Қоғам • 25 Қаңтар, 2023

«Хат қоржын»

519 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

«Ана капиталын» жасақтаған абзал

Балалар хирургі ретінде білетінім, елімізде өмірге үшем әкелетіндер тіптен де көп емес. Бір жылда шамамен елу үшем дүниеге келеді десек, елу пәтер мемлекетті шығынға батырады дегенге сену қиын. Бір сәбиді бағып-қағудың өзі оңай емес, ал үш нәрестені (әдетте үшемдер шала туады) қанаттандырудың машақаты еселене түсетіні айтпаса да түсінікті. «Жыл сайын миллиардтаған қаржы игерілмей жатқанда, үшем туған аналарға кезексіз пәтер беру үшін жарты миллиард теңге табу қиын ба екен? Тым болмаса Үкімет пен облыс әкімдерінің резервтік қорлары есебінен қаржы бөлінсе де көптеген мәселені шешуге болар еді», деген болатын осыдан біраз жыл бұрын мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Айтаханов. Өкінішке қарай, оның сөзі сол кезде де, қазір де қолдау тауып отырған жоқ.

Осындайда «Алты ұл тапқан ананы ханым десе болады» деп алтын құрсақ аналарды қадірлеген қазақ екеніміз еріксіз еске түседі. «Үкіметке алақан жаймаңдар, ол сауын сиыр емес», дейді бәзбір көпбалалы аналардан мемлекет мүддесін қорғағыш шенеуніктер. Ақиқатында жаһандану доңғалағының тас диірменіне жұтылып кетпеуіміз де халқымыздың табиғи өсіміне тікелей байланысты. Халқымыздың санын көбейту үшін ешкім бізге балшықтан бала жасап бере алмайды. Қазақтың болашағын баянды ететін көпбалалы аналар екенін еш ұмытпауымыз керек. Ең бастысы, қоғамымызда көпбалалы анаға деген қайырымсыз көзқарасты өзгерту қажет. Бір бала тапқан мен он бала тапқанның бейнеті бірдей емес. Сондықтан «Батыр аналарға» ай сайын тұрақты түрде төленетін толыққанды жалақы тағайындау керек. Осы мақсатта көпбалалы отбасыларға арналған «Ана капиталын» жасақтаған абзал. Көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін әрбір теңге ұлт болашағы үшін салынған инвестиция екенін де ұмытпайық, ағайын!

 

Әбдісабыр ӨМЕШҰЛЫ,

балалар хирургі, профессор

АЛМАТЫ

 

 

Аудан орталығының алысын-ай!

Біз сонау 1997 жылы аудандарды басқаруды оңтайландыру кезеңінен бері екі ауылдық округті – Криуши мен Үшбиікті Аягөз ауданына қосу қажеттігі туралы айтып келеміз. Селт еткен бір басшы жоқ. Расында, Криуши Аягөзден –75, ал Жарманың орталығы – Қалбатаудан 225 шақырым, Үшбиік Аягөзден – 42, ал Қалбатаудан 300 шақырым жерде орналасқан. Бұл ауылдарда 1 500 – 2 000-ның үстінде халық тұрады. Жеке бастың түрлі шаруасымен жүріп-тұру, дәрігерге қаралу, перзентханаға бару үшін аудан орталығына жетудің машақаты халықты әбден шаршатты деуіміз керек.

Осындай қиындықтар бұрынғы Таскескен ауданы оңтайлан­дырылып, жабылғаннан кейін Таскескен, Шолпан, Қарақол, Сарытерек, Ай ауылдары тұрғындарының да қынжылысын туғызған еді. Олар Үржар ауданы құрамынан шығып, қайтадан Аягөз ауданы қарамағына кіргізуді сұрап жоғары жақтарға бірнеше мәрте хат та жазды. Бірақ бұл солай екен-ау деген адам табылмай тұр...

Таскескен ауданының елді мекендері өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін Аягөз ауданының құрамында болған. Сондықтан сол 70-жылға дейін туғандар зейнетке шығарда ісқағаздарын Аягөздегі архивтерден реттеп алатын. Енді ауыл адамдарының жеке шаруасы болса да, басы ауырып, балтыры сыздаса да жол азабын тартып, ауда­н орталығы – Үржарға баруына тура келеді. Мұның машақатын Тілеген деген әріптесіміз зейнетке шығар кезде әбден басынан өткізген. «Шолпан мен Үржар арасына он рет қатынадым ғой деймін. Үржардағы бюрократ әлеуметтік сала қызметкерлері көзі ашық деген менің өзімді қанқақсатып әрі-бері қақпақылдағандарын ойласам, қаным басыма шауып, қысымым көтеріледі», деп еді ардагер журналист. Үржардағы әлеуметтік сала қызметкерлері ауылдан барған қарапайым халыққа не істемейді десеңізші!

Қазір облысымыз етек-жеңін жинап, көздеген биігіне ақырындап шығып келеді. Мұндай жағымды үдерістерге қуанамыз, әрине. Дегенмен облыстың жаңа басшысы Н.Ұранхаев халықтың проблемаларына да бір мезет назар аударып, өзінде бар өкілеттілік шеңберінде жоғарыда қозғалған түйткілді мәселені оң шешіп берсе, өте бір рахметі үлкен іс болар еді.

Сүйеубай БАЙҚАДИҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

Абай облысы

 

 

45 жылдыққа – 45 игі іс-шара

Биыл жазда Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасына 45 жыл толады. Өзінің бастауын сонау 1978 жылдың тамыз айынан алатын парасат сарайы содан бері қарай балалар мен жасөспірімдердің рухани орталығына айналып келеді. Жаңа жылдың алғашқы күндерінен бастап-ақ кітапхана қызметкерлері «45 жылдыққа – 45 игі іс-шара» аясында тағылымды көпшілік жұмыстарын бастап та кетті. Солардың алғашқысына біз де куә болдық.

Зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қала тұрғындары, студенттер мен оқушылар қатысқан жиын «Жаңа Қазақстанға – жаңа қадам» атты кітап көрмесінің ашылу салтанатымен басталды. Мұнан соң келушілер «Яссы мұрасы», «Сұлтан Бейбарыс», «Сөйлер сөздің шешені – Төле би» атты экспозиция қойылымдарын көрді. 80 жасқа толған көрнекті жазушы Төлен Әбдіктің «Оң қол» әңгімесі бойынша М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мәдениет және спорт факультетінің өнерлі жастары сахналаған көрініс те әсерлі шықты. Нармахан, Қайрат, Оралхан ағаларының жүрекжарды сөздерін жастар зейін қоя тыңдады.

Кітапхана директоры, білікті басшы Раушан Бабажанқызының айтуынан білгеніміз, қазіргі таңда кітапхана қорында 173 049 кітап, мерзімді басылымдар, аудио мәліметтер және электронды кітаптар бар екен. Өткен жылы кітапханаға жаңадан 26838 оқырман тіркеліп, оларға 275 036 дана кітап пайдалануға беріліпті. Жалпы, жыл бойын­да 117 іс-шара ұйымдастырылып, оған 6374 адам қатысқан. Қоян жылы атқарылар іс-шаралар да ауқымды көрінеді.

Негізінен 14 пен 29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарға, ұстаздар мен тәрбиешілерге, басқа да түрлі оқырмандар санатына қызмет көрсететін кітапхана қызметкерлері оқырмандарын әр кез күліп қарсы алып, ілтипатпен шығарып салады.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

еңбек ардагері

ШЫМКЕНТ