Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Осы жағымды өзгерісті қаперге ала отырып, саяси экономия маманы, ғалым ретінде әзірлеген «Ауыл» бас кластері ‒ Қазақстанның жарқын дамуының локомотиві» атты жобамды бұрынғы Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаевқа екі жыл бұрын ресми кездесу кезінде табыстағанмын. Өтініш орындалған болуы керек, осы жоба бойынша Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің басшыларынан 2021 жылдың 9 сәуірінде оң жауап алған едім. Сондықтан ауыл тағдырына бейжай қарамайтын барша қауымға осы ғылыми-практикалық жобамды еліміздің бас басылымы арқылы ұсынғанды жөн көрдім.
Кез келген әлеуметтік маңызы бар ұсыныс-жобаның ғылыми негізделуі – бұлжытпас шарт екені белгілі жайт. Сондықтан да аталған жобаның ғылыми-теориялық негіздемелері ретінде бірнеше маңызды тұжырымдамаға жүгіндік. Бұлар – «Адамзаттың орнықты даму тұжырымдамасы», «Ұдайы өндіріс теориясы», «Халықаралық экономикалық қатынастар теориясы», «Жұмылдыру экономикасы теориясы», «Кластерлік даму тұжырымдамасы». Бүгінгі таңда біршама ұмытылған осы кластерлік даму тұжырымдамасын автор өзі ұсынып отырған әзірлемені іске асырудың тікелей әдісі, құралы, тұтқасы ретінде басшылыққа алады.
Не істеу керек? Біріншіден, барлық ұлттық кластерлердің ішінен «Ауыл» бас кластері (АБК) деп аталатын бір бас (доминантты) кластерді бөле-жарып айшықтау өте маңызды. Оған барша басқа кластерлер қосалқы кластерлер (субкластерлер) ретінде жұмыс істеуі керек. Екіншіден, 10 ұлттық басымдықтың ішінен басты басымдықты бөліп көрсету қажат. Ол – «Әділетті әлеуметтік саясат» басымдығы. Үшіншіден, 10 ұлттық жобаның ішінен басты жобаны анықтау керек. Оған «Агроөнеркәсіптік кешен» (АӨК) жобасын ұсынамын. Біздің ұсынысымыз Президенттің «Агроөнеркәсіптік кешен – Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық сала» деген пікірімен толық сабақтасып жатыр.
Енді «Ауыл» бас кластерінің құрылымы және оны жүзеге асыру реті қандай деген сұраққа келейік. «Ауыл» бас кластерінің құрылымы мен жалпы жұмыс істеу реті төменде берілген конус тектес кескіндемеде айқын көрсетілген. Сегіз қырлы конустың басында ауылшаруашылығының, бүкіл агроөнеркәсіптік кешеннің өзегі, ал егер кеңірек алсақ, ұлттық экономиканың және тұтастай қоғамның іргетасы ретінде «Ауыл» орналасқан.
Конустың сегіз бүйірі «Ауыл» бас кластеріне қызмет жасап, жұмыс істейтін сегіз қосалқы кластерлеріне сәйкес келеді. Олар мыналар: «Жол» қосалқы кластері, «Электр жарығымен, газбен жабдықтау» қосалқы кластері, «Сумен жабдықтау» қосалқы кластері, «Ауыл құрылысы» қосалқы кластері, «Ауылшаруашылығы техникасы» қосалқы кластері, «Ауылшаруашылығы өндірісі» қосалқы кластері, «Ауылшаруашылығы өнімдерін сақтау, өңдеу, жеткізу» қосалқы кластері. «Ауылдың әлеуметтік және адами капиталы» қосалқы кластері.
«Ауыл» бас кластері өзінің барлық қосалқы кластерімен «синергия қағидаты» бойынша, яғни бір бағытта бірлесе үйлесімді әрекет етуі қажет. Сонымен қатар ол ұлттық басымдықтардың, ұлттық жобалардың барлық маңызды элементін қандай да бір жолмен өзіне «бағынышты» да «тәуелді» ете қабылдай отырып, өзінің жоғары мұраты мен асыл мақсатының толыққанды іске асырылуын қамтамасыз етуі тиіс. Осыдан бірнеше тұжырым-ұсыныс туындайды: Қазіргі Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешен министрлігі (АӨКМ) болып өзгертілуі орынды; АӨКМ Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігімен бірлесіп, ғалымдар мен мамандарды тарта отырып, Үкіметте бекіту мақсатында «Ауыл» бас кластері туралы ережені (немесе басқа құжатты) әзірлеуге тиіс; АӨКМ-ге оның міндеті ретінде «Ауыл» бас кластерінің қызметін бақылау және қадағалау (мониторинг), реттеу, түзету және үйлестіру жөніндегі барлық өкілеттік беріледі немесе АӨКМ-нің жетекшілігімен ведомствоаралық үйлестіруші ұйым (кеңес, комиссия) болуы шарт. Ал АБК-нің жұмысына жалпы жетекшілік жүргізу Үкіметке (салалық вице-министрге) жүктелуге тиіс.
