құрайды. Онда 300 мың адам жұмыс істеп жүр. Қазақстан Рес­публикасы Президенті жа­нындағы тау-кен металлургия, геология және жер қойнауын пайдалану жө­ніндегі кеңес табысты жұмыс істеуде. Кеңестің алдында тау-кен металлургия, геология және жер қойнауын пайдалану салаларында стратегиялық бағытты анықтау және жүйе қалыптастыратын мекемелермен өзара байланыс орнату міндеті тұр. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру аясында тау-кен металлургия саласында 50 жаңа өндіріс іске қосылған. 7 жоба биыл жүзеге асырылып болады, деді К.Мәсімов. Премьер-Министр индус­триялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында қара және түсті металлургияға басымдық берілетінін атап айтты. «Үкімет тау-кен металлургия өндірісін дамыту бойынша 2018 жылға дейін кешенді жоспарды жасап, бекітті. Еліміздің тау-кен металлургия кешеніне үлкен міндеттер қойылып отыр. Біз инвестициялық жағдайды жетілдіруге және дамытуға бар күшімізді саламыз», деді Үкімет басшысы. Оның айтуынша, соңғы 30 жыл ішін­де әлемдік пайдалы қазбалар өнді­ру көлемі 1,5 есеге өскен. Онда Қа­зақ­станның да үлесі бары екені анық. Еске аларлық мерейлі жаңа­лықтың бірі өткен жылы Канада елінде орын алған еді. Онда Дү­ние­жүзілік тау-кен конгресі шең­берінде Конгресс ұйымдастыру комитетінің мүшелері 2018 жылы 25-ші Дүниежүзілік тау-кен конгресін Астана қаласында өт­кі­зу жөніндегі Қазақстанның өті­ні­міне бір ауыздан дауыс берген еді. Осынау орайлы шешімді ес­ке алған Премьер-Министр Қазақ­­стан 2018 жылы Астанадағы Дү­ние­­жүзілік тау-кен конгресін тиіс­ті деңгейде өткізуге қажетті жағ­дай­дың бәрін жасайтынын айтты. Конгресте сөз алған Халық­аралық геология ғылымдары ода­ғының президенті, Роланд Обер­хенсли (Германия) Тау-кен металлургия саласы ғана әлемдік экономикалардың тұрақты дамуына негіз бола алатындығына назар аудартты. «Бүгін біз көптеген тауарларға сұраныс артатынын көріп отырмыз. Себебі, халық саны қарқынды түрде өсіп келеді. Мысалы, Африка халқы жылдам көбейіп жатқанын байқап отырмыз. Бұл ретте болашақ ұрпаққа арналған жаңа кен көздерін тау­ып, өндіріс пен қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыру маңызды болып отыр. Өйткені, тау-кен өндірісі әлі де адамзат тарихындағы маңызды сектор болып қала бермек. Оны назардан тыс қалдыруға болмайды. Тау-кен өндірісі болашақта өз өзектілігін жоғалтады деген пікірлер қате деп есептеймін. Осы ретте, тау-кен өнеркәсібін қамтитын аймақтық, ұлттық, сектораралық тұрақты жоспарлардың болуы өте маңызды екендігін атап өткім келеді», деді ғалым. Мәжіліс қызықты жалғасын тапты. Үзіліс кезінде Индустрия және жаңа технологиялар ми­нис­трінің бірінші орынбасары Аль­берт Рау мен шетелдік іскерлер баспасөз мәслихатын өткізді. Онда вице-министр тау-кен саласындағы еліміздің жетістіктері мен келешек даму көкжиегі жөнінде әңгімеледі. Мәслихаттың әдеттегідей екінші бөлімінде журналистер бірқатар сұрақтар қойды. Онда Қазақстанда қара металл сынықтарын сыртқа шығаруға тыйым салынғаны туралы да сауал болды. «Кеше металл сынықтарын өндірушілермен бірге дөңгелек үстел өткіздік. Біз белгілі бір келісімге келдік. Үкімет қара металл сынықтарын сыртқа шығаруға тыйым салу шарасын қабылдады. Бүгінгі күні аталған шараны жыл соңына дейін ұзарту жоспарда бар. Қазір қолдағы мүмкіндіктерімізді да­мы­­тып жатырмыз. Ол индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасының алғашқы бесжыл­дығының мақсаты болды, екінші бесжылдықта да маңызын жоймайды. Біздегі өндіріс сапалы металл сынықтарын елімізде қайта өңдеуге мүмкіндік береді», деген ол, «біз қара металл құбырларының өзін 2 млн. тонна көлемінде импорттап жатырмыз. Ал арматура, түрлі бұйымдарды 1 млн. тоннаға дейін сырттан әкелеміз. Ол біздің елімізден сыртқа шығып жатқан металл сынықтары екені түсінікті. Сондықтан Металл сынықтарын өндіруші қауымдастық дұрыс бағытты ұстанып отыр. Біз оларға металды қайта өңдеу саласында Үкі­мет қолдау көрсетуге дайын екен­дігін айтып, соған қарай бағыт сіл­теп жатырмыз», деп түйіндеді сөзін. Бұдан соң бразилиялық қонақ, IBRAM тау-кен ассоциациясының президенті Жозе Фернандо Коура сөз алды. Ол Бразилияның тау-кен өнеркәсібі мен 2016 жылы Бразилияда өтетін халықаралық тау-кен конгресі туралы қысқаша мәлімет беріп өтті. «Мен қазақ­стан­дық