Осы бағытта «Ауыл» бас кластерін оңтайлы да тиімді жүзеге асырудың құқықтық-заңнамалық, қаржылық, ұйымдастырушылық, ақпараттық, басқарушылық институционалдық тетіктерін жарақтау – өз алдына бөлек әңгіме.
«Ауыл» бас кластерінен күтілетін нәтижелер қандай болмақ? Енді осыған тоқталып өтейік.
Экологиялық нәтижелер. Әлемдегі озық экологияға бағытталған өндірістік және инфрақұрылымдық технологиялардың негізінде табиғат аялаушы «Жасыл Қазақстанды» қалыптастыру мүмкіндігі туады.
Экономикалық нәтижелер. Қазақстанның барлық абсолютті және салыстырмалы артықшылықтарын (ең алдымен орасан бай және алуан түрлі табиғи және ауылшаруашылығы әлеуетін) ұтымды пайдалануға негізделген және ең алдымен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйе құраушы, ресурс үнемдеуші, орнықты да синерготиімді ұлттық экономиканы қалыптастыру орын алады. Бұған қоса «акселерация» (жеделдету) және «мультипликация» (көбейту, ұлғайту) қағидаты бойынша АБК елдің ұлттық экономикасының барлық басқа базалық құрылымдарын дамытудың жетекші локомотиві рөлін атқарады.
Әлеуметтік нәтижелер. Басында алдымен ауыл, содан кейін «мультипликативтік (ілеспе-ұлғайту) әсері» қағидаты бойынша барлық ауылдан тыс, соның ішінде еліміздің қала тұрғындарының, әлеуметтік тыныс-тіршілігінің айтарлықтай жақсаруы және өмір сүру сапасы мен деңгейінің жоғарылауы орын алады.
Рухани-өнегелілік нәтижелер. Кіндігі, бесігі ауыл болып келген қазақ этносының байырғы рухани-өнегелік құндылықтарын жаңғыртуға жол ашылады.
Демографиялық нәтижелер. Ауылдың экологиялық-экономикалық, әлеуметтік-экономикалық және рухани-өнегелік тұрғыдан толыққанды дамуы ауыл еңбегі мен өмір салтының тартымдылығын, беделін арттыруға, сәйкесінше қазіргі мәжбүрлі эмиграцияны азайтуға және иммиграцияны күшейтуге, ретсіз урбанизацияны бәсеңдетуге оң әсер етеді.
Макроөңірлік нәтижелер. Геосаяси, геоэкономикалық және геоаумақтық қатынастар аясында Қазақстан қуатты және негізінен өзін-өзі қамтамасыз ететін мемлекет ретінде халықаралық қатынастар жүйесінде біртіндеп нақты егемендікке ие болады.
Жалпыөркениеттік және жалпымәдениеттік нәтижелер. Ұсынылған әзірлеме-жобаны тиімді жүзеге асыру, сайып келгенде, әлемдік адамзат қауымдастығының қазіргі және болашақ аясы мен көкжиегінде біздің отанымызды барлық жағынан бірегей және үйлесімді, өзінің абыройлы өткені, қиын-қыстау бүгінгісі және үміттенерлік гүлденген болашағы бар қоғамға айналдыратынына сенемін.
Қорытынды ретінде мынаны баса айтпақпын. «Ауыл» бас кластері қызметінің аталған болжамды нәтижелері өз кезегінде тікелей және жанама түрде Президент қойған аса маңызды міндет – ұлт сапасын жақсартуға барынша оң ықпалын тигізері хақ.
Орақ АЛИЕВ,
«Тұран» білім беру корпорациясының вице-президенті,
ЭҒА академигі