компанияларды еліме ша­қырамын, сондай-ақ, бразилиялық компаниялар да Қазақстанға келетініне сенімдімін. Келесі халықаралық жиын 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өтетін болады. Содан кейін конгресс Қазақстанда өтеді. Осы орайда, біз, бразилиялық тау-кен секторы, конгрестің Қазақстанда өтуіне қолдау білдіреміз. Өйткені, мұндай халықаралық жиынды өткізуге Қазақстанның әлеуеті жеткілікті екендігіне сенімдімін. Сондай-ақ, Бразилия Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасты күшейте түсуге мүдделі. Мен Қазақстан бизнес-қауымдастығының өкілдерін бразилиялық әріптестерімен ауқымды кездесу өткізуге шақырғым келеді. Алып екі ел арасындағы тау-кен өндірісі компанияларының арасындағы әріптестіктің болашағына сенемін, деді ол. Жозе Фернандо Коурадан соң, сөз тізгінін PwC-ның (Price­wa­ter­houseCoopers) Орталық Азия бойынша басқарушы-се­рік­тесі Альпер Акдениз алып, «PricewaterhouseCoopers» ком­паниясының тау-кен өндірісіндегі тенденциялар жайында «Міne» атты жыл сайынғы сараптамасы жарияланғандығын жеткізді. Альпер Акдениз биылғы сарап­тамадағы маңызды фактілерге тоқталды. «Біз әлемдегі ең ірі 40 тау-кен өндірісіндегі компаниялардың нарықтық капиталдануы бойынша талдауларын қарастырамыз. Тау-кен саласына 2013 жыл өте қиын жыл болды. Өндіріс 2 есеге құлдырап, азайды. Әсіресе, алтын өндірушілер қатты зардап шекті. Өйткені, алтын бағасы төмендеп, соңғы отыз жыл ішінде бірінші рет 27 пайызға дейін азайған. Бұдан өзге де факторлар саланы құбылмалы жағдайларға байланысты әрекеттерге көшуге мәжбүрледі. Осы құбылмалылыққа қарамастан, тау-кен саласы дамушы елдер рыногына байланыс­ты ұзақмерзімдік сұраныстың негізін сақтап қала алды. Қытай рыногының ерекшелігіне байланыс­ты, бірнеше маңызды нәрселерді атап өткім келеді. Өйткені, бұл ел барлық тау-кен өндірісіндегі өнімнің 45 пайызын тұтынды десек те болады. Қытайдағы дефолт кесірінен 2014 жылдың нау­рызында мыс құны 12 пайызға төмендеп кеткен. Қытайдағы мыс саудасының мөлдірлігінің төмендігі дефолт қаупінің әлі де сейілмегендігін аңғартады. Қорыта айтсақ, аталмыш 40 жетекші тау-кен өндіруші компаниялардың рыноктық капиталдану көрсеткіші 280 млрд. долларға немесе 23 пайызға төмендеген. Алайда, бағаның төмендеуіне қарамастан, тау-кен өндірісі арта беретіндігін атап өткіміз келеді. Себебі, алтын қоры, консерватизм, дамушы елдер рыногының рөлі артып келеді. Соңғы кезде баға барометрінде байқалып жүрген тұрақсыздық пен құбылмалылық, шикізат бағасының төмендеуі кіріс әкелмейтін рудалар мен шахталарды жауып, қысқарту шараларына, өзіндік құнды төмендетуге алып келді. Бірақ өнімділік факторы біз үшін өте маңызды. Сондықтан қызметкерлер саны мен шығыстар санын қысқарту тиімді болуы мүмкін», деді. Түстен кейін шара аясында геологтардың арнайы сессиясы өтті. Онда еліміздің геология саласындағы жаңа белестері туралы әңгіме өрбіткен Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев Қазақстанда алтынның баланстық қоры 2 мың тоннаға жеткенін айтты. «Қазақстанда мемлекеттік баланс ретінде 102 минералдық шикізат бойынша пайдалы қазбалар қоры есептеледі. Оның ішінде 40 қатты пайдалы қазба түрі бар. Алтынның баланстық қоры 2 мың тоннаны құрайды», деген ол алтынның аталған баланстық қорының 76 пайызы сыртқа шығарылатынын, 19 пайызы барланып жатқанын, қалған 5 пайызы кен өндірісінде қолданылмайтынын жеткізді. Мемлекеттік баланс ретінде алтынның 321 нысаны бар. Оның ішінде 92 нысан қолданыста болса, 120 нысан барланып жатыр, ал 110 нысан резервте, деп толықтырды сөзін комитет төрағасы. Форум ашылардан бір күн бұ­рын, яғни бей­сен­бі күні конгрестің салалық, маман­дандырылған тех­нологиялық көр­месі салтанатты түрде ашыл­ды. Ашылу салтанатына Индус­трия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбаса­ры Альберт Рау қатысып, көрмені аралады. Вице-премьер 2018 жы­лы Дүниежүзілік тау-кен кон­гресі Астанада өтетіндігін жеткізіп, 2018 жылғы көрме өте ауқымды бо­лады деп ойлайтындығын жет­кізді. Ашылған технологиялық көрменің маңызы ерекше болды. Жалпы, конгрестің басты мақ­саттарының бірі тау-кен металлургия саласына ғылымның жаңа жетістіктері мен технологиялардың соңғы үлгілерін енгізіп, энергоресурстарды үнемдеуді талқылау болды. